Home » Білім және тұлға » Жаңа әдістер жетелесін жеңіске

Жаңа әдістер жетелесін жеңіске

Егемен Қазақ елінің білімі мен ғылымының стратегиясы, білім беру жүйесінің ұлттық білім мен тәрбие идеяларын сақтай отырып, әлемдік білім кеңістігіне кірігуімен анықталады. Қазіргі мектептердегі оқушылардың бойындағы функционалды сауаттылық пен өмірге қажетті құзырлылықтар жиынтығын дамытуға басты назар аударылып отыр. Сондықтан әрбір ұстаз жаңа кезең мұғалімінің қызметіне сай болу үшін педагогикалық үрдістің бірізділігін және оқу мен тәрбиенің біртұтастығын сақтай отырып, оқушының рухани өсуіне жағдай туғыза алатын, жаңалықтарды қабылдауға бейім, өз әрекетіне өзгеріс енгізе алатын, өзгермелі өмірге оқушыны да, өзін де даярлай білетін шығармашыл тұлға болуы тиіс. Қазіргі талаптың басты міндеті – педагог мамандардың кәсіби құзырлығын қалыптастыру мен біліктілігін үздіксіз арттыруды, ғылыми-әдістемелік қызметтің жаңашылдығын, түрлері мен әдістерін іздестіруді қамтамасыз ету, оны үйлестіре білу болып отыр. Осы мақсатта республикамызда бұрын-соңды болмаған мектеп мұғалімдері біліктілігін арттырудың үш айлық курстары жүзеге асырылуда.

Елбасымыз тарапынан  қолға алынып отырған бағдарламадан  не күтуге болады? Бұл өзгерістердің мақсаты не, қандай нәтиже әкеледі? Бұл сұрақтар бүгінге дейін менің де көкейімде жүрген сұрақтар болатын. Ал, қазір айтарым, түйгенім, бұлай оқытудың бастапқы идеясы оқушыларды дайын, жаттанды біліммен сусындату емес, керісінше логикалық  деңгейдегі, сыни тұрғыдан ойлануға түрткі болатын  сұрақтарға оқушыларды дайындау, өздерінің ойын пікірталаста еркiн айта білетін, өзі ізденіп білім ала алатын  жеке тұлғаны тәрбиелеу. Өзі ізденіп білім алып, сыни көзқарасын білдіре алатын, кез-келген ситуациядан тиімді жол тауып шыға білетін шәкірттер – ертеңгі еліміздің тізгінін ұстар, өркениетке жол бастар тұлға болып қалыптаспақ. Ендеше, іске сәт! Жаңалықты жатсынбай қабылдайық, құрметті әріптестер!

 

ОҚО. Мақтарал ауданы
«Қайнар» мектеп-гимназиясының»
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Сейдікерімова Дана Қасымханқызы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.