Home » Білім және тұлға » ЖАҚСЫНЫҢ ЖАҚСЫЛЫҒЫН АЙТ

ЖАҚСЫНЫҢ ЖАҚСЫЛЫҒЫН АЙТ

Бір жолы жұмыс бабымен Алматы облысы, Қарасай ауданы әл-Фараби атындағы дарынды балаларға арналған гимназияға жолымыз түсіп, бірнеше шебер сабақтың куәсі болдық. Қазақ тілі, орыс тілі, ағылшын тілі пәні мұғалімдерінің заманауи сабақтың керемет үлгілерін көрсеткенін баса айтуымыз керек. Қазақ «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді. Солай десек те, замандастарымыз жайлы көп айта бермейтініміз рас. Сол күні Жазықбаева Шынар Тұрсынбекқызының сабағын көріп, өз басым қатты риза болдым. 7- сынып, қазақ тілі сабағы. Сабақтың тақырыбы: «Есімдіктің сөйлемдегі қызметі». Әрине, Шынар Тұрсынбекқызы жас мұғалім емес, тәжірибесі бар маман. Сабағына немқұрайлы қарамайтыны ә дегеннен-ақ байқалды.

Сабақ бастала салып, оқушыларды топқа бөлді. Интерактивті тақтаға үлкен әріптермен жазылған «БАЙҒАЗЫ» деген сөз шықты. Мұғалім «байғазы» дәстүрінің – қазақтың ежелгі ғұрпы саналатынын, бұл салт бойынша әр адам үлкен жиынға, алқалы топқа өзінің әзірлігімен, жөн-жоралғысы, той-торалғысы мен өнерін әкелетінін, сондықтан бүгінгі сабағымыздың бірінші кезеңі «Байғазы» деп аталуы тегін емесін атап өтті. Біздің өтіп жатқан “Eсімдіктердің түрленуі” тарауы бойынша қаншалықты әзірлікпен келгендеріңді көретін боламыз», — деп сабақты бастап кетті. Одан ары 5-7 минут аралығында есімдік және оның түрлері туралы сабаққа қатысып отырған 18 баланы түгел сөйлетіп шықты. Кейде мұғалімдер «Оқушы саны көп, бәрін тексеруге мүмкіндік болмайды» деген уәж айтып жатады. Келісуге болатын сияқты, бірақ Шынарға қарап, ол ойымыздан айнығандай болдық. Ары қарай не болар екен деп отырмыз. Мұғалім бүгінгі сабақта есімдіктің сөйлемдегі қызметі туралы ақпарат алып, оны… Осы кезде тақтаға «АЛТЫН САНДЫҚ» деген жазу шықты. Оқушылар: «Алтын сандыққа салып аламыз», — деп жарыса жамырады. «Балалар, сабағымыздың негізгі кезеңі «Алтын сандық» деп аталады. Себебі, қазақтың асыл қасиетін сақтаған, асыл жүгін салған сандықты «алтын сандық» деп атайды, «алтын көмбе» десе де артық емес. Ендеше, бүгінгі тақырыпты алтын сандық қазынасына балайық», — деп түсінік бере кетті. Алтын сандыққа кәкір-шүкірді емес, өте бағалы, болашақта керек болатын заттарды салатынын білеміз. Мұғалім білім деген нәрсенің құндылығын балаларға солай түсіндіріп қойғандай көрінді. Сөйлем мүшелері, оның түрлері, сұрақтары деген мәселеде тағы да сыныптың жарымынан көбі сөйледі. Жаңа сабақты түсіндіру барысында Б. Момышұлының, Г. Гейненің, Ы. Алтынсариннің, Л. Толстойдың, М. Әуезовтің шығармаларынан алынған сөйлемдер талданды. Әр сөйлемдегі есімдіктерді тауып, сөйлемнің қай мүшесі қызметін атқарып тұрғандығын ажыратты. Оқушылардан сөйлемнің авторы туралы сұрап, олар білгендерін айтты. Мұғалім қосымша қысқаша ақпарат беріп кетті. Айтуға оңай болғанымен, оны іске асыру қиынның қиыны. Аз ғана уақыт ішінде есімдіктер, оның түрлері, сөйлем мүшелері, оның түрлері мен сұрақтары жайында оқушыларды сөйлетіп, ірі қаламгерлердің шығармаларынан алынған сөйлемдерді талдату… Соның арасында жоғарыдағы авторлар туралы ақпарат беру… Сабақтың ортасына дейін осынша жұмыс жүргізу үлкен шеберлікті қажет ететіні дау тудырмайтын шығар. Осының арасында анықтама, сөйлем мүшелерінің сұрақтарын айтуда, сөйлем талдау кезінде қателескен оқушыларды түзетіп отырды. Соңғы уақыттары оқушының қателігін бетіне баспау мәселесі жиі қозғалып жүр. Ол оқушы қате түсінікпен кете берсін деген сөз емес. Қателікті дер кезінде түзетпесе болмайды. Шынар Тұрсынбекқызы бұл мәселеге өте ұқыпты қарайтынын байқатты. Оқушылардың қателігін дер кезінде, ешкімнің көңіліне келмейтіндей түзетіп отырды. Оқушылар есімдіктердің сөйлемдегі қызметін меңгеру мақсатында оқулықпен жұмыс жасап жаттығу орындады. Үлестірме қағаздар таратылып, біреу тақтаға, біреу ауызша, енді біреу жазбаша жұмыс жүргізді. Мұғалім әр жұмысты қорытындылап, келесі жасалатын жұмысқа бағдар беріп отырды. Арасында қазақ елінің тарихына қатысты бейнебаян көрсетіліп, балалар сол бойынша есімдіктерді қатыстыра отырып, эссе жазды. Оқушылар бейнебаянның өзін белгілі бір мақсатпен көргенін айта кетуіміз керек. Бір топ бейнебаяннан «Елін сүйген Елбасына» қатысты ақпарат іздесе, екінші топ «Мен – тәуелсіз елдің ұланымын» деген мәселеге назар аударды. Ал үшінші топ «Мектебім – киелі мекенім» тақырыбында ойланды. Оқушылар эссенің жазылу тәртібін меңгерген, бірден жұмысқа кірісіп, уақыт біткенде тоқтатты. Кейбір дарынды балалар өлең шығарды. Әр топ эсселерін талқыға салып, ең үздігін топ ішінде толықтырып, сыныпқа оқып берді. Тыңдап отырғандар есімдіктерді тауып, сөйлемдегі қызметін ажыратты.

