Home » Білім және тарих » ТАРИХ ПӘНІ БОЙЫНША САБАҚТЫ ТИІМДІ ҚЫСҚА МЕРЗІМДІ ЖОСПАРЛАУ (МАҚСАТ ҚОЮ)

ТАРИХ ПӘНІ БОЙЫНША САБАҚТЫ ТИІМДІ ҚЫСҚА МЕРЗІМДІ ЖОСПАРЛАУ (МАҚСАТ ҚОЮ)

Ізғали Жоламан Ізғалиұлы
Атырау облысы бойынша педагогикалық
қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты,
Деңгейлік бағдарламалар орталығының тренері,
тарих магистрі

Көпшілік жағдайда жаңа білім оқушыға түсіндіру арқылы жүзеге асырылып жатады. Ал, қытай нақылында «Егер сіз маған айтып берсеңіз – мен ұмытып қаламын…» – делінген. Ал, дәріс пен оқу арқылы оқушының алған ақпаратты есте сақтауының орташа пайызы 10% ғана екен [1, 31б.].  Олай болса оқушыға жаңа білімді түсіндіру арқылы нақты нәтижеге жету мүмкін емес. Сондықтан да білімді оқушының өзі меңгеріп, түсінуіне көмектесу қажет. Осы тұста А.Эйнштейннің «Мен ешқашан да шәкірттеріме үйретпеймін. Мен тек қана олардың үйренуіне тиімді жағдайлар жасауға тырысамын», – деген ұстанымы еске түседі. Вильям Глассердің зерттеуі бойынша біз білімді ең көбірек тәжірибе жасағанда (80%) және басқаларды үйреткенде игереміз екен [2, 44б.]. Демек, әр сабақ оқушының үдеріске белсене араласа отыра, бірінен-бірі үйренуіне икемдей отыра жоспарлануы қажет.

Жоспарлау ол орта мерзімді жоспардан алынған тақырыптан басталмайды. Демек, мұғалім сабақты жоспарламас бұрын алдымен сыныптағы оқушылардың деңгейін білуі немесе анықтап алуы қажет. Егер сыныптың білім деңгейі төмен болып, ал сабақ жоспары күрделі құрылымданған болса оқушылардың жаңа білімді игеруінде қиындық болады. Яғни, сыныптағы оқушылардың білімді игеру деңгейіне қарай сабақ жоспарланса оқушылардың үйренуіне көбірек мүмкіндік болады деген сөз. Сыныптағы оқушылардың деңгейін анықтап алғаннан кейін ғана, оқушылардың анықталған деңгейіне қарай білімге және оқушыға негізделген оқу мақсаттары қойылады.

Жоспарлау – мақсат пен міндет қою, сондай-ақ қойылған мақсаттарға қол жеткізуге арналған әдістер мен стратегияларды іріктеу мен байланысты қызмет түрі [3, 16б.]. Мақсат – соңғы нәтижені көрсететін тұжырым, яғни мұғалімнің оқушыларға үйреткісі келетін нәрсе. Ал, оқу міндеттері оқу мақсатына жетуде жасалатын кішігірім қадамдарды білдіретін тұжырымдар. Егерде сіз нақты баратын жеріңізді білмейтін болсаңыз, сіз өзіңіз ойламаған жерден шығуыңыз мүмкін. Сондықтан да қандай да бір іс-әрекетті жоспарлауда мақсат нақты және ол мақсатты жүзеге асыратын міндеттеріңіз қадам-қадаммен жүйелі қойылуы қажет. Мақсаттар нақты іс-әрекетті білдіретін етістіктер көмегімен қалыптастырылып жазылады. Ал, міндетті қалай анықтаймыз? Ол үшін «мақсатқа қол жеткізуде мен қандай іс-әрекет жасаймын?» сынды сұрақтарға жауап береміз. Мұғалім «мақсатты» көбіне жалпы неге қол жеткізгісі келетіндігін сипаттау үшін қолданады. Ал, мақсат пен міндеттерге қол жеткізгендегі нәтижелер, яғни күтілетін нәтижелер (бұл мұғалімнің болжауы) «оқушылардың» нысаналары болып табылады. Демек, оқушының сабақ барысында білуі, түсінуі, үйренуі керек нәрселер. Оқу  нәтижелер сабақтан күтілетін түпкі мақсатты білдіреді. Олар келер шақта жазылады. Оқу нәтижелері қолжетімді әрі бағалануға сай болуы керек және оқушылар қиындықсыз түсіне алулары қажет.

Сабақ мақсатын қоюда 1981 жылы Джордж Доран енгізген SMART аббревиатурасын қолдану тиімді. Автордың айтуынша аббревиатураның құрамында оқу мақсаты мен міндеттерін сипаттауға тиіс сын есімдер қамтылған [3, 32б.].

