Home » Жаңалықтар » ЕРЕКШЕ БІЛІМ БЕРУГЕ ҚАЖЕТТІЛІГІ БАР БІЛІМ АЛУШЫЛАРДЫҢ  КОММУНИКАТИВТІК ДАҒДЫЛАРЫН ДАМЫТУ ТӘСІЛДЕРІ

ЕРЕКШЕ БІЛІМ БЕРУГЕ ҚАЖЕТТІЛІГІ БАР БІЛІМ АЛУШЫЛАРДЫҢ  КОММУНИКАТИВТІК ДАҒДЫЛАРЫН ДАМЫТУ ТӘСІЛДЕРІ

Қазіргі таңда барлық әлем жұртшылығының назарын аударып отырған мәселе – балалардың жеке сұраныстары мен ерекшеліктеріне ортаның, отбасының қатысуымен білім беру үдерісіне толық қосуды қарастыратын инклюзивті білім беру. Демек, инклюзивті білім беру дегеніміз не? Ол – балалардың жынысына, жас ерекшеліктеріне, географиялық тұратын жеріне, қимыл-қозғалыстық және ақыл-есінің әрі экономикалық жағдайына қарамастан сапалы білім алу, өздерінің әлеуетін дамыту мүмкіндігіне ие болу. Сол себепті де мемлекетіміздің алдында тұрған негізгі мәселелердің бірі – ерекше білім беруге қажеттілігі бар білім алушыларды қоғамдық ортаға бейімдеу, әлеуметтік өмір шеңберінде тең құқылы тіршілік ете алуларына жағдай жасау. Инклюзивті білім беру («білім баршаға») бағдарламасы мектепке дейінгі оқу орындарында, мектепте және мектеп өміріне белсене қатысуға тиісті барлық балаларға мүмкіндік береді. Аталған бағдарлама БҰҰ-ның бас Ассамблеясы мақұлдап, БҰҰ-ның Конвенциясында 2006 жылдың 13 желтоқсанында енгізілген болатын. Инклюзивті білім беру мәселесі шет елдерде 1970 жылдан бастау алса, ал 90 жылға қарай АҚШ мен Еуропа өздерінің білім беру саясатына бұл бағдарламаны толықтай енгізді. Бүгінде біздің елімізде инклюзивті білім беру жүйесінің дамуы, инклюзивті білім беруді психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу туралы ресми деректер бойынша алдыңғы бағдарламаның жалғасы ретінде Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 1 наурыздағы № 205 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында да «Қазақстан 2016 жылы Білім беру саласындағы кемсітушілікке қарсы күрес және Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияларды ратификациялады. Конвенциялардың барлық ережелері елдің заңнамасында, оның ішінде “Білім туралы” Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген. Толық теңдік негізінде әрбір білім алушының қабілеті мен ынтасына қарай барлығына сапалы білім алудың қолжетімділігі қазақстандық білім берудің барлық деңгейлерінде іске асырылады» деп, айырықша көрсетілді [1]. Олай болса,  инклюзивті оқыту барысында енгізілген өзгерістер тиімді болса, онда ерекше қажеттіліктері бар білім алушылардың жағдайлары да өзгеретіні белгілі. Мектеп ерекше білім беруге қажеттілігі бар білім алушылар үшін «өмірлік орнын толтырудың» тәрбие «институты» болуы керек. Білім алушыларды оқуға, жазуға, есепке, еңбектенуге оқыта-үйрете отырып, бірлестік қарым-қатынасын, мәдени тәртіп ережелерін үйренуін, әртүрлі әрекетте икемдерін қалыптастыру маңызды болып табылады. Бастауыш сыныпта инклюзивтік білім беруді ұйымдастыруда мүмкіндігі шектеулі баланы жалпы білім беру үдерісіне кіріктірудің үш кезеңдік моделі ұсынылған:

  1. Дайындық кезеңі;
  2. Білім беру үдерісіне жартылай кіріктіру;
  3. Білім беру үдерісіне толық кіріктіру [2].

Ерекше білім беруге қажеттілігі бар баланың жоғарыда айтылған бір кезеңнен екінші кезеңге ауысуында нақты шарттар бойынша олардың дайындығы ескеріледі. Соның бірі – қарапайым коммуникативтік дағдысының болуы.

