Home » Мақалалар » Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау ережелерін сақтау – баршаға ортақ міндет

Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау ережелерін сақтау – баршаға ортақ міндет

Қоғамымыздың басты мақсаты – еңбекті адамның бірінші кезектегі өмірлік қажетіне айналдыру. Ал тиімді еңбек ету үшін қызметкерлерге қажетті жағдай жасау, олардың десаулығын сақтау, еңбек жағдайының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, кәсіби сырқатты және өндірісте зақымдануды болдырмау қажет. Еңбек қорғау ғылымы осы мәселелермен, яғни еңбектің зиянсыз, қауіпсіз жағдайларын жасаудың проблемаларымен айналысады.

Қысқасы, еңбекті қорғау дегеніміз құқықтық, әлеуметтік-экономикалық, ұйымдастыру-техникалық, санитарлық-эпидемиологиялық, емдеу-профилактика, оңалту және өзге де шаралар мен құралдарды қамтитын еңбек қызметі үдерісінде қызметкерлердің өмірі мен денсаулығының  қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесі болып табылады. Демек, еңбекті қорғау ғылымы өндірістегі жазатайым оқиғалардың, кәсіби сырқаттардың, жарылыстар мен өрттің себептерін анықтап, оны болдырмаудың қажетті шараларын жасайды.

Халық денсаулығын сақтау – әлемнің кез-келген елінің маңызды мемлекеттік міндеті болып табылады. Қызметкердің денсаулығы мен еңбек ету қабілетінен айырылуы медициналық, әлеуметтік, экономикалық және демографиялық проблема болып табылады. Қызметкердің еңбек ету қабілетінен жартылай немесе толығымен айырылуы оны негізгі тіршілік көзінен – еңбек ету қабілетінен айырады. Бұл жалақысынан айырылуына, соның салдарынан материалдық жағдайының нашарлауына әкеледі. Осылайша, қызметкер мен оның отбасының әл-ауқатына, тұрмыс деңгейіне, біліктілік және географиялық ұтқырлығына ықпал етеді.

Еңбек қауіпсіздігі мен гигиенасы мәселелерін қоғамға анағұрлым кеңірек насихаттау және қатерлілігі мен зардаптарын түсіндіруге ықпал ету мақсатында Халықаралық еңбек ұйымы (ХЕҰ) әлемдегі адам өліміне әкеп соққан өндірістік жарақаттану жағдайлары туралы деректер жинақтау бойынша кең ауқымды іс-шара өткізді.

Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) дерегі бойынша дүние жүзінде жыл сайын орта есеппен 50 миллион немесе күніне 160 мың жазатайым оқиғалар болып тұрады.

ХЕҰ-ның мәліметтері бойынша әлемде жыл сайын 2 миллионнан астам өндірістегі өлім жағдайлары, өндіріспен қатысты 160 миллион ауру, 270 миллион жазатайым оқиға тіркелді. Соның салдарынан 1 триллион доллардан астам мөлшерде шығын шығады, бұл ЖІӨ шығынының 4 пайызын құрайды.

Бүкіл Жер бетінде, оның ішінде республикамыз да да жыл өткен сайын адамның өмір сүру ортасының жағдайы қиындап, осы мәселелер күрделеніп келеді.

Апаттар көбейді, адамдар өміріне тікелей қауіп төндіретін қылмыстар азаймай отыр. Жер шарында, сол сияқты республикамызда да, экология нашарлады. Адамдардың жарақат алуы көбейіп келеді, жыл сайын жүздеген адамдар қаза болып, мыңдағаны жарақат алып, мүгедек болып жатыр.

Міне, осы қиын жағдайлардың салдарынан адамзат өздері-ақ азайтуына болады. Ол үшін сақтық және қауіпсіздік ережелері мен нормаларын күнделікті орындап отыруы керек. Адам шығынының болып жататындығының бір себебі, олардың алған жарақатының ауырлығы емес, дер кезінде және алғашқы дәрігерлік көмекті көрсете білмеуде де болып тұр.

Бүгінде адамдар қауіпті қиын жағдайларға көптеп ұшырайды немесе сондай жағдайлардың куәгері болып жатады. Мұндай жағдайда тек жедел көмек көрсете білу ғана қиындықтан шығаруға көмектеседі.

Жыл сайын ТМД елдерінде өндірісте 6 мыңнан астам адам қайтыс болады. Әрбір бесінші қызметкер еңбекті қорғау бойынша нормалар және ережелер талаптарға сай келмейтін жағдайда еңбек етеді. Авариялар, апаттар, өрт, жазатайым оқиғалар, кәсіптік аурулардың салдарынан мемлекеттер көп шығынға ұшырайды. Ал жазатайым оқиғаларға байланысты асыраушыларынан айрылған адамдарға келтірілген моральдік нұқсанды еш нәрсемен салыстыруға келмейді.

Қазақстанда соңғы бес жылда жыл сайын шамамен 2,5 мың жазатайым оқиға тіркеліп отырады, оның ішінде өндірісте 350-400-ге жуық адам опат болғаны бар.

Мемлекеттік еңбек инспекциясының мәліметтері бойынша Қазақстан Республикасында жалпы өндірістік жарақаттанудың жиілік коэффициенті 2006-2011 жылдар аралығында 1000 жұмысшыға шаққанда 1,3 есеге төмендеп, 2011 жылы 0,48 (2247 адам) құрады.

Өндірістік жарақаттанудың жиілік коэффицентінің төмендеуіне қарамастан, өндірістегі жазатайым оқиғалар салдарынан көз жұмған адамдар саны жоғары деңгейде қалып отыр. 2006-2011 жылдар аралығына орташа алғанда опат болған адам саны жылына 400 (470, 408, 404, 346, 365 және 332) құрайды.

