Home » Әңгіме » Атаң мен әжеңе соңғы рет қашан бардың?

Атаң мен әжеңе соңғы рет қашан бардың?

Үлкенге – ізет, жасқа – жол

Қарттар десе, бәріміздің есімізге ата-әжелеріміз, ата-аналарымыз түсетіні хақ. Сол ата-аналарымызға деген сүйіспеншілігімізді айтпағанда, сексеннің сеңгірінен асып, тобықтай ғана болып отыратын ата-әжелерімізге деген ыстық ықылас, құрметіміздің қаншалықты зор болғанын бүгінгі жастар білмесе де, орта және аға буын өкілдері жақсы білетін болар.

Жақында «Қазақстандық арман» және «Серпін» ұйымдарының мүшелері Павлодар қаласындағы қарттар үйіне барып «Қариясы бар үйдің – қазынасы бар» атты мерекелік кеш өткізді.

Институт студенттері сахна төрінде өнерлерін паш етіп, ән айтып, қарттардың көңілін көкке көтерді десек болады. Тіпті ата-әжелермен ортаға шығып ойын ойнап, би биледі. Десек те, үлкендердің жүздерінен мұң байқамауға болмайды.

«Ата-анаң жынды болса, байлап бақ!» деген қағиданы ұстанатын қазақ едік. Енді міне, айдын күннің аманында ата-аналарымызды, бақташыға мал өткізіп жатқандай-ақ, қарттар үйіне тапсыра салып, басы артық бір пәледен құтылғандай рахаттанатын күйге жеттік. Қандай қатыгездік десеңізші! Сонда төрінен көрі жақын сормаңдай ата-аналардың жазығы не?! Олар қартайған шағында аялап өсірген ұл-қыздарынан осылайша қасірет шегу үшін жаралды ма? Жоқ! Сонда бұған кім кінәлі? Қоғам ба, ата-аналардың өздері ме, әлде солардың ұрпақтары ма? Шын мәнінде, бұған «қараусыздарға қамқорлық танытып отырған» қоғамды кінәлай алмаймыз. Бұған көп жағдайда кінәлі өзіміз екендігін мойындауымызға тура келеді. «Өзіңнен туған ұл мен қыз сыйламаса, сол қайғы» , – деп Төле би бабамыз айтқандай, бүгінгі тірлігіміздің ауаны соған ойысып бара жатқандай. Олай дейтініміз ата-аналарын қарттар үйіне тапсыратындардың саны жылдан-жылға көбейіп келеді.

Бүгінгі күні қарттарымыз өмірдің әр белестерінен сүрінбей өтіп, қызығы мен шыжығын, тәттісі мен ащысын татып, біздерге, үлгі-өнеге көрсетуде. Олардың істеген қажырлы еңбектерін елемесек болмас.

 

Ибрахим БОЛАТБЕК,

ПМПИ студенті

Facebook арқылы пікір жазыңыз

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды. Required fields are marked *

*