  • Specific – арнайы, нақтылы. Яғни не нәрсеге қол жеткізу қажет екендігі нақтыланған;
  • Measurable – өлшеуге болатын. Яғни мақсатқа жеттік деп айта алатындай болуы керек.
  • Attainable – қолжетімді. Іс-әрекетке негізделген. Нақты қандай іс-әрекет өзімізге қажет нәтиже беретінін түсінуіміз қажет;
  • Realistic – шындыққа сай. Яғни қойылған мақсатқа жете алатындай;
  • Timed – белгілі бір уақыт аралығымен шектелген.

Мысалы: «Ұлт-азаттық көтерілістің басталу себебі мен салдарын білу» мақсатын талдайтын болсақ. Мақсат нақты емес, өлшеуі қиын және мерзім көрсетілмеген. Ал, мақсат өте кең ауқымды болса, онда шындыққа сәйкес емес, нақты емес болады. Егер мақсатты SMART-қа негіздеп жүйелер болсақ: «Сабақ барысында Ұлт-азаттық көтерілістің басталу себебі мен салдарын білу және түсіну». Бұл жерде мақсат нақты, өлшеуге болатын және қолжетімді екендігін көреміз. Яғни, көтерілістің басталу себебі мен салдарын білуге негізделген. Мақсат қиын емес, шындыққа сай және белгілі бір уақыт аралығымен шектелген (сабақ барысында…). Мақсат қою барысында төменде (1-кесте) көрсетілген сұрақтар көлемінде ойлануға болады:

1-кесте

S –          Қандай мәселе қамтылды?

–          Біз не істейміз?

–          Неге мұны дәл осы сәтте істеген маңызды?

M –          Мақсатқа қол жеткізген жағдайда алға ілгерілеушілік болғанын қалай өлшейміз?

–          Мақсатқа жеткенімізді қалай білеміз?

A –          Біздің қазіргі ресурсымызды, соның ішінде уақытты, адамдар мен материалдарды есепке ала отырып, мақсатқа қол жеткізе аламыз ба?
R –          Біз үшін аталған сәтте осы мақсатқа қол жеткізу маңызды ма?
T –          Біз мақсатымызға қашан қол жеткіземіз деп күтуге болады?

Сыныптағы оқушылардың оқу деңгейлері әр-түрлі болуы мүмкін. Сондықтан да мақсаттар оқушылардың деңгейіне қарай сараланып қойылады. Мысалы, барлық оқушылар, оқушылардың басым бөлігі және кейбір оқушылар сабақ барысында нені біледі, нені түсінеді және не үйренетіндіктері көрсетіледі. Төменде (2-кесте) үлгі ретінде сабақты жоспарлаудың мақсат қою бөлімінен үзінді ұсынып отырмын:

2-кесте

Сабақ: 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтеріліс Мектеп:
Күні: Мұғалімнің есімі
Сынып: 9 Қатысқандар саны: Қатыспағандар саны:
Сабаққа негізделген оқу мақсаты Сабақ барысында Ұлт-азаттық көтерілістің басталу себебі мен салдарын білу және түсіну.
Сабақ мақсаттары Барлық оқушылар:

v  Көтерілістің басталған уақытын біледі және аяқталған кезін айта алады;

v  Көтерілістің басталу себебін және негізгі сипатын біледі;

Оқушылардың басым бөлігі:

v  Көтеріліске қатысушы революцияшыл зиялылар өкілдерін біледі;

v  Көтеріліс қамтыған аумақтарды біледі және картадан көрсете алады.

Кейбір оқушылар:

v  Көтерілісшілердің жеңілу себебін талдай алады және елдің кейінгі жағдайын болжай алады;

Нақты жетістікке қол жеткізетін мақсат қою, бұл тиімді жоспарлаудың негізі. Себебі, сабақты құрылымдауыңызбен, сабақ барысы және нәтижеңіз осы мақсаттан келіп шығатындығын естен шығарған жөн. Мақсатқа жету үшін оқушыларға тапсырмалар дайындаймыз, ол тапсырмаларға табыс критерийлері жасақталады. Сондықтан да барлығы белгіленген мақсатқа қол жеткізу үшін байланыстырыла отыра құрылымданады. Ал, оқушы тек берілген тапсырманы орындап қана қоймай, нені түсініп, үйреніп және неге ұмтылуы қажет екендігін біліп отыруы үшін сабаққа қойылған мақсаттармен таныс болғаны жөн. Бұл оқушылардың сабаққа/оқуға деген қызығушылығын арттырады. Сонымен оқуды жоспарлаудағы сынып деңгейіне, оқушы мүмкіндігіне қарай саралап қойылған мақсат – мұғалімнің шеберлігі.

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Мұғалімге арналған нұсқаулық. Үшінші (базалық) деңгей. Төртінші басылым. 2015. 199 б.
  2. А.Әлімов «Интербелсенді әдістемені ЖОО-да қолдану мәселелері» (оқу құралы). Алматы. 2013. 448 б.
  3. Педагогикалық шеберлік орталығы Кембридж университетінің Білім беру факультетімен бірлесіп әзірлеген ҚР педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру курстарының деңгейлі бағдарламасына арналған Глоссарий (Оқу-әдістемелік құрал). 2012. 164 б.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды. Required fields are marked *

*