Мұғалім 45 минутта осынша жұмыс жүргізді. Сабақ мәресіне жақындағанда тақтаға «ҚАНЖЫҒА» деген сөз шықты. Бұл сабақты бекіту кезеңі екен. Шынар Тұрсынбекқызы «Қазақ елі белгілі бір сый алғанда не тарту жасағанда, мейманына береді. Сондай-ақ, аңшылар атқан аңы мен құсын жолдасының қанжығасына байлаған. Ендеше, бүгін алтын сандықтан табылған асыл қазынаны оқушы қанжығасына байлап, қаншалықты олжалы болғанын келесі кестені толтыру арқылы талдап, пысықтап жіберейік», — деп, әр топқа есімдіктердің сөйлемдегі қызметіне байланысты сәйкестендіру кестесін таратты. Оқушылар сабақ басында таратылған дескрипторлар бойынша өз білімдерін бағалап, бүгінгі алған ақпараттарын қанжығаларына байлап кетті. Бағалау кезінде қай жерде қандай қателік жібергенін мұғалімнің ескертуімен біліп отырған балалар әділдіктен аттаған жоқ. Тағы бір айта кететін мәселе – Шынар Тұрсынбекқызы критериалды бағалауда дескрипторларды қолданып жүрген мұғалім. Ол бала білімін бағалауда тапсырманы деңгейлеп бермейді, берілген тапсырманы әр бала өз деңгейі дәрежесінде орындап, бағаны өзіне өзі қояды. Ашық сабақ кезінде оған көзіміз тағы да жетті.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, Шынар Тұрсынбекқызының осы сабағын үздік сабақтар қатарына жатқызуға болады. Бір сабақта осынша жұмыс жүргізіп, сонша ақпарат беру деген үлкен нәрсе. Сабақ кезеңдеріне «Байғазы», «Алтын сандық», «Қанжыға» деп айдар таққанының өзінде терең сыр жатқанын бірден түсіндік. Бұрын естімеген мәселе болғандықтан мұғалімнен сұрап көруді жөн көрдік. Сонда оның сабақ кезеңдерін қазақтың осындай ұмытылып бара жатқан сөздерімен атап, оны балаларға меңгертуді мақсат етіп жүргенін естіп жүрегіміз жылып қалды. Ұлтжандылық дегеннің осындай кішкентай нәрселерден басталатынына кейде мән бермейтініміз-ай… Жаңартылған бағдарламада сабақ кезеңдерін «Басы», «Ортасы», «Соңы» деп бөлсе, сын тұрғысынан ойлау технологиясы бойынша «Қызығушылықты ояту», «Мағынаны тану», «Ойтолғаныс» кезеңдері деп бөледі. Әрине, Шынар оның бәрін біледі. Бізге айтып та берді. Ал Шынардың ұмытылып бара жатқан «байғазы», «қанжыға» сөздерін қайта тірілтіп, оны басқа мәнде қолдануы ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуі деп білеміз. Бұл жастарға патриоттық тәрбие беруде өз орны бар үлкен мәселе екенін баса айтқымыз келеді. Осындай ұстаздарымыздың қатары арта берсін деп тілейік. Сонда балаларымыздың білімді боларына еш күмәніміз болмас еді. Қазақтың «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейтін қағидасына сүйеніп осы мақаланы жазып отырмыз. Ал Шынарға зор шығармашылық табыстар тілейміз.

     Мухтаров Аманғали Хамидоллаулы

«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы, Алматы облысы бойынша

педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты.

«Мұғалімнің кәсіби дамуын педагогикалық-психологиялық тұрғыдан қолдау»

кафедрасының меңгерушісі.

Филология ғылымдарының кандидаты

 

 

 

 

 

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.