Жазатайым оқиғалардың негізгі себептері: өндірістік жұмыстардың дұрыс ұйымдастырылмауы; көлік құралдарын, жабдықтарды пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарының бұзылуы; жеке қорғану құралдарын қолданбау; зардап шеккендердің еңбекті қорғау бойынша ережелер және нұсқаулықтарды, жұмысты қауіпсіз жүргізу әдістерін жеткілікті білмеуі және өкінішке орай, жұмысшылардың өздерінің өндірістік және еңбек тәртібін бұзуы болып табылады.

Мемлекеттік еңбек инспекторлары объектілерде анықтаған заң талаптарын бұзушылық тізіміне жабдықтың қанағаттанарлықсыз күйі, жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етудің нашарлығы, тиісті бақылаудың болмауы, арнайы оқытудан өтпей жұмысқа кіру сияқты жағдайларды кіргізуге болады.

Жұмыс берушілердің жалпы еңбек заңнамасы талаптарын сақтау жағдайын талдау заң бұзушылықтардың 40,1% (40433) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша екенін көрсетіп отыр.

Жұмыс берушілердің жіберген заң бұзушылықтарының ең үлкен еншісі қауіпсіз еңбек жағдайларын, оның ішінде салалық және техникалық нормативтерді қамтамасыз ету бойынша – 18%, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау стандарттарын қамтамасыз ету бойынша – 16%, сондай-ақ еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша оқыту және нұсқау беруді ұйымдастырудың жеткіліксіздігі – 24% және т.б. заң бұзушылықтарға келеді.

Өндірістік жарақаттануды оқиғалардың түрлері бойынша қарастыра отырып, жұмысшылар көп жағдайда биіктен құлау салдарынан (құрылысшылар) қайтыс болатыны байқалды – 25-28% шақты, технологиялық процестің бұзылуынан (кеншілер) – 18-20% шақты, ал өндірістегі жазатайым оқиғалардың ең көп пайызын зақымданушылардың өздерінің байқаусыздығы құрайды – 33%-ке дейін.

Жарақаттану бойынша өңірлер бөлінісіндегі мәліметтерді сараптасақ, жарақаттану қаупі бар өндірістер, сондай-ақ тау-кен өндірісі және құрылыс кәсіпорындары шоғырланған Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстары мен Астана, Алматы қалаларындағы жағдай алаңдатушылық тудырады.

Өндірістік жарақаттануды өңірлер бойынша сараптау белгілі бір жағдайда салыстырмалы сипатта болады, себебі жекелеген облыстардың өңірлік ерекшеліктері, оның ішінде экономикалық қызмет түрінің құрылымы бойынша ерекшеліктері ескерілмейді.

Халықаралық еңбек ұйымы 1989 жылдың 28 сәуірінде канадалық, американдық жұмысшылардың бастауымен өндіріс орындарында қайғылы жағдайға душар болған, жарақаттанған жұмысшы өкілдерін еске алу, олардың әлеуметтік қорғалуын үкімет тарапынан қолдау жөнінде бастама көтерілді. Бұл ұсынысты бүкіләлемдік ерікті кәсіподақ мақұлдап, қазіргі уақытта барлық елде осы күн айрықша маңызға ие болып келеді. Ал 2003 жылдан бері 28 сәуір – Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні ретінде Халықаралық еңбек ұйымының шешімімен әлемнің әр түпкірінде аталып өтуде.

Қазіргі таңда Елбасы Жолдауындағы және «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық  мақаласындағы басты бағыттардың бірі – еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласына ерекше көңіл бөліп, оның орындалуы жөнінде Үкімет тарапынан нақты шаралар жасалуда.

Еңбек қорғау мәселелері Қазақстан Республикасы Конституциясында, Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінде, кәсіпорынның еңбек қорғау қызметі туралы ережесінде айқындалған.

Мысалы, Қазақстан Республикасы Конституциясының 24-бабында әркімнің қауіпсіздік пен тазалық талаптарына сай еңбек ету жағдайына, еңбегі үшін нендей бір кемсітусіз сыйақы алуына, сондай-ақ жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғалуға құқығы бар деп тұжырымдалған. Осы тұжырым басшылыққа алынып, 2007 жылы 15 мамырда Қазақстан Республикасында тұңғыш рет Еңбек кодексі енгізілді. Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінде қоғам мен мемлекет мүддесі үшін ұйымдастырылған еңбек қызметінің кез келген түріне қатысушылар еңбекті қорғауға құқылы деп атап көрсетілген.

Еңбек қауіпсіздігін қорғау саласында басшылардың, сала мамандарының біліктілігін тексеру, оларды оқыту, арнайы сертификат алу шаралары, оған жұмсалатын қаржы көздері ұжымдық шартпен айқындалып, нақты орындалып отыруы тиіс.

Бірінші кезекте әр сала бойынша нұсқамалық ережелер жасау, онымен таныстыру мекеменің тікелей басшысының міндеті болып саналады. Адам құқығы, оның қорғалуы жөнінде әрбір мекеме басшысы қатаң тәртіп орнатып, қауіпсіздік шараларының бұзылуына жол бермеуі керек.

Сайып келгенде кәсіпорынның ең құнды ресурсы – адамдар. Ал мекеме басшысының міндеті – олар үшін қолайлы еңбек жағдайын жасау.

Жақыпова Жайна Жақыпқызы

Қызылорда облысы, Шиелі кенті

Шиелі индустриалды-аграрлық

колледжінің оқытушысы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.