Home » Білім және тарих » Патриоттық тәрбиенің мәңгілік тәлімі

Патриоттық тәрбиенің мәңгілік тәлімі

dsc_0279Гүлмира САДВАКАСОВА,
Астана қаласы №55 «Қарақат»
балабақшасы, ересек «Қызғалдақ»
тобының тәрбиешісі

Халқымызда «баланы жастан» деген қанатты сөз бар. Сондықтан бүлдіршіндерді ерте бастан-ақ адалдыққа, кішіпейілділікке, елін, жерін сүйетін патриоттыққа баулудың тәрбиелік мәні зор. Әрбір ата-ана, отбасы, мемлекет өскелең ұрпақтың ізгі ниетті, адал жүректі, туған ортасына ешбір кір келтірмейтін инабатты, елін, жерін қастерлейтін намысшыл азамат болып қалыптасуын қалайды. Ал бұл қасиеттер бүлдіршіннің бойына тек тәрбие арқылы ғана дариды. Тәрбиенің бесіктен басталатынын ескерсек, бұл құндылықтарды бала санасына мектепке дейінгі мекеме қабырғасында сіңіру қажет.

Патриоттық тәрбие – бұл мектепке дейінгі мекемелерде бүлдіршіндердің бойында алғашқы адамгершілік патриоттық сезімдерін мақсатты түрде қалыптастыру үрдісі. Жоғары париоттық сезім ұлт рухының биік өлшемі. Сондықтан Елбасы өзінің Қазақстан халқына арнаған «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауында «Рухы биік, еңбегі ерен, бірлігі мығым Мәңгілік Ел болу үшін бізде бәрі бар. Тәуелсіздіктің туын желбіретіп, тұғырын нығайтқан біздің тарих алдында жүзіміз жарқын! Біздің тірегіміз – тәуелсіздік, тілегіміз – тұрақтылық, білегіміз – бірлік!» деп атап көрсетті. Мемлекет басшысы жас ұрпақтың бойында отаншылдық сезімі мен туған еліне деген сүйіспеншілігін дамытуды ұлттық қауіпсіздікті сақтаудың негізгі элементтерінің бірі ретінде таниды.

Патритизм кең ауқымдағы ұғым. Оның негізі Отанға деген сүйіспеншіліктен бастау алады. Отан деген киелі ұғымды қастерлеу ананың ақ сүтімен бойға сіңіп, отбасындағы, қоғамдағы туған жерге, елге, тілге, мемлекетіне деген шынайы көзқараспен шыңдалады. Бұл ретте енді қалыптасып келе жатқан жас санаға отансүйгіштік сезімдердің алғашқы іргетасын қалауда отбасының және мектеп жасына дейінгі мекеменің, ең бастысы, сол мекемелердегі тәрбиешінің бүлдіршіндерге берер тәлімнің маңызы зор. Ал бұл тәрбие тәлімінің тереңдігі бірінші кезекте, тәрбиешілердің біліктілігі мен патриоттық сезімінің өлшеміне байланысты.dsc_0029

Осы орайда біздің, Астана қаласындағы №55 «Қарақат» балабақшасы тәрбиешілерінің бүлдіршіндерге беретін патриоттық тәрбиесі деңгейінің жоғары екендігін атап көрсеткен жөн. Дүниетанымы енді ғана қалыптаса бастаған балалардың санасына отансүйгіштік қасиеттердің алғашқы сезімдерін баулуда туған жердің табиғи ерекшеліктерін ерте бастан түсіндіріп, табиғи байлықтарының елге тигізер пайдасын жан-жақты ұғындырып, туған қаласының шежіресі мен сән-салтанатын әспеттеудің тиімділігі зор.

Мәселен, балабақшамыздың ересек «Қызғалдақ» тобының бүлдіршіндеріне патриоттық тәрбие беруде елордамыз – Астана қаласының қалыптасу шежіресін, даму бағдарламаларын және күннен күнге көркейген сән-салтанатын барынша кеңінен пайдаланамыз. Елбасының бастамасымен Ерке Есілдің жағасында бой көтерген жаңа елордамыздың кешегі келбеті мен бүгінгі ажарын салыстыра отырып, гүлдену жолына саяхат жасаймыз. Бас қаламыздың сәулетті ғимараттары мен тарихи орындарын тілге тиек етеміз. «Бәйтерек», «Мәңгілік Ел» монументтерінің, «Хан Шатыр», «Пирамида», «Тәуелсіздік сарайы», «Хазірет Сұлтан» мешіті сияқты тамаша ғимараттарының суреттерін слайд арқылы көрсетіп, балаларға бұл архитектуралық үлгілердің мәні мен мазмұнын, көркі мен келбетін таныстырамыз.

Елорда көшелерінің атауларын жаттатып, бұл атаулардың тарихына үңіліп, еліміз бен жеріміздің өткен шежіресіне саяхат жасаймыз. Мәселен, Бөгенбай батыр даңғылын таныстырған кезде, қазақтың қамал қорғаны болған Қанжығалы қарт Бөгенбайдың елін, жерін жаудан қорғау жолындағы жанқиярлық ерлігін баяндаймыз. Бүгінгі жарқын өміріміз бен баянды тәуелсіздігіміздің осындай батырларымыздың ерен өнегесінің арқасында қол жеткізген құндылық екенін түсіндіреміз. Сол сияқты Бауыржан Момышұлы, Әлия Молдағұлова сияқты аталарымыз бен апаларымыздың атындағы көшелерді таныстыра отырып, кешегі Ұлы Отан соғысындағы халқымыздың ерлік шежіресін бүлдіршіндер санасына бірте-бірте сіңіреміз.

Жас буын бүлдіршіндерді патриоттық рухта баулуға халқымыздың салт-дәстүрі мен мәдени мұрасының да тигізетін тәрбиелік мәні зор. Осыған байланысты балалармен жүргізілетін тәрбие жұмыстарында қазақтың халық ертегілерін пайдаланудың да игілігі ұшан-теңіз.

Бүлдіршіндердің санасын жастайынан сіңірілген отансүйгіштік сезім оның есінде өмір бойы сақталады. Ендеше, мектепке дейінгі білім мекемелерінде рет-ретімен жүйелі түрде жүргізілген патриоттық тәрбие жұмыстары балалардың болашақта белсенді азаматтық көзқарасы бар, туған жерін, елін және отбасын шексіз сүйетін, Отан алдындағы азаматтық парызын әрдайым өтеуге дайын тұратын білікті тұлға ретінде қалыптастырады.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды. Required fields are marked *

*