Home » Жаңалықтар » New Format: жаңартылған қазақ тілі

New Format: жаңартылған қазақ тілі

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты Жолдауында «Білім беру реформасы табысының басты өлшемі – тиісті білім мен білік алған еліміздің кез-келген азаматы әлемнің кез-келген елінде қажетке жарайтын маман болатындай деңгейге көтерілу болып табылады. Біз бүкіл елімізде әлемдік стандарттар деңгейінде сапалы білім беру қызметіне қол жеткізуге тиіспіз» деп атап өткен болатын. Білім беру жүйесінің әлемдік білім кеңістігіне өтуі жағдайында тілдерді оқытудың рөлі артады. Қазіргі кездегі геосаяси, экономикалық және әлеуметтік мәдени өзгерістерге байланысты адамға жаңа талаптар қойылып отыр. Осынау жылдам өзгеріп келе жатқан әлемде білім беруге деген көзқарастар да өзгеруі қажет.

Заман талабына сай жоғары білікті маман ретінде құзыретті адам, яғни кәсіби мәселелерді шеше алатын, білім мен іскерліктерін жоғары практикалық деңгейде қолдана алатын тұлға танылады. Осыған байланысты заманауи еңбек нарығымен қойылатын талаптар тұрғысынан қарайтын болсақ, құзыреттілікті әдіс-тәсілдер отандық білім беру жүйесі үшін өзекті мәселеге айналады.

Қазіргі заманғы зерттеулерді талдап отырсақ, табысты педагогикалық қызмет үшін маман кәсіби дайындық, педагогикалық құзыреттілік, өзіндік кәсіби сана, педагогикалық қызметке дайындық, педагогикалық қарым-қатынас, өзін-өзі кәсіби дамыту, біліктілікті арттыруға ұмтылу секілді кәсіби дағдыларға ие болуы шарт. Осы талаптарды орындауға ынтасыз педагог өз қызметінің толыққанды маманы бола алмайды. Кәсіби даму үрдісінде педагог өз қызметінде жетістікке жетіп, оның жұмысы жоғары тиімді болып, кәсіби деңгейі арта түседі. Жоғарыда аталған талаптарды ескере отырып, педагог ұйымдасқан түрде жұмыс жасап, өзі де бағыт-бағдарды айқын көріп, өз оқушыларын да қоғамның заманауи талаптарына бағыттай алатын болады.

Осы мақсатта және Қазақстан Республикасында орта білім беру мазмұнын жаңарту шеңберінде білім беру үдерісінің құрылымы мен мазмұнына елеулі өзгерістер енгізілуіне байланысты «Өрлеу БАҰО» АҚ филиалы Қостанай облысы бойынша ПҚ БАИ облыс мұғалімдері үшін жаңартылған бағдарлама бойынша біліктілікті арттыру курстарымен қатар түрлі бағыттағы ісшаралар ұйымдастырады және өткізеді.

Атап кетер болсақ, қазақ тілі мен әдебиеті бойынша білім беру бағдарламасының құрылымы мен мазмұнын, білім беру әдіс-тәсілдерін жаңа деңгейде қайта қарастыру жағдайында республикалық және облыстық деңгейдегі ісшаралар, курстан кейінгі кеңес беру және жаңа форматта жұмыс жасау үшін институттың сайтында қол жетімді тұрғыда орналастырылатын видеодәрістер өткізіледі.

Облыс мұғалімдерінің жаңа форматта жұмыс жасауы үшін қазақ тілінде оқытатын мектептердің қазақ тілі сабақтарында бағалау қызметін ұйымдастыру мен жүзеге асыру бойынша тәжірибе алмасу мақсатында Web -конференция өткізу жоспарланып отыр. Аталған облыстық конференцияда білім беру мазмұнын жаңарту жағдайында қазақ тілі сабақтарында қалыптастырушы бағалау қызметін ұйымдастырудың ерекшеліктері, қалыптастырушы бағалаудың түрлі әдіс-тәсілдерін қолдану арқылы қазақ тілі сабағында оқушылардың оқу уәждемесін арттыру мәселелерін қарастыру болжанады. Сонымен қатар жаңартылған білім беру бағдарламасымен оқыту жағдайында қазақ тілі пәнін оқытудың ерекшеліктері мен тиімділігі, білім беру мазмұнын жаңарту жағдайында қазақ тілі сабағындағы тиімді оқыту аспектілері талқыланатын болады.

Конференция қорытындысы бойынша жинақ шығарып, оны мұғалімдердің практикалық қолдануы үшін «Өрлеу БАҰО» АҚ филиалы Қостанай облысы бойынша ПҚ БАИ сайтында орналастыру көзделеді.

 

Кожаниязова Асель Ермековна

«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы

Қостанай облысы бойынша ПҚ БАИ аға оқытушысы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.