Home » Білім және тарих » Ескерткіштер тарих сырын ашады

Ескерткіштер тарих сырын ашады

Қазақ елінің тәуелсіз мемлекет ретінде нығаюы жолында маңызды қадамдар жасалды, мұқым қазақстандықты ұлт ретінде ұйыстыру, елдің еңсесін заман ағымына сай тіктеу мақсат-міндеттері алдыңғы орындарға қойылып отыр. Халықтың рухани жаңғыруына назар аударылып, тарлан тарихымызды зерделеу бойынша бірқатар жұмыстар жүзеге асырылуда. Ел аумағындағы тарихи-мәдени ескерткіштер мен нысандар қайта жаңғыртылды.
Тарихи-мәдени ескерткіштер демекші, Семейде, 18 сәуір — Халықаралық ескерткіштерді және тарихи орындарды қорғау күніне орай, «Тарихи ескерткіштер – ұлт құндылығы» атты әдеби-танымдық кеш ұйымдастырылған болатын. Облыстық тарихи-өлкетану музейінде болып өткен мерекелік шара қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қолдауымен, Назарбаев Зияткерлік мектебінің жанындағы жатақхана ұжымының ұйытқы болуымен аталып өтті.

Тарихқа көз жүгіртсек, айтулы мерекені әлемдік деңгейде тойлауды 1984 жылы ЮНЕСКО жанынан құрылған Халықаралық ескерткіштер мен көрнекті орындарды қорғау мәселелері жөніндегі кеңес ассамблеясы 18 сәуірге бекіткен. Бүгінде осы ұйымға әлемнің 175 мемлекеті кіреді. Республикамыз бойынша тарихи-мәдени ескерткіштердің саны 25 мыңнан асып жығылады. Семейде мемлекеттің қарамағына алынған республикалық және жергілікті маңызға ие 67 тарихи-мәдени ескерткіш бар. Соның ішінде 32-сі — қала құрылысы және сәулет, 16-сы — монументалды өнер, 19-ы — тарихи ескерткіштер. ҚР Үкіметінің 2008 жылғы 21 наурыздағы қаулысы бойынша, 7 ескерткіш республикалық маңыздағы тарихи жәдігерлердің тізіміне еніп отыр.
— Киелі Семей жерінде өткенімізден сыр шертетін, дара тұлғалар өмірінен тың мағлұмат беретін тарихымыздың өшпес бір бөлігі іспеттес ғимараттар мен ескерткіштер жеткілікті. Бұл — кейінгі өскелең ұрпаққа танымдық-өнегелі тәрбие беретін мәдениеттің қайнар бұлағы. Әдеби-танымдық кешіміздің басты мақсаты – жас ұрпақты тарихи құндылықтарымызбен таныстыру, тарихи ескерткіштеріміз бен мәдени мұраларымызды қастерлеп сақтауға, құрметтеуге шақыру,-дейді шараны ұйымдастырушы Салтанат Мұқатаева.
Мерекелік жиынға қатысқан Семей қаласы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі басшысының орынбасары Юрий Пазына сөз алып, жиналған көпшілікті мерекемен құттықтады.
Иә, тарихи-мәдени ескерткіштер – ұлттық тарихымыз бен мәдениетіміздің құнды жәдігерлері. Ескерткіштер әр елдің тарихы мен өткенінен сыр шертер халықтың ұлттық байлығы ғана емес, келешек ұрпаққа тәлім-тәрбие беруде де маңызды рөл атқарады. Бүгінгі жастарды өңірдің тарихи-мәдени орындарымен, сәулет ескерткіштерімен таныстыру, оларды құрметтеуге, зерттеуге баулу мақсатында өткен танымдық кеште өнер, білім сайыстарының жеңімпаздары, физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары Абайдың әндерін әуелете шырқап, өлеңдерін оқыды. Қалалық Мәдениет сарайының әншілері әннен шашу шашты. Шара соңында шәкірттерімізге өлкетану музейінің экспозициясы таныстырылып, тақырыптық экскурсия жүргізілді.

Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы
Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.