Home » Білім және тұлға » Білім саласының үздігі

Білім саласының үздігі

«Өмірде осындай ұстаз болып қалыптасуыма, жетістіктерге жетуіме әкемнің үлесі мол. Әкеміз өте білімді, ізденімпаз адам болатын. Сонда бізге: «Жаныңдағы адамдарға кеңпейіл, мейірімді болыңдар. Барлығына қол ұшыңды созып, жақсылық істеңдер. Күнде кешке бүгінгі істеген ісіңе өз-өздеріңе есеп беріп үйреніңдер» деп үйретті. Бүгін де біз әкеміздің айтқан ақылын қаперімізден шығармай орындап келеміз» дейді Рабиға ұстаз. Ұстаздар әулетінде дүниеге келіп, ұстаздық жолды жалғап келе жатқан құрметті жан Мұқамеди Рабиға Секербайқызы жайлы сөз етпекпіз.

Рабиға Секербайқызы 1962 жылы мамыр айының 10 жұлдызында Балқаш қаласында дүниеге келген. Әкесі Мұхамедиев Секербай Әмірешұлы Ұлы отан соғысына қатысқан. «Даңқ» орденінің иегері. Соғыстан кейінгі жылдары бухгалтер-финансит болып қызмет атқарады. Анасы   Ә.Бөкейхановтың інісі, Смахан төренің қызы – Бөкейханова Сәуле Смаханқызы. Ұзақ жылдар бойы биология пәні сабағынан дәріс беріп, отбасында төрт баланы өсіріп жеткізген.

1969 жылы Балқаш қаласындағы  Абай атындағы №2 мектептің бірінші сыныбына қабылданады. Содан  1979 жылы мектепті тәмәмдап, Алматы қаласындағы С.М.Керов атындағы университеттің химия факультетін оқуға түсіп, 1984 жылы аяқтап шығады. Оқуын аяқтаған соң осы жылы өзі оқыған Балқаш қаласындағы Абай атындағы №2 орта мектепке келіп, еңбек жолын осы мекемеден бастайды . Осы мекетепте табан аудармастан қызмет істеп келе жатқанына биыл 35 жылдың мұғдары болып қалыпты.

«Осы мектепке жұмысқа тұруға келгенде Қағазбеков Қасымжан Қағазбекұлы директор қызметінде. Ол кісі еңбекке деген тәртіпті қатал талап ететін. «Мектепке таңертеңгі сағат жетіде келсеңдер, кешкі сағат жетіде қайтасыңдар. Егер осыған дайын болсаңдар мектепте жұмыс істейсіңдер» – дейтін. Содан біз тек балалар үшін, және нәтиже үшін уақытпен санаспай жұмыс істедік. Көп ұзамай бұл еңбегіміз өз нәтижесін берді» – дейді ұстаз.

Рабиға Секербайқызы қазіргі таңда жоғарғы санатты химия пәнінің ұзтазы. Білімі жоғары. Білім саласында 35 жылдық еңбек өтілімі бар құрметті ұстаз.  «Жанұямда анам және әкемнің екі қарындасы мұғалім болды. Мұғалімдер ортасынан шыққандықтан маған мұғалімдік жақын болса, екіншіден бізге сабақ берген ұстаздар өте білімді, танымал кісілер болатын. Сол кісілердің сабақ бергені, дәрісі,  жалпы осы мектептің білімге деген рухы маған кереметтей әсер етті» – дейді Рабиға Секербайқызы.

Білім саласының өркендеуі жолында адал қызмет етіп, жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеудегі еңбегін жоғары бағалап және қоғамдық жұмыстарға белсене араласқаны үшін еңбегін елеп, қала әкімі мен қалалық және облыстық білім бөлімі алғыс хаттар, дипломдар табыстаған. Сондай-ақ «Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталған.  Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылығы  10 қарашасындағы жарлығы бойынша «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалін де иеленеді.

Есімі «Білім саласының үздіктері» халықаралық энциклопедиясына еніп, төсбелгісі табыс етілді. Бұл кісі жайлы «Ұрпақтар сабақтастығын жалғастырушы», «Сегодня – начало будущего», «Білімнің шырағын жаққан жан» атты  мақалалар қалалық және облыстық баспасөз беттерінде басылып, жарияланған.

Шәкірттерінің алды түрлі салада қызмет істеп, еңбегінің жемісін көріп отыр. Мектеп қабырғасындағы  шәкірттері түрлі қалалық, облыстық додаларға қатысып құр қол қайтқан емес.

Амангелдина Алтын 2017 жылы ҚР ШҒА ОҚБ 47-ші  ғылыми-практикалық конференциясы шеңберінде өткен 2-ші деңгейлі аймақтық  ғылыми-зерттеу жұмыстарының байқауына қатысып жүлделі ІІ орынды иеленген болатын. Дәл осы жылы  Сатпаева Жанаргүл есімді шәкірті «Жас ғалымдар» конкурсында  «Карболен химиясын зерттеуші ғалым» атанып, сайыстың жеңімпазы атанды.

2018 жылы Нұрзат Тоғайбай  есімді шәкірті www.nio.kz Республикалық Ұлттық Интернет Олимпияда сайты Химия пәнінен ұйымдастырған қашықтық олимпиядасына қатысып,  ІІ орынға табан тіреген еді және т.с.с.

Бүгін де отбасында үш қыздың аяулы анасы, ортасына сыйлы, көпке үлгілі ұстаз  Рабиға Секербайқызына қажымас қайрат, зор денсаулық тілейміз. Еңбегіңіз еленіп, жемісін көруге нәсіп етсін дегім келеді.

         Ербол ЕРБОЛАТ

              Білім айнасы

                       Қарағанды

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.