Астана – арман қала. Әр қаланың өзіндік тарихы мен тағдыры болады. Астананың тарихы тереңде жатыр. Алғашқыда Целиноград, кейін Ақмола атауына ие болған. Ал 1998 жылы әлемге әйгілі Елордасы – Астана қаласына айналды. Бүгінде ол сәулетті ғимараттарымен, көрікті көшелерімен, түрлі тарихи ескерткіштерімен танымал. Мен Астанаға кішкентай кезімде барғандым. Биыл оқуымды жақсы бітірсем, ата-анам мені Астананың 20-жылдық мерейтойына апарады деп үміттенемін. Өйткені, жазда Елордамыздың 20-жылдығын атап өткелі жатырмыз. Осы жиырма жыл ішінде сүйікті қаламыз талай зор жетістіктерге жетті. Көптеген жастар арманын осы қаламен ұштастырды, биік белестерді бағындырды. Мен де болашақта осы қалаға барып, үздік жоғары оқу орындарының бірінде оқысам деймін және Астанамыздың одан әрі көркейіп, дамуына өз үлесімді қосқым келеді. Себебі, Астанамыз көркейіп, беделді болуы – Қазақстанымыздың жасампаздығын көрсетеді.
Мен Бас қаламыз – Астананың болашағы зор болатынына сенемін. Оның ең үздік әлем қалаларының қатарында болғанын қалаймын.
Иброхим БАУРЖАНОВ,
Екібастұз қаласы №11 орта мектептің
2 «А» сыныбының оқушысы,
Павлодар облысы