Коммуникативтік әдіс – жеке тұлға мен мұғалімнің тікелей қарым-қатынасы арқылы жүзеге асатын, белгілі бір тілде сөйлеу мәнерін қалыптастыратын, тілдік қатынас пен әдістемелік категорияларға тән басты белгілер мен қағидалардың негізгі жүйесінен тұратын, тіл үйретудің тиімді жолдарын тоғыстыра келіп, тілді қарым-қатынас құралы ретінде іс жүзінде жүзеге асыратын әдістің түрі. Осыған орай коммуникативтік оқыту тілдік әрекеттің барлық түрінде – тыңдалымда, айтылымда, оқылымда, жазылымда қалыптасады.

Лингвистикалық және әдістемелік әдебиеттердің көпшілігінде сөйлесім әрекетін төрт түрге бөліп қарастыру тұрақты орын алған. Олар: сөйлеу, оқу, жазу, түсіну.

Тілдің қызметі, сөйлесу қағидасы — білім алушыларды жаңа сөздерді, сөз тіркестерін, грамматикалық ережелерді дұрыс қолдануға үйрету. Десек те ерекше білім беруге қажеттілігі бар білім алушылардың сөйлеу тілін дамыту орасан зор жұмысты қажет етеді. Уақытылы дұрыс, таза сөйлеуді меңгерту  – баланың толыққанды тұлға ретінде қалыптасуында маңызды мәнге ие. Тілдік қабілеті жақсы дамыған адам қоғамдық қатынасқа жеңіл енеді әрі өз ойларын, туындаған сұрақтарын түсінікті етіп жеткізе алады. Ал түсініксіз сөйлеу қоршаған ортамен өзара қатынасты барынша қиындатады, тіпті адам мінезіне де өз әсерін тигізеді, өзіне деген сенімділігін жоғалтады. Сөйлеу тілінің бұзылуы білім алушылардың таным қабілеттерімен тығыз байланысты. Білім алушылардың зейіні тұрақсыз, ойлау және есте сақтау қабілеті төмен, кез келген жағдайда тез шаршағыш болып келгендіктен, бұл санаттағы балаларды оқу үдерісіне тартып, қызығушылығын арттыру және коммуникативтік құзыреттілігін дамытуда төмендегідей әдіс-тәсілдер жүзеге асырылады:

  • Сұрақ-жауап әдісі;
  • Диалогтік оқыту әдісі;
  • Қатысымдық әдіс (тіл үйренушілер мәтінді таспаға жазып, қайта тыңдап, негізгі таспамен салыстыра отырып, айтылым дағдысын қалыптастырады);
  • Жазылым (тақырыпқа байланысты мәтінмен жұмыс). Бұл тәсілдер

коммуникативтік құзыреттіліктің алғашқы баспалдағы болып есептеледі. Себебі аталған жұмыс түрлерін мұғалімдер, арнайы мамандар барлық сабақта мүмкіндігінше қолдана алады.

«Тілдесім – адамдардың қоғамдық-әлеуметтік өмірде бір-бірімен тіл арқылы қарым-қатынасқа түсіп, өзара пікірлесуінің нәтижесінде бірінің ойын бірі ауызша да, жазбаша да түсінуі және оған жауап қайтаруы» [3] деп айтылғандай, ерекше білім беруге қажеттілігі бар білім алушылармен сөздік жұмысын жүргізу, белсенді оқыту мен оқу әдістерін пайдалану арқылы да тілдік дағдыны дамытуға болады. Коммуникативтік дағдыны дамытатын сұрақ-жауап әдісін қолдану білім алушыларды айналасындағы заттармен таныстырып, атын атай білуге («Мынау кім? – Бұл – бала»; «Мынау не? Бұл – үй»), қасиеті мен сапасын, түр-түсін және пішінін ажырата алуға («Мынау не? –Алма», «Алманың түсі қандай? –Алманың түсі – қызыл», «Алманың көлемі қандай? –Дөңгелек»), өмірдегі және қоршаған ортадағы түрлі құбылыстар жайындағы ұғым-түсініктерін дамытуға («–Ауа-райы қандай? Жаңбырлы/Ашық», «Жаңбыр қайтті? Жаңбыр жауды») әрі тілдік қарым-қатынас жасай білуге үйретуге болады («–Досыңмен амандасқың келе ме? – Иә», «–Қалай амандасар едің? –Сәлем!). Осы бағытта орындалған әрекеттер білім алушының коммуникативтік дағдыларының, яғни сөйлеу тілінің дамуына ықпал жасайды. Біртіндеп мұғалім мен оқушының сұрақ-жауап әдісі арқылы да өзара диалогқа түсуі қатысымдық іс-қимылды белсендіруге әкелетіні, қарапайым сөйлемдерді, 3-4 сөзден тұратын жай сөйлемдерді айтуға жетелейтіні сөзсіз.

