Home » Балабақша » Балабақшам – өз үйім

Балабақшам – өз үйім

 

 

«Еліміздің ертеңі бүгінгі жас ұрпақтың қолында,

     ал жас ұрпақтың тағдыры ұстаздардың қолында»

   Н.Ә.НАЗАРБАЕВ

 

Алматы қаласындағы МКҚК №162 бөбекжай-балабақшасысы 2009 жылы 6 топ ашылған. Әр топ әдістемелік талапқа сай безендірілген. Оқу тәрбие жұмыстары мемлекеттік тілде жүргізіледі.

Биылғы жылы біздің балабақшамызға 10 жыл болды. «Елу жылда-ел жаңа» деген екен. 10 жылдық тарихы бар балабақшамыз биік-биік асуларды бағындыра білді.

Білімді ұрпақ тәрбиелеу қашанда бірінші кезекте тұратын мәселе. Болашақта ел тізгінін ұстар азаматтар бүгінгі балабақша бүлдіршіндері.Осындай қажеттілікті өтеу жолындағы тәрбиешілердің еңбегі ұшан-теңіз.Бүгінгі таңдағы баршамыздың міндетіміз әдет-ғұрыптарымызды, салт-дәстүрімізді жандандырып ұлттық сана-сезімі жоғары деңгейдегі ұрпақ өсіру,тілін дамыту. Баланы отбасында дұрыс тәрбиелеу, оның мектепте жақсы оқуына,болашақта жақсы азамат болып шығуына үлкен ықпалын тигізеді.

Баланың бойындағы психологиялық даму заңдылықтарының калыптасуы, балабақшадағы оқу іс-әрекетінің жүйелі дұрыс ұйымдастырылуына тікелей қатысты. Балабақшада оқу-тәрбие процесіне қажетті жағдайлар толық жасалған. Материалдық-техникалық базамыз бүгінгі күн талабына сай. Психология, логопед дәрістеріне арналған арнайы кабинеттер, спорт залы, интерактивті тақтасы бар ән залында өткізілетін ертеңгіліктер мен ашық оқу қызметтер бала дамуына, денсаулығына зор ықпал етеді. Балабақшамыз қала, аудан көлемінде өткізілетін байқауларға үзбей қатысып, айтарлықтай жетістіктерге жетті.

Бөбекжай-балабақшада тәрбиеленушілермен бірге тәрбиешілердің де ізденушілік қабілеттері мен шығармашылығын арттыру жұмыстары жүргізіледі.

Салауатты өмір салтын, шығармашылық даму мақсатын ұстанған ұжымның ата-аналармен өткізген жиналыстары, кездесу кештері жетістіктеріміздің негізгі көзі.Осындай іс-шаралар кішкентай бүлдіршіндердің бойына инабаттылық пен адамгершілік қасиеттерді сіңіреді. «Адам баласының жаман құлқы жаратылысынан емес, өскен орта, көрген үлгі, өнеге білетіндігінен…Көпшілікті адамшылыққа тәрбиелеу үшін, жас буынды жақсылап тәрбиелеу керек» деген Мұхтар Әуезовтің даналық сөзі әрдайым ұжымның ұстанымында.

Балабақшада берілген тәрбие — барлық тәрбиенің бастамасы әрі жан-жақты тәрбиемен дамыту ісінің түпкі негізін қалайтын орын.Бала бойындағы жақсы қасиеттер мен мүмкіндіктерді ашып, олардың өнегелі, тәрбиелі болып өсуіне балабақша ошағының тигізер әсерінің маңызы зор. «Баланы жастан, асылды тастан» деп бабаларымыз да тегін айтпаған.Үлкендердің білімі біздің шаттық өмірімізді қамтамасыз етіп отырғанды, әсіресе өзін қоршаған адамдардың (тәрбиешінің, дәрігердің, күтушінің, аспаздың, даяшының) еңбегін айтып, оларды бағалауды және үлкендерді қалай құрметтеу,сыйлау керектігін үйретеді. Мұхтар Шаханов ағамыз «Бала жүрегі-кішкентай күйсандық.Ол сандықтың кілтін тапсаң ғана аша аласың.Тәрбиешінің қолында әр кезде сол кілт жүру керек» деп бекер айтпаған. Баланың өмірге қадам басардағы алғашқы қимыл әрекеті-ойын, сондықтан да оның мәні ерекше.Қазақ халық әнінде «Ойын ойнап, ән салмай өсер бала болама?» деп айтылған, баланың өмірінде ойын ерекше орын алады. Жас баланың өмірді тануы, еңбекке қатынасы, психологиялық ерекшеліктері осы ойын үстінде қалыптасады. Нәтижесінде, балабақшада қолданатын ойын түрлері баланың ой-өрісінің өсуіне, өзін-өзі тануына, жан-жақты тұлға болып калыптасуына мол мүмкіндік береді.

Балабақшамыздың жаксы көрсеткіштерге жетуі басшымыздың іскерлігінің,сондай-ақ,тәрбиешілердің ізденісі, білім мен біліктілігінің нәтижесі деп білеміз.Ұлы ақынымыз Мағжан Жұмабаев «Мен дәрігерден гөрі тәрбиешілердің көп болғанын қалаймын,себебі дәрігер денеңді сауықтырса,тәрбиеші өне бойыңды сауықтырады» — деген екен.Олай болса, мектепке дейінгітәрбие саласы қызметкерлерінің барша тәрбиешілердің еңбегі жана берсін дегім келеді.

 

Маткалыкова Меруерт Жабайдильдиновна,
Алматы қаласы,Жетісу ауданы,
МКҚК № 162 бөбекжай-балабақшасының
ІІ-санатты тәрбиешісі.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.