Home » Мақалалар » Туған жерім – Қазығұрт

Туған жерім – Қазығұрт

Мен Махмудова Дильнура 2008 жылы 27 қазанда Қазығұрт ауданында дүниеге келдім. Қ.Сатпаев атындағы мектеп-лицейінің 4 Е орыс сыныбының оқушысымын. Ұлтым ұйғыр. Әкем Тукалаков Дилмурат Қазығұрт ауданында туылған. Анам Максутова Хасиятнур Өзбекстан Республикасында туылған. Отбасымызда үш қыз, екі ұл тәрбиеленіп келеміз. Менің екі әпкем, екі інім бар.

Менің «Туған жерім-Қазығұрт» атты ғылыми жобаны алған себебім,туған жерім Қазығұрт жайлы көбірек білгім келеді.

Елбасымыздың «Рухани жаңғыру-болашаққа бағдар» мақаласында «Адам баласы-шексіз зерденің ғана емес, ғажайып сезімнің иесі.Туған жер-әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір-бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды» дегендей менің де мақсатым-еліме, жеріме, Отаныма деген сүйіспеншілік пен патриоттық сезімімді жоғарлату.

Адам баласы өмірге келген сәттен  сенің жаныңнан әр кез табылатын, қамқоршың, сырласың  ол сенің анаң. Сені осы дүниеге алып келген анаң бір бөлек болса, сол дүниеге келген туған жерің бір бөлек. Сенің бойыңдағы қасиеттердің барлығы қоршаған ортадан, яғни отбасыңнан және туған жеріңнен бойыңа судай сіңеді. Сен қай ортада, қай жерде болмасын ол сенің туған жерің болып қала береді.

Менің елім – Қазақстан Республикасы. Бұл – бай тарихпен, көне мәдениетпен және ерекше табиғатымен ерекшеленетін  ұлы мемлекет.

Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы әлем танитын тәуелсіз мемлекетпіз. Қазақстанда Астана, Алматы қалалары мен 14 облыс, 86 қала, 168 аудан бар. 168 ауданның ішінде менің туған жерім Қазығұрт ауданы бар. Қазығұрт ауданының тарихына қысқаша тоқтала кететін болсақ-1928 жылы ауданның іргесі қаланды.  1931 жылы Ленин селосы аудан орталығы болды. Биыл біздің ауданымыз 90 жасқа толып отыр.

Ауданға қарасты 62 елді мекен, 13 ауылдық округ бар. Аудан орталығы-Қазығұрт ауылы.  Шымкент қаласынан 65 км-дей қашықтықта орналасқан.

Қазығұрт ауданының табиғаты, экономикасы, халқы, сан-алуан аңыздарына тоқтала кетейік.

Қазығұрттың табиғаты өте керемет. Ауданымызда Қазығұрт, Қаржантау, Өгем таулары бар. Жер қойнауынан минералды су, ақ құм, қиыршық тас т.б. құрылыс материалдары бар. Климаты болса өте керемет, қысы жылы. Аудан жерінен Келес, Тастақсай, Өгем, Қаржансай өзендері ағып өтеді. Таулы өңірі мен өзен бойларында итмұрын, долана, тобылғы, жабайы алма, шырша т.б. өседі. Жануарлардан аю, қасқыр, түлкі, таутеке, қоян, саршұнақ т.б. кездеседі.

 

Ауданда 100 000 нан астам тұрғын бар. Халқының құрамы көп ұлтты, әсіресе өзбек, татар, орыс тағы басқа да ұлт өкілдері тұрады. Бәрі тату тәтті, бір-бірімен жақсы араласады. Қысқасын айтқанда қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған заманда өмір сүріп жатырмыз. Ауданның ірі мекендеріне: Қазығұрт, Жаңабазар, Қақпақ, Шарапхана, Рабат, Тұрбат, Шарбұлақ тағы басқа да ауылдар кіреді. Ауылдарда балабақша мен мектеп, базар мен дүкендер бар. Ауыл шаруашылығы жақсы дамуда. Адамдар қой, сиыр, жылқы, ешкі бағумен айналысады.  Олардан сүт, ет, жүн алынады. Бір ғана сүттің өзінен айран, ірімшік, сүзбе және құрт алынады.

Біздің ауданда жеміс-жидектер мен көкеністердің барлық түрлері өседі.

Мысалы: бидай, арпа, картоп, қызанақ, қияр, қарбыз, қауын, алма және басқа да көкөністер мен жемістер өседі.                                                                                .

Қазығұртта мектептер, бала-бақшалар, кітапхана, емхана, мұражай, саябақтар, дүкендер, шаштараз, монша, тойханалар бар. «Жылы су» моншасы көптеген ауруларға ем болады. Бұл монша суының құрамында адам денсаулығына пайдалы көптеген элементтер бар. Осы моншаға ауданның барлық ауылдарыннан келіп ем алып жатады. Бұл судың ыстықтығы 50-60 градус. Минералды құрамы жағынан Сарыағаш арасан суына жақын.

«Қақпақ» елді мекеніне 10 шақырым қашықтықтағы Көктөбе суы көптеген сырқатқа ем. Онда «Ана бұлақ»,           «Ата бұлақ», «Бала бұлақ», «Қыз бұлақ», «Көз бұлақ», «Қотыр бұлақ» сияқты 8 бұлақ бар.

Қазығұртым-табиғатың бар бай өлкем,

Осыншалық сұлулығын неткен көркем.

Тауларың бар көкпен бірге теңесетін,

Көгінде күн шуағы нұрын төккен.

Өзен, көл суларың бар тасып жатқан,

Емдік суың тау мен сайда а ғып жатқан.

Ауырып, ем іздеген шипа тапқан

Керемет қасиетті суың бар жерден шыққан

Қазығұрт ауданында тарихи ескерткіштер бар. Мысалы айта кететін болсақ, Ысмайыл ата, Ақбура секілді кесенелер. Ысмайыл ата аңыз бойынша Ахмед Яссауидің немересі деп саналады.

Әр жердің аңыз әңгімесі болады. Сол аңыздардың бірі – Қазығұрт тауы жайлы аңыз. Аңызда Нұқ пайғамбар жер бетін топан су басатынын біліп, үлкен кеме жасаған. Сол кемеге барлық жануарлар мен құстарды кемесіне алған. Жер бетін су басқан кезде Нұқ пайғамбардың кемесі Қазығұрт тауының басына келіп тоқтаған. Су Қазығұрт тауынан әрі қарай көтерілмеген. Су тасқыны басылған кезде бәрі кемеден шыққан. Содан кейін «Тіршілік Қазығұрттан  басталған» деген сөз қалған. Қазіргі таңда Қазығұрт тауының басында кеме орнындай жазық жер бар.

 

Қазығұрттың басында кеме қалған,

Ол әулие болмаса неге қалған?

Жетім бота үстінде жатып қалып,

Ойсылқара жануар содан қалған,

Қазығұрттың басында кеме қалған,

Ол әулие болмаса неге қалған?

Бір қатпа тай үстінде жатып қалып,

Жылқышы Ата жануар содан қалған.

Қазығұрттың басында кеме қалған,