Ерекше білім беруге қажеттілігі бар білім алушылардың сөздік қорларын дамыту ісінде жаңа сөздерді меңгерту, оқу барысында үйренген сөздерін тиянақтап, анықтап әрі байытып отыру қажет. Мұнда білім алушылардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, тыңдалым және айтылым дағдысын дамыту мақсатында оқулықтағы немесе оқулықтан тыс адамгершілікке үндейтін, сана-сезім мен ақыл-ойды оятатын ертегі, шағын мәтіндерді тиімді пайдалана білген орынды. Алдымен, білім алушылармен сөйлеу әрекетін жүзеге асыру барысында өздеріне таныс ертегі кейіпкерлері туралы не білетіндіктерін анықтап алған дұрыс. Сонан кейін ол кейіпкерлер не үшін және қандай іс-әрекеттері арқылы ұнағаны жөнінде шағын әңгіме жүргізген жөн. Келесіде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдаланып, ертегінің бейнежазбасын көрсету әрі тыңдату арқылы ерекше білім беруге қажеттілігі бар білім алушылардың жүрегіне жол табуға болады. Ертегі мен әңгімелердегі («Мақта қыз бен мысық», «Бір уыс мақта», «Шалқан» т.б.) кейіпкерлердің тапқырлық, айлакерлік, шыдамдылық, батылдық әрекеттері мен аңқаулық мінездері білім алушыларды таң-тамаша қалдырып, сүйсіндіріп және талғамын күшейтіп, байланыстырып сөйлеу мәдениетін дамытып, өз ойларын жүйелі жеткізе білуге үйрететіндігі анық [4]. Мысалы, ертегі-әңгіме мәтіндерімен жұмыс жасамас бұрын білім алушылармен жеке қарым-қатынасты дамытуды, тілдік сөйлесімге әкелуді «Ертегілер сыр шертеді», «Мен табиғатты сүйемін!», «Жан-жануарлар – менің досым», «Кейіпкерлер әлемі», «Сиқырлы сандар» т.б. арнайы дайындалған танымдық бұрыштарға серуендету арқылы жүзеге асыруға болады. Сонымен бірге бояуы қанық, жаңа 3d үлгісіндегі суреттерді, яғни қолмен ұстап, көзбен көріп жүрген заттарын қайтадан еске түсірту арқылы жеке сөздер мен сөз тіркестерін өздігінен айта білуге де машықтандыру керек. Сонда ғана білім алушылардың ертегі-әңгімелердегі ойды білдіру үшін сөздік қоры дамиды. Сөздік қоры жетілген білім алушының зейіні, көру және есту, образды ойлау, байқампаздық қабілеті қоса дамитындықтан келешекте сөзді түсіну әрі оны орынды қолдана білу және өздігінен сөйлем құра алу дағдысы артады.

Ерекше білім беруге қажеттілігі бар білім алушылармен қарым-қатынас жасаудың тағы бір тиімді тәсілдерінің бірі – ол жеке-дара жұмыс. Себебі әр бала өзіне жақын адамның жылылығын сезіне білуі керек. Жеке-дара қарым-қатынас – біріншіден, білім алушыға әсер ету арқылы оны танып-білу, екіншіден, нәтижелі оқыту үшін баланың жұмыс істеу қабілетін анықтау. Қабілеттің өте төмен болуы балалардың оқуға, өзара әрекеттістікке деген ынтасын төмендететіні белгілі. Сондықтан да жеке қарым-қатынас жасау арқылы білім алушының «ішкі уәжін» ояту және өзіне деген сенімін арттыру барысында оның дамуына әсер етуге болады. Демек, балаға жеке-дара қарым- қатынасты қандай әдістер арқылы жүзеге асыруға болады? Атап айтқанда, жаңа материалды қабылдауы қиын балаларды дер кезінде қолдау әрі көмек көрсету; өздік жұмыс тәсілдерін енгізіп, өз бетінше жұмыс жасауға дағдыландыру; оқыту мен оқу үдерісін жоспарлауда әр баланың қабылдау, түйсіну, айналасына назар аудару қабілетін есепке ала отырып, дербес оқу тапсырмаларын дайындау бағытында жүзеге асыруға болады. Жеке-дара оқыту өте жауапты және көп еңбекті, бақылауды қажет ететін жұмыс. Ол үш кезеңнен тұрады:

1-кезең. Білім алушылардың әр түрлі тобын бөліп алу:

А) берілген уақытта материалды әр түрлі қабылдауы;

Ә) жұмыс істеу қабілеті және жылдамдығы,

Б) ойлау, қабылдау, түйсіну ерекшеліктеріне қарай.

