Home » Әңгіме » БІЛІММЕН ҚАРУЛАНҒАН АДАМ ЖЕҢІЛМЕЙДІ

БІЛІММЕН ҚАРУЛАНҒАН АДАМ ЖЕҢІЛМЕЙДІ

Оқу, білім – жанған шырақ ойласаң,
Үйренерсің, іздеп көрсең – қалмасаң,
Қу өнерді, бу беліңді, жігер сал,
Пайда аларсың, қаужанарсың, тоймасаң.

Жүсіпбек Аймауытов

Қызылорда қаласында 25-30 наурыз аралығында өткен Республикалық жалпы білім беретін пәндердің қоғамдық-гуманитарлық бағыты бойынша Солтүстік Қазақстан құрамасының қоржынына  14 медаль байланды.

  Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатының профильдік оқу-ісі жөніндегі директордың орынбасары Айнагүл Жұмабекқызымен сұхбат.

Сәлеметсіз бе? Құрметті Айнагүл Жұмабекқызы!

Сәлеметсіз!

Қызылорда қаласына қанша оқушы апардыңыз?

Жалпы командалық есепте  облыс бойынша  35 оқушы, бес пән бойынша барды. Біз қоғамдық-гуманитарлық бағыт бойынша Қазақ тілі мен әдебиеті, Орыс тілі мен әдебиеті, Ағылшын тілі, Тарих және Құқық пәндері бойынша бақ сынасты.

Республикалық олимпиадаға қанша команда қатысты?

Негізінен барлық өңірлерден келді және Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқушылары қатысты. Олар биылғы жылы бірінші рет республикалық олимпиадаға қатысты. Бұрын жалпы білім беретін мектептермен бәсекелесе бермейтін. Олардың деңгейі халықаралық олимпиада болатын.

Оқушылардың жеңісіне оралсақ, қанжығамыздағы 14 медальді таратып айта кетсеңіз?

Жоғарыда айтқанымдай 35 оқушы барған болатын. Оның ішінде 5 оқушы алтын медаль алды. Атап айтар болсам олар: Әл-фараби атындағы мектеп-лицейінің 11 сынып оқушысы Рахметжанова Дарина орыс тілі пәнінен, «Білім-инновация» лицей-интернатының 10 сынып оқушысы Сексембаева Дарина орыс тілі пәнінен, Облыстық дарынды балалар үшін мамандандырылған ЛОРД мектеп-лицей-интернатының 11 сынып оқушысы Тонкоштан Кристина орыс тілінен, қалалық «БЭСТ» гимназияның 10 сынып оқушысы Саликова Айша, 11 сынып оқушысы Джолиладзе Лолита ағылшын тілінен алды. Ал, облыс қоржыны екі күміс және жеті қола медальмен толықты. Жалпы командалық есепте Солтүстік Қазақстан облысы ІІ орын алдық. Бірінші орынды Павлодар облысы алды.

Сіздің мектептен жеңіспен қайтқандар бар ма?

Әрине, он төрт медальдің бесеуін біздің мектептің оқушылары еншіледі. Қазақ тілі мен әдебиеті бойынша 11 сынып оқушысы Жүнісбекова Сәбина ІІІ орын, Құрманова Кәмила орыс тілі мен әдебиеті бойынша ІІІ орын, Айтбай Жомарт Қазақстан тарихы бойынша ІІІ орын, ал 10 сынып оқушылары Дүйсенбай Сарыхан ІІ орын, Елжасова Дильназ ІІІ орынды иеленді.

Білімнің биік шыңын бағындыру үшін қандай жұмыстар атқарасыздар?

«Білікті бірді жығады,  Білімді мыңды жығады» деген қағиданы ту етіп ұстаймыз. Оқушыларымыздың бойына осыны сіңіреміз. Алайда, биік асуларға жетер жолда оқушылар үздіксіз дайындалады. Оның сыртында М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ғалымдарымен тығыз қарым-қатынаста қоян-қолтық жұмыс істейміз! Іздеген жетер мұратқа, — демекші осылай жеңіске жетіп отырамыз.

Өткен жылмен салыстырғанда биылғы жеңістеріңізге ризасыздар ма?

Әрине, аллаға шүкір дейміз! Былғырғы жылы қоржынымызда екі медал болған. Бірақ Жаратылыстану-математика бағыты бойынша жылда орын алатынбыз.  Дегенмен, биылғы жетістігіміз озық. Биыл медаль санын беске жеткіздік. Оқушылардың талпынысымен, еңбегінің арқасында!

Алтын уақытыңызды бөліп, жағымды жаңалығыңызбен  бөліскеніңізге рахмет! Болашақта да білімнің теңізінде балықтай жүзе беріңіз! Асар асуларыңыз көп болсын!

 

Әңгімелескен Көкбасқызы Жазира

«Білім айнасы»

СҚО

 

 

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.