Home » Менің ұстазым » Өркен Кенжебек: Мектепте жүргенімде “адам өлтірдім”

Өркен Кенжебек: Мектепте жүргенімде “адам өлтірдім”

Өркен Кенжебекұлы, балалық шаққа саяхат жасап, мектептегі жылдарыңызды есіңізге түсірсеңіз. Қай мектептің түлегісіз?

– Жамбыл облысы, Талас ауданы, Ойық ауылындағы Дінмұхаммед Қонаев атындағы орта мектепті бітірдім. Тоғызыншы сынып­ты қызыл куәлікпен бітірген соң, колледжге оқуға түстім.

Қандай оқушы болдыңыз?

– Өте жақсы оқыдым. Негізі, ерекше сүйіп оқыған пәндерім – тарих, жағрапия, физи­ка, сызу, орыс тілі болды. Қалған пәндердің бәрін де қалдырмай, жақсы оқуға тыры­стым. Біздің ауыл шөлейттің етегіндегі, Тараздан 120 шақырым шалғайдағы ауыл болғанмен, сол кездегі мектеп директоры Ділдәкүл Қабылбекованың қаталдығының арқасында қоғамдық жұмыстардан көз аш­пады. Құдайдың құтты күнінде сабақтан соң міндетті түрде бір акция, не дебат, не конференция болатын. Осылайша, жан- жақты дамуға мүмкіндік алдық.

Ұстаздарыңыз жайында айтып өтсеңіз…

– Ұстаздарым шетінен профессионал еді. Бастауыш сыныпта жетекшім болған На­уат, Зәбира, химиядан Райхан, биологиядан Әлия, тарихтан Мира, Зәбира (өз анам), фи­зикадан Нұргүл, орыс тілінен Күләш, қазақ тілінен Бағила, жағрапиядан берген Мағрипа сынды әпкелерімді ешқашан ұмытпаймын.

Сіз ұнатпайтын пән?

– Математика мен геометрия еді. Ұстаздарым үнемі көтермелеп бір баға қосып жүрді. «Мұғалімнің баласы», «Басқа пәндері бес, осы математикасы ғана … осы» деген жеңілдіктерім әрқашан болған. Ма­тематикадан жоғары баға алу үшін осы пәннен сыныпты жасақтауға, яки плакатта­рын сызып беруге келісетінмін. Ал солақай қолыммен плакат сызудан сыныпта бірінші суретші едім.

Неліктен?

– Мүмкін, бастауыш мектепте математи­каны үйреткен мұғалімнен жолым болма­ды ма екен, әлде өзім тартпай қалдым ба, әйтеуір, сынып жоғарылаған сайын есептен қиналатын едім. Нақты қай жерден қақпай бастағаным есімде жоқ. Қызық болғанда, әкем – математик. Мәскеуден бітірген жоғарғы математиканың маманы. Сол әкемнің тілін алып, кейін бағдарламалаушының, сосын информатиктің мамандығын алып шықтым.

Мектептегі ерекше есте қалған оқиғаңыз?

– Ондай оқиғалар өте көп. Көбісі киноға қатысты еді. Ол қалай десеңіз, біздің кез­де интернет болмаған соң, теледидардың рөлі өте зор болды. Бір күні «адам өлтіріп қойдым». Джеки Чан я Саммо Хунгтың фильмдерін көріп алған соң, мектептегі үзіліс кезінде «приемдарын» қайталайтын едік. Содан бір күні мен мұғалімнің ауыр орындығын көтеріп алып, шыр айна­лып барып, ту сыртымда тұрған Ердосты ұруым керек еді. Бойы тәпелтек Ердос осы кезде бұғып қалып, мені ұруы керек. Бар күшіммен артыма қарамай орындықты сілтеп кеп жіберген едім, Ердостың орнына Ақбота деген сыныптасым тұрып қалыпты. Тура қарақұсынан тиді-ау, етпетінен жалп етті. Тіл жоқ, реакция жоқ. Жұрт улап-шу­лап, «өлді-ау, өлді» деп жатыр. Содан «адам өлтірдім, адам өлтірдім» деп дірілдеп, көзім шарасынан шығып, мектептің ауласына қашып кеткенім есімде. Кейін біраз ми­нуттан соң Ақбота есін жиыпты. Сол кез­де зәрем зәр түбіне жете қорыққаным әлі есімнен кетпейді. «Әй, 15 жылға кеттім-ау» деп ойладым… Міне, осындай қызығы мен шыжығы мол жылдар бәрі артта қалды.

Мектептегі жылдарыңыз қайта оралар болса, қай пәнге басымдық берер едіңіз?

– Ағылшын тілі, тарих, орыс тілі мен әдебиеті.

Мектебіңізге қаншалықты жиі бара­сыз?

– Өкінішке қарай, өте сирек барамын. Бізді танитын інілер де қалмады, біз тани­тын ұстаздар да азайды. Соңғы рет екі жыл бұрын бардым-ау, қателеспесем.

Бүгінгі оқыту жүйесі мен бұрынғы білім берудегі ерекшелік қандай?

– Қазіргі оқыту жүйесінде практикаға басымдық беру басым. Біздің кезде компьютердің бетіне ақ мата жауып қойып, «бұзып қоясыңдар» деген сылтаумен жо­латпады. Қазір керісінше балаларды ком­пьютерден айыра алмайсың. Ол уақытта ауылдағы моральдық тұрғыда ескірген 14000 кітап қоры бар кітапхана болды. Одан өзге әлем бары түсімізге кіретін. Қазір ауылда тұрсаң да, шетелдік профессор­ды онлайн тыңдап, ТЕД лекциясын қарап отыра бересің. Бірақ, біздің кездегі білім берудің ерекшелігі – өз ісіне берілген кәсіби ұстаздар өте көп болды және оқушыларда да жалпы білімге деген ынта жақсы болған.

Сұхбаттасқан: Жәнібек ҚУАНЫШ

Білім айнасы газеті

Facebook арқылы пікір жазыңыз

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды. Required fields are marked *

*