Home » Жас қалам » Журналист болғым келеді

Журналист болғым келеді

Журналист- баспасөз, теледидар, газет-журнал арқылы қоғам өміріндегі саяси, әлеуметтік, тарихи, мәдени жаңалықтарды бірінші біліп, халыққа ақпарат таратушы болумен қатар шығармашылығы үздіксіз жетілу үстінде болатын мамандық иесі. Ол көп адамдар ойлайтындай әдемі киініп, сұлу мүсін, мінсіз бет әлпетпен теледидар бетінен бізге жаңалық тарататын немесе мәдени интелектуалдық бағдарлама жүргізушісі ғана емес. Ол күрмеулі мәселенің қызған ортасында жүріп шешімін халықпен бірге іздеуші, от пен судың ортасында жүріп ақиқатын айтушы, алыс аудандар мен түкпірлерден әлеуметтік мәселелерді жеткізіп, билік әрекетіне әсер етуші боран ба, жаңбыр ма, ми қайнатқан аптап, белуардан келетін батпақ па, көк тайғақ мұз, ақ қар ма бәрібір, ақырын күтіп бұйығып жатпайтын, елдің мұңы мен мұқтажына бірінші болып  құлақ түретін ең сергек те сезімтал жан. Мен де жураналист болудың қиындығы  мол, атқарар ісі шашетектен екенін біле тұра, осы мамандықты таңдап отырмын.  Тіпті журналистика факультетіне оқуға түсу қиын болатынын да, грант орындары аз екенін білсем де, журналист боламын деген арманым үлкен мақсатқа ұласты. Әрине мен журналист боламын деген шешімге жай келе салған жоқпын. Бала күнімнен жазуды, шешен сөйлеуді серік еттім. Өсе келе түрлі іс-шараларда жүргізуші болғанда да дауыс ырғағымды, бет қол қимылдарын алдын ала айнаға қарап, дайындық  жасаушы едім. Мектепте директордан бастап, мұғалімдер мен оқушылардан сұхбат алып, бейне-сюжеттер дайындайтынмын,  “ Жас өркен” атты оқушылар газетін де ұйымдастырып, мектеп жаңалықтарын баспасөз беттеріне ғаламторға да теріп, мектеп қала өмірінен де мақалалар жаздым. Журналист боламын деп жоғарғы оқу орнына барып, еш дайындықсыз отырмау үшін,  журналистика курстарына да жазылып, алғашқы дағды, білік алуға да тырыстым. Түрлі байқаулар әсіресе көркемсөз оқу, дәстүрлі ән айту байқауларына қатысып, сахна мәдениетімен көпшілік алдында сөйлеуімді дұрыс қалыптастыруға ұмтылдым. Ана тілімде таза, анық сөйлеу, сауатты жазуды да назардан тыс қалдырмадым, яғни журналистің үнемі іздену, жаңаны тану дағдыларын үйренуге ұмтылып жүрмін.  Алайда, осы мамандықтың қыр-сырын бүге-шігесіне  дейін үйрететін өз ісінің һас шеберлері университет ұстаздарының берер білімі мен тәлімінің орны биік, менің балаң әрекеттерімнің  әлдеқайда өзгеше екенін білемін, сондықтан да  сол нағыз шеберлерден үйреніп, мамандықтың әліппесін меңгергім келеді. Бірақ менің арманым- тек қана журналист болу емес, қоғамға керекті, елімізге еңбегі сіңер, атқарған жұмысы мен үлгі болар, нағыз кәсіби маман атану. Бүгінгі таңда өздерінің маңдай терін төгіп, қажырлы еңбектерін сіңірген  қазақ телевизиясына да алпыс жыл. Қазақ журналистикасы қазақ телевизиясынан бастау алады. Алпыс жылда талай шыңдарды бағындырған қазақ телеарнасы, алғашқы кезеңін де , бұрыннан бар кино, театр туындыларын ақпарат таратушы ретінде пайдалана отырып,  әр үйге жаңалық әкелген. Көп ұзамай заман ағымына сай телевизияның  өз туындылары  жарық көрді. Қоғамдық өмірдің, ауылшаруашылықтың, өндірістің, ғылымның, өнердің, әдебиеттің өзекті мәселелерін қозғайтын шығарылымдар әртүрлі жанрда  бой көрсетті.  Бұлардың сәттісе де, сәтсізіде жетіп артылатын. Телевизия, өмірдің өзі тәрізді, тоқтаусыз құбылыс болғандықтан, тынымсыз ізденіс толас тапқан емес. Қазақ телевизисының алпыс жылдық даму тарихында халқымыздың рухани, мәдени, қоғамдық  құндылықтарының дамуына, ұлттық сана-сезімнің қалыптасуына қосқан үлесі өлшеусіз, маңызы ерекше. Елімізде өзінің журналистика саласында қолтаңбасын қалдырған жандар жетерлік. Менің ойымша, өзіндік  бағытыңды айқындап алуға да өзіңе де,  жолбасшы керек. Қазақ телевизиясында еңбек етіп жүрген алдыңғы аға буын әпкелеріміздің ішінде үлгі тұтар жүргізушілердің бірі — Қымбат Досжан, Гүлназ Әлімгерей, Маржан Сұлтанбаева сияқты өз ісінің шеберлері болуды қалаймын. Осы кісілердің атқарған жемісті жұмыстарына қарап көкейімде “журналист қандай болуы керек ? деген  сауал туындайды. Мен бұл сұраққа былай деп жауап берер едім,  журналист — ол тек ақпарат беріп, ақпарат таратам деп емес, алған ақпаратын милиондардың қажетіне жарата білетін, соның ішінде пайдасы тиетін ақпараттарды жеткізе алатын мамандық иесі. Алайда, әр сөзіне, айтқан ойына жауап бере алатын, бойында патриоттық рух, отансүйгіштік сезімі бар, ұлтын, елін, жерін қадір тұта білетін, оның болашағы үшін күресемін дейтін тұлғалар нағыз жаурналист бола алады.  Ал біздің қоғамда журналистиканың рөлі қандай ? Осы екі ұғымды алып қарасақ, қоғам менің түсінігімше, бір-біріне тәуелді адамдар, өйткені қоғам адамның өмірін жеңілдетеді. Сол секілді, журналистиканың қоғамдағы рөлі аса маңызды. Себебі,  журналистика- қоғамды байланыстыратын түбір. Біз білетіндей, қарым-қатынассыз өмір қиындайды, ал журналистика қарым-қатынастың бір түрі. Жаханның жаңалықтарынан сыр шертетін, саясаттың ұтқыр тұстарын жайып салатын бейне-бір жаршыдай.  Халықтың ахуалын билікке жеткізу,  биліктің  пәрменін, шығарған заң-законын түсінікті тілде түсіндіріп беру, мұнан бөлек ағартушылық қызметі бар. Халықтың өресін көтеруге жұмыс істеуі керек. Ел бетіне тура қарай алатын, шындықты бүркелемейтін, халықтың үніне құлақ асатын, адамзаттың зияты мен мәдениетіне қызымет ететін, рухани жаңғырудың жаршысы. “Төртінші билік” өкілі болғым келеді. Өйткені менің өз шығармашылық үнім бар, “журналист болсам” деген асыл мұратым бар, ойластырып жүрген бағдарламалық деректерім бар, ең бастысы- халқымды, елімді сүйетін жүрегім бар!

 

          Ділдақан Майра,
Астана қаласы
№ 77мектеп-гимназиясының 11сынып оқушысы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.