Home » Мақалалар » Зияткерлік мектеп ұстаздары Жолдауға қолдау білдірді

Зияткерлік мектеп ұстаздары Жолдауға қолдау білдірді

               Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің ұжымы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауын талқылады. Білім ошағымыздың акт залына жиналғандар алдында тарих пәнінің мұғалімі Жанат Аманғожин баяндама жасап, маңызды құжаттағы Президент басымдық берген мәселелерге қысқаша тоқталды.

            Күні бүгінге дейінгі Қазақстан халқына арналған Жолдаулардың бір-біріне ұқсамайтын, өзіндік ерекшеліктері бар. Еліміздің даму келешегін болжаушы темірқазыққа айналған ресми құжатты оқып отырып, әлеуметтік-экономикалық, рухани-мәдени мәселелерге баса мән берілетіндігін көріп жүрміз. Ал биылғы Жолдауда Отанымыздың әрбір азаматының құқының қорғалып, қауіпсіздігіне кепілдік берілетіндей жайттарға көп көңіл бөлінген. Бұл Жолдау сонысымен құнды, — деді өз баяндамасында Жанат Мұратқалиұлы.

            Баяндамашы сөзіне өз пікірін білдірген мектеп директоры Бағдан Қайыржанов Жолдаумен таныса отырып,   Президенттің бүгінгі қоғамымыздағы өмірлік маңызы бар мәселелерге ерекше назар аударғанын алға тартты.

            — Құрметті әріптестер! Мемлекет басшысының Жолдауы жай ғана айтыла салған сөз емес. Жолдау – біздің еліміздің қай бағытта дамып, жетістікке қалай жетуге болатындығын айқындаушы құжат. Биылғы Жолдауда еліміздің әр азаматы үшін өмірлік маңызы бар мәселелер басшылыққа алынды. Экономика, ауылшаруашылығы, білім, медицина, мәдениет, т.б. салалардағы жаңарулар мен жаңғырулар атап көрсетілді. Жолдау бізге жаңа міндеттер жүктейді. Президент  өз Жолдауында «Біз оқушылардың қабілетін айқындап,  кәсіби бағыт-бағдар беру саясатына көшуіміз қажет», — дегенді бекер айтқан жоқ. Біз шәкірттерімізді өз қалауына сай, өздері бейім мамандықтарға  ертеден бағыттаймыз. Дегенмен осы жұмыстарымызды алдағы уақытта да жалғастыра беруіміз керек, -деді мектеп басшысы өз сөзінде.

   Сонымен құжатта көрсетілген өзге де міндеттерді басшылыққа ала отырып, оны орындауға ұстаздар қауымын бір кісідей атсалысуға шақырды.  

Семей қаласындағы физика – математика бағытындағы

 Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.