Home » Жаңалықтар » Ұлы даланың ұлы бастамалары

Ұлы даланың ұлы бастамалары

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласындағы «Архив 2025» бағдарламасын талқылау

Қазіргі таңда қазақ елі ашық аспан астында, бірлікте, бейбіт өмір сүріп жатыр. Осындай тәуелсіздікке жетудің өзі – үлкен тарих. Ата- бабаларымыз өз парыздарын орындап, ұлан байтақ кең даламызды бізге мұра ретінде аманаттап кетті. Бірақ осы жолда бабаларымыздың елге сіңірген ерен еңбектері текке кетпей, нәтижесі қазіргі бейбітшілікке жеткізді.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Әбішұлының «Ұлы даланың жеті қыры» жарлығында еліміздің тарихи жылнамасындағы ақтаңдақтарды қайта қалпына  келтіруге жол ашу, ең бастысы, нақты деректерге сүйене отырып, жаһандық тарихтағы өз рөлімізді зерделеп, байыппен әрі дұрыс пайымдау біздің, яғни, жас буынның міндеті екендігі туралы айтылған болатын. Ал зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін әлемнің бүкіл мұрағаттарындағы деректі құжаттармен жұмыс жасап ізденіске түсу керек. Бірақ  бабаларымыздың өмірі мен ғажап өркениеті жөніндегі көптеген құнды ақпараттар, әлі де болса, ғылыми айналымға түскен жоқ. Яғни, жас ұрпақтың тарихты қайта жаңғыртуға тырыспауы, олардың ізденіске қызығушылық танытпауы қазіргі кезде өзекті мәселеге айналып отыр.

Осыған орай, «Архив-2025» бағдарламасын талқылау үшін Атырау қаласының Назарбаев Зияткерлік мектебінде «Оқжетпес» шаңырағының оқушыларымен өлкеміздегі архивтің зейнеттегі директоры Сүйнешев Зұлбұхар Махсотұлының қатысуымен сұхбат сағаты өткізілді. Сынып оқушылары кездесу барысында архив қызметі мен оның шетел архивтері арасындағы байланысы туралы ақпараттарға қанықты. Сонымен қатар архивтегі құнды құжаттарды сақтап, күтіп-баптаудың әдіс-тәсілдері айтылды. Елбасы мақаласындағы «Архив деректерін тек жинақтап қана қоймай, барлық мүдделі зерттеушілер мен қалың жұртшылыққа қолжетімді болуы үшін оларды белсенді түрде цифрлық форматқа көшіру қажет”,-делінген болатын. Осы міндетке жету үшін біздің архивтердің цифрландыруға дайындығы да талқыланды. Архивтен ізденісте жүрген кез-келген адам бір тарихи тұлға немесе оқиға туралы құнды құжаттардан басқа деректерді ғана алуға құқылы екен. Ал құнды ақпараттарды тек арнайы рұқсатпен ғана көшірмесін жасап, зерттеу жұмысына пайдалана алады. Бұл кездесу мен үшін де пайдалы болды. Себебі, өзімнің зерттеу жұмыстарымды тың идеялармен толықтыруға үлкен үлесін қосты.

«Тарихсыз ұлт- тамырсыз гүл» дегендей, өзіміздің түпкі тамырымызды ұмытпай, керісінше, туған елдің тарихына өзіндік пайдалы іс-әрекетпен із қалдыру қажет. Сондықтан жас буын рухани жаңғырып, өз Алашының тарихын зерделеуге міндетті. Ал осындай рухани бай жастары бар елдің болашағы жарқын болатыны сөзсіз. Яғни, ел болашағы – біздің қолымызда. Жас буын, тарихты ұмытпайық, келешек ұрпаққа дәріптейік!

Аружан Зинеденова,
Атырау қаласы
Химия-биологиялық бағыттағы
Назарбаев Зияткерлік мектебі,
9 «D» сынып оқушысы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды. Required fields are marked *

*