2-кезең. Жеке жұмыстарды қарастыру немесе жинақтау. Олар өзара әр түрлі тапсырмалардан тұрады.

3-кезең. Бұл жұмыстардың нәтижесін бақылап отыру, мониторинг жүргізу. Жоғарыда аталған жұмыстардың нәтижесін қадағалау, бақылау болмаса, жеке-дара жұмыс еш нәтиже бермейтіні анық.

Бүгінде оқу үдерісін ұйымдастыруда ерекше білім беруге қажеттілігі бар білім алушыларды оқытуды саралап оқыту тәсілінің де тиімділігі жоғары десек те болады. Саралап оқыту тәсілі – білім алушылардың әртүрлі топтары үшін оқу үдерісін мамандандыруды, білім алушылардың ерекшеліктерін есепке алу мақсатында әртүрлі топтар үшін әртүрлі оқыту жағдайларын жобалайды. Саралап оқыту тәсілі әртүрлі білім алушылар тобының оқу әрекетін ұйымдастыру үшін арнайы оқыту әдістерін және іс-әрекеттерді саралау тәсілдерін кіріктіреді. Күрделілігімен, оқу-танымдық қызығушылықтарымен, мұғалім тарапынан көмек сипатымен ерекшеленетін сараланған тапсырмаларды қолдану – сараланған оқу іс-әрекеттерін ұйымдастырудың шарты болып табылады Онда сыныпта саралап оқыту тәсілін қандай жолдармен ұйымдастыруға болады? Әрине, ерекше білім беруге қажеттілігі бар білім алушыларға тапсырманы түрлендіре отырып қолдану,  дереккөздерді іріктеу, сыныптағы оқушыларды  әртүрлі жағдайда топқа бөлу арқылы және қарқынына (жылдам, баяу) байланысты саралап оқыту да өз мүмкіншілігін арттырмақ. Барлық оқушы тапсырманы орындаса да, олардың нәтижелері әртүрлі болады. Мұндайда мұғалім тек «дұрыс жауап беруге» ғана мән бермеу керек, керісінше, білім алушылардың мықты не әлсіз тұстарына қарай кері байланыс берген жөн. Себебі ең төмен деген оқушының да өз артықшылығы болады. Ерекше білім беруге қажеттілігі бар білім алушыларға тапсырманы орындауда жан-жақты көмек көрсету, қолдау қажет болатындықтан, бұл жағдайда ойланту үшін немесе бірқатар жауаптар алу үшін сұрақтар қоюға болады. Сөзбен қолдау, ынталандыру да маңызды рөл атқарады. Қолайлы оқу үшін адамдарға кері байланыс пен мадақтау қажет, сонда ғана баға ізгі болады. Расында да мұғалім-оқушы, оқушы-оқушы қарым-қатынасын жүзеге асыруда әр мұғалім ерекше білім беруге қажеттілігі бар білім алушыларды алға басуға жетелеу үшін қалыптастырушы бағалауды да орынды қолданғаны дұрыс. Педагогикалық үдеріс жақсарту, түзету, табысты арттыруды қолдайтын әмбебап үдеріс болғандықтан, білім алушының қажеттілігіне қарай саралау да, бағалау да өзгертіліп отырылуы тиіс.

Қорыта келе, білім беру үдерісінде білім алушының жеке дамуын психологиялық-педагогикалық қолдау – баланы табысты оқыту үшін жағдай жасау бойынша сынып жетекшісінің, әлеуметтік педагогтың, психологтың, пән мұғалімдерінің, әдіскерлердің және тағы басқа кәсіби әрекеттер жүйесі.  Педагог-жазушы Жүсіпбек Аймауытов «Мұғалім істеген ісі өнімді, берекелі болуын тілесе, әуелі өз қызметін шын көңілмен жақсы көрсін» деген екен. Олай болса, өз мамандығын шексіз сүйе білген маман иесі ғана үздіксіз ізденіс пен табандылықтың арқасында жеке тұлғаның болашағына дұрыс бағыт көрсетері сөзсіз.

 

 

Тойымбекова Жұмагүл Бейсембековна
«Өрлеу» БАҰО» АҚФ Қарағанды облысы бойынша ПҚ БАИ білім беру үдерісін психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу
кафедрасының аға оқытушы

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.