Home » Білім және тарих » Қазақ хандарының тарихтағы орыны нақтыланды ма?

Қазақ хандарының тарихтағы орыны нақтыланды ма?

seamless-pattern-outline-decorative-books-vector-illustration-template-decoration-design-43701416Астана қаласы
№59 мектеп-лицейінің тарих
пәні мұғалімі Ө.Р. Шнанов  

Қазақ хандығы жеке ел болып іргесін қалаған уақыттан бастап қанша тарихты бастан кешті. Тәуба, қазақ елі қанша тарихи зұлматты көрсе де, тарих тұғырынан кеткен жоқ. Тәуелсіздік алған сәттен қайта түлеп, ұлттық рухымыз жаңа белеске көтеріліп жатқандығына өткен уақыт куә. Соның бір көрінісі қазақтың ел болып хандық құрғанының 550 жылдығы тойланып өтуі екендігіне сөз жоқ. Осыдан 550 жыл бұрын жеке хандық болып құрылған тұстағы халқымыздың өз елінің мәңгі ел болуын тілегендігі анық. Ешбір жаулаусыз, бейбіт түрде этникалық негізде құрылған қазақ елінің еңселі елдермен терезесі теңесуінде хандарымыздың ерен еңбектерін зор құрметпен бағалау қажеттігі айтпаса да түсінікті. Қазақ хандары туралы қазіргі уақыттарда жаңа деректер мен құжаттар көптеп табылуда. Қазақ хандары туралы кейбір мәліметтердің әлі де болса тарих ғылымында керағарлығы мен аздығы қазіргі күнге дейін сақталып отыр. Мектеп оқулықтарында да қазақ хандары туралы кейбір мәліметтердің әлі де болса керағарлығын байқауға болады. Мәселен, қазақ хандары Мамаш хан, Тақыр хан, Бұйдаш хандар есімдері тарихта белгілі болғанмен олар туралы тарихи мәліметтер өте аз. Осы хандар тұсындағы қазақ хандығының тарихи жағдайы да көмескі келеді. Тіпті қазақ тарихында ойып орын алатын Қасым хан мен Тәуке хандардың өмір сүру уақыты да әлі нақтыланған жоқ. Хандар кестесінде кейбір жылдар аралығында қандай хандар тақта отырғандығы жөнінде мәліметтер жоқ. Қасым ханның М.Х.Дулати дерегі бойынша 1518 жылы, ал орыс деректерінде 1521 жылы қаза тапқандығы туралы айтылады. Алайда осы дата  әлі де болса нақтыланған жоқ. Тәуке хан қайтыс болған жыл да осындай екі ұшты қалып отыр. (1715/18жж) Осы даталарды  ғылыми тұрғыдан нақтылау уақыты туған сияқты. Кіші жүз ханы Әбілқайыр ханның Ресеймен байланысы туралы мәселесі де тарихта біржақты сипат алып келеді. Мектеп оқулығында [8-сынып З.Е.Кабылдинов т.б.] «Жергілікті жерде айқындалғандай Ресейдің қол астына өту туралы шешім Әбілқайыр ханның жеке өзінің бастамасы бойынша қабылданған болып шықты» – делінген. Әбілқайыр хан халықтың қамын ойламайтын адам  болса, сонау жоңғар шапқыншылығында жауға қарсы неге шапты? – деген заңды сұрақ туады. Тіпті Әбілқайыр хан қазақ даласына Ресей бекіністерінің салынуына қарсы шықты емес пе? Сол үшін Ресей өкіметінің айдап салуымен Әбілқайыр хан Барақ сұлтанның қолынан қаза тапты. Олай болса, Әбілқайыр ханның Ресейге қатысты ұстанған саяси бағытын әлі де болса терең зерттеу қажеттігі түсінікті болып отыр.

Қазақ хандарының кестесін жасауда жан-жақты зерттей отырып, тарихи деректер мен құжаттарға сүйене отырып нақтылап алған да жөн шығар. 7-сынып оқулығында қазақ хандығы тарихына [Орта ғасырлардағы Қазақстан тарихы 7-сынып оқулығы  Т.С.Садықов  т.б.] қатысты тақырыптарда хан титулының мағынасы көрсетілмеген. Мектеп оқушысы билеуші титулы хан сөзінің мағынасын түсінуі тиіс.

Қазақ хандары тақырыбында тағы бір көңіл бөлетін жайт хандар бейнесінің сомдалуы. Қазіргі күнге дейін қазақ хандарының бейнесі нақты берілмей жүр. Суретші немесе мүсінші кейбір авторлардың туындыларындағы хандар бейнесі тіпті адам көргісіз. Сондай туындыларға қарап ол тұлғаның хандық бейнесін байқай алмайсыз. Ғаламтордағы Керей мен Жәнібек хандар суреттері өте нашар сапада берілген. Кейбір хандарымыздың киім үлгілеріне қарап өзге ұлттың адамына ұқсатасыз. Мұның барлығы осындай авторлардың хандар жайындағы тарихи суреттеулер мен деректерге сүйенбегендігінен туып отыр. Елордамыздағы Тұңғыш Президент мұражайының алдындағы Керей мен Жәнібек хандардың да алғашқы жасалынған мүсіндерінің сапасының төмен болуына байланысты қайта алмастырылуы да осының айғағы. Ия, сол уақыттан қалған қазақ хандары бейнеленген суреттер болмағанымен, олардың бет-бейнелерін суреттеген деректерге сүйенуге болады емес пе?  Сол дәуірлердің өзінде қазақ даласында болған шет елдік суретшілерінің (мәселен Д.Кэстльдің) бізге дейінгі жеткен хандар суреттерінің өзі болса да, кейде түпнұсқасына ұқсамайтын нұсқалары жасалынып жатыр. Хандар бейнесін бейнелеуде нақты бірізділіктің сақталуына қатаң бақылау қажет сияқты. Әйтпесе әр жерде бір ханның бейнесі әртүрлі болып жатса кейінгі ұрпаққа не айтамыз. Мемлекеттің гүлденуінде аянбай еңбек еткен, халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған асыл ел басшыларының тарихтағы орнын ерекшелей білу керек. Елбасымыз: «Қазақтың бүкіл тарихы бірігу, тұтастану тарихы» – деп айтқанынындай, қазақ елінің бірлігі мен тұтастығын ойлаған қазақ хандарының ерлігін дәріптеу жас ұрпаққа үлгі болмақ.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды. Required fields are marked *

*