Home » Білім және тұлға » ЖАҚСЫНЫҢ ЖАҚСЫЛЫҒЫН АЙТ, НҰРЫ ТАСЫСЫН

ЖАҚСЫНЫҢ ЖАҚСЫЛЫҒЫН АЙТ, НҰРЫ ТАСЫСЫН

Қазақ елінде ең бірінші білімнің дәнін сепкен, алғашқы мектеп ашқан алғашқы педагог, ұстаз Ыбырай Алтынсарин: «Балаға білім беру, оқыту – оңай іс емес деп ойлаймын. Бұл кәсіппен өз ісін сүйген, балаларды жақсы көрген адам ғана айналыса алады. Ұстаз біліммен бірге тәрбие береді. Ұстаз болу үшін үлкен күш және табандылық керек. Ұстаз – пайымдау деңгейі биік тұлға. Алтынға толы қазына сияқты. Оның алтыны – білім», — деген екен. Талғамы биік, парасаты жоғары, оқушылары алтын ұстаздарымыздың бірі – 40 жыл осы салада еңбек етіп келе жатқан, Ақмола облысы Целиноград ауданы № 2 Қосшы орта мектебіндегі жоғары санатты математика пәнінің мұғалімі Айгүл Нығметқызы Тулеуова. Ұстаздық жолын Шығыс Қазақстан облысы Семей қаласы Абай ауданы Құндызды орта мектебінде математика пәнінің мұғалімі болып бастаған. Астана қаласында, Алматы қаласында, Семей қаласында, Аягөз қаласында, Көкпектіде, Жаңа Семейде, кейін Ақмола облысы Целиноград ауданы № 2 Қосшы орта мектебінде   математика пәнінің мұғалімі, интернат меңгерушісі, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары лауазымдарын атқарған.  Айгүл Нығметқызы сабақ беру мәнерімен, өзіндік көзқарасымен, жаңашылдығымен оқушыларының көкейінде жүреді. Абай ақын: «Білімдіден шыққан сөз, талаптыға болсын кез», — демекші әр оқушыға жоғары талап қойып, терең ой тастай білген ұстаз.Айгүл Нығметқызы 2012 жылы Алматы қаласы Медеу аудандық білім бөлімінен мақтау қағазын, қалалық олимпиадаға оқушыларды жоғары дәрежеде дайындағаны үшін алғыс хат, 2013 жылы Астана қаласы № 38 мектеп-лицейде  «Талапқа сай сабақ» номинациясы бойынша мақтау қағазын, 2013 жылы № 2 Қосшы орта мектебінде білімді озат оқушыларды дайындағаны үшін мақтау қағазын, 2014 жылы Целиноград ауданы әкімінің алғыс хатын,  2015 жылы Қосшы ауылы әкімінің мақтау қағазын, 2016 жылы ҚР Білім және ғылым министрілігінің алғыс хатын алған.
«Теңізді тамшысынан танығындай», ұстаз зертханасын оқушыларынан-ақ білуге болады. Оқушылары қырық жыл ішінде республикалық, облыстық, аудандық олимпиадалардың жүлдегерлері болған. Былтырғы жылғы түлектері Қазақстанның беделді оқу орындарында оқып жатыр. Әрбір баланың ішкі жан дүниесін жүзінен тани білген Айгүл Нығметқызы мінезімен ерекше. Кейде оқушыларға сыни көзбен қарап, қаталдық танытса, кейде тізгінді жіберіп, көңілі көл болатын. Оқушыларға жауапкершілікті сезіне білуді, жоғары талап қоюды, жоғары белестерді бағындыруды үйретті. Халық даналығында «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген сөз бар. Ұстаздың ұлағатын ұғынған, білімін бойына сіңірген қаншама түлектері Қазақстанның түкпір-түкпірінде білім алып жатыр. Халық даналығында «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, мен өз мектебімнің өнегелі ұстазы туралы жаздым. Мұндай ұстаздардың даңғыл жолы әрқашан жарқырап жатады.


Кенже Серікбекқызы Зәмзебай,
Ақмола облысы, Целиноград ауданы
№ 2 Қосшы орта мектебінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.