Home » Білім және тұлға » Жүйріктен  жүйрік озар…

Жүйріктен  жүйрік озар…

Балқаш  қаласы «Жұлдыз» балабақшасында жас мамандар арасында өткен «Үздік педагог» атты сайысында бағын сынап, әріптестерінен оза шауып, бас жүлдені қанжығасына байлаған жеңімпазымыз – Марат Лиана Бекзатқызы. «Жүйріктен  жүйрік озар жарысқанда» демекші, шын мықтыны анықтайтын жүйріктер додасында жеңіске жеткен жас маманымыз жайлы сөз етпекпіз.

Лиана Бекзатқызы 1994 жылы  ақпан айының 27 жұлдызында Қарағанды облысы, Балқаш қаласында дүниеге келген. Әкесі Омаров Бекзат Маратұлы, анасы Бигельдиева Жанна Жұмағазиевна Балқаш қаласында «қазақмыс мэйкер балқаш рссу» да жұмыс істейді. Отбасында үйдің үлкені болса, артынан ерген сіңілісі мен інісі өзіне қарап бой түзеп өсіп  келе жатыр.

Лиана 2001 жылы Балқаш қаласындағы  №9 мектебінің бірінші сыныбына қадам басады. 2010 жылы оқуын тәмәмдап, Ә.Мусин атындағы Балхаш гуманитарлы техникалық коледжіне түседі.  2014 жылы оқуын аяқтап, осы жылы қаламыздағы «Жұлдыз» балабақшасына бірінші кіші «Айгөлек»  тобының тәрбиешісі болып  жұмысқа қабылданып, еңбек жолын осы мекемеден бастайды. Содан бері осы жерде қызмет істеп келе жатқанына биыл 5 жылдың мұғдары болып та қалыпты.

«Ең бірінші маған әріп пен оқуды үйретіп, қолымнан ұстап жазуды көрсеткен – Гәкку Мыңғышқызы болатын. Сол кісіні өзіме үлгі тұтып, сол кісіге ұқсағым келетін. Мінікей, бүгін арманымның бір бөлігіне жеткендеймін» — деп  қуанышын жасырмады.

Лиана Бекзатқызы – «Жұлдыз» балабақшасының үздік  педагогы. Берілген тапсырманы жауапкершілікпен орындайтын жас маман. Ересек «Қызғалдақ» тобының тәрбиешісі.  «Ең бірінші мақсатым – бүлдіршіндерге өнегелі тәрбие беру. Өнегелі, үлгілі ұстаз атану. Еңбегім мен жеткен жетістіктеріммен ата-анамды қуантып, разылығын алу» — дейді Лиана.

Еңбек жолын бастағалы аз уақыт болса да жеткен жетістіктері бір төбе.

Өз жұмысын адал және кәсіби түрде атқарып, көрсеткен жоғары деңгейі үшін 2018 жылы Балқаш қаласының білім бөлімінің алғыс хаты және «New Opportunities» ЖШС білім беру әдістемелік орталығының алғыс хатымен

марапаттаса, Тәуелсіз Қазақстанның рухани және әлеуметтік даму жолында қол жеткізген табыстары мен білім беру саласына қосқан үлесі үшін құрмет грамотасы табысталды.

2017 жылы мектепке дейінгі, жалпы орта, қосымша, техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінің білім алушылары арасында «Қош келдің, Наурыз!» қашықтықтан өткізілген интернет-байқауында «Сурет байқауы» сайысынан Жұмағалы Сабина бағын сынап, ІІІ дәрежелі дипломның иегері атанды.

2018 жылы Ғарышкерлер Күні аясында өткізілген «Ғарышқа саяхат» атты республикалық шығармашылық интернет-байқауының «Мен ғарыштың суретін саламын» атты «Сурет байқауы» номинациясында Гиннаят Азема бас жүлдені қанжығасына байлап қайтқан болатын.                                                «Күз тартуы» атты қашықтықтан өткізілген ІІ Республикалық балалар арасындағы қолдан жасалған бұйымдар сайысында «Үздік композиция» номинациясы бойынша Игенова Айлин І орыннан көрінді және т.с.с.

«Балаларды оқытумен қатар өзім де көп нәрсені үйрендім. Қанша қиын қыстау кезеңдер болса да, төзуге дайынмын. Өмір маған екінші рет берілсе де мен осы мамандық иесі болар едім» — дейді Лиана Бекзатқызы.

Жас та болса шәкірттерінің жүрегіне жол таба білген жас маманымызға алдағы уақытта жеңісті де жемісті жылдарыңыз көп болсын дегім келеді.

 

Ербол ЕРБОЛАТ
Қарағанды облысы бойынша Республикалық
«Білім айнасы» газеті мен «bilimainasy.kz» сайтының тілшісі

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.