Home » Білім және тұлға » МЕНІҢ СҮЙІКТІ ҰСТАЗЫМ

МЕНІҢ СҮЙІКТІ ҰСТАЗЫМ

Ұстаз болу – жүректің батырлығы,
Ұстаз болу – сезімнің ақындығы.
Ұстаз болу – мінездің күн шуағы,
Азбайтұғын адамның алтындығы
                            Ғафу Қайырбеков

 

Ұстаз! Осы  бір қарымы мол сөздің  өзінде  қаншама  теңіздің тереңдігіндей мән-мағына, таудың биіктігіндей қасиетті ұғым жатыр. Заманының дүбірлі аламанында тауқұдірет құсындай ұлы ұстаз  алдынан өтпейтін ешбір жұмыр басты пенде жоқ. Даланың кіршіксіз аспанындай  пәк жүрексіз  жаздың жайдары күніндей жарқыраған өмір болмаса, әлемнің төрткіл дүниесін мойындатқан мұғалімсіз күн сәулесіндей сөнбейтін білімнің, тасқа қашалып жазылған таңбадай өшпейтін тәрбиенің іске аспайтыны бесенеден белгілі. Небір ғылым мен білімнің сайыпқыраны атанған данышпан адамдар, қарапайым еңбеккерлер, тіпті, болашаққа құлаш сермеп, арман қуған жеткіншектер де бәрі бір адамға қарыздар. Ол – ұстаз!

Жаңа ғасырға аяқ басып отырған заманымызда қоғам мүддесіне лайықты, жан-жақты жетілген, басында ұлттық сана-сезім қалыптасқан ертеңгі қоғам иелері боларлық азамат тәрбиелеп өсіруде, ең алдымен, «мектептің жүрегі» болған ұстаздар қауымының еңбегі зор. Сол себепті, ұстаз мамандығы ғажабы мол ғаламда, әсемдігі мол әлемде қанша жыл, тіпті, ғасыр өтсе де, ешқашан ескірмейді.

Менің сүйікті ұстаздарымның санына шек жетпейді. Алайда, көңілі пәк, ойы нәзік шәкірттерінің жүрек нұрынан өз жемісінің өнімін көруге асыққан бағбан әрі бала жанына ақыл дәнін сепкен ұстаздардың бірі де бірегейі  – Касенова Тұрсын Қомшабайқызы. Бүгінде отты сөзі алмас қылыштай жарқылдаған ұстаз қазақ тіл білімі саласының ерен жүйрігі, сырлы сөз зергері, мектебіміздің мақтанышына айналып отыр. Небір қанатты сөздердің телегей теңізі қолына қағаз алмай, қара сөздің қаймағын қалқып сөйлеген данышпан Абайдың: «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: жылы жүрек, нұрлы ақыл, ыстық қайрат», – деген салмақты сөзінде айтылған қасиеттерді ақылына көркі сай ұстазымның бойынан сан мәрте байқадым. Өйткені, ол ақ мақтадай кіршіксіз жүрегін, қазақтың сайын сахарасындай  қайратын, тау суындай шетсіз-шексіз ақылын тек көңілі дархан еліне, аяулы шәкірттеріне арнады. Әрдайым өзін-өзі қамшылау, білімдіден үйрену, білгеніңді үйрету, сол арқылы қоғамды алға сүйреу – Тұрсын мұғалімнің тағы бір айрықша қасиеті. «Тас қияға өрлеген» ұстаздың сол қасиетінің арқасында талай шәкірттері небір республикалық, халықаралық білім додаларында таудың ұшар басындай биіктерден көрінді.  Бұл – Тұрсын ұстаздың көп жылғы қажырлы еңбегінің нәтижесі, жемісі әрі жеңісі.
Тұрсын Қомшабайқызы – отбасында аяулы жар, асыл балаларына жылулық шуағын төгетін мейірімді ана, ұрпақ тәрбиесінде үлкен үлгі-өнеге көрсетіп жүрген ардақты әже, мен сияқты сан мыңдаған шәкірттерді білім нәрімен сусындатып жүрген  тәжірибесі мол ұстаз, сонымен қатар қазақ тілінің  жанашыры. Елбасымыз айтпақшы, «Қазақ тілі – тәуелсіздігіміздің төртінші белгісі». Мемлекеттік тілді дамыту мақсатында өткір ойлы ұстазым талай істерді атқарды. Оның үлкен дәлелі – «Сөз табиғаты» кітабы. Қазіргі күні бұл  еңбек тұғырлы еліміздегі қазақ тілі мұғалімдерінің темірқазығына айналғандай.
Мен – Тұрсын мұғалімге сенім артатын оқушыларының бірімін. Осыдан байқағаным, менің жанымда ол кісідей үлгі тұтар адамым бар. Мен жоғарыда айтылып кеткен ұстазымның асыл қасиеттерін өзімнің де бойымнан табылғанын қалаймын. Мен ұстазым сияқты алға қойған мақсатыма жеткім келеді. Ал менің мақсатым – туған елімнің шарықтап-көріктеуіне  өзімнің бір тамшыдай болсын үлесімді қосу, Абай айтпақшы, осы дүниеге кірпіш болып қалану. Сондықтан да «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, мен біздің алтын ұямызда Тұрсын ұстаздай ұлы мұғалімдердің болғанын мақтан тұтамын.           Тұрсын Қомшабайқызының нұрлы бейнесі, әрбір салиқалы сөзі, раушан реңі, жан үйірген жұпары, сырғалы ойы, қызғалдақ сезімі, мол бедерлі есімі мәңгі жарқырап сөнбейтін нұрлы сәуледей жүрегімде мәңгі сақтала береді.

Ы. Алтынсарин атындағы
дарынды балаларға арналған
облыстық қазақ гимназия-интернатының
10 «Б»-сынып оқушысы
Шарапиден Аида
Павлодар қаласы

Facebook арқылы пікір жазыңыз

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды. Required fields are marked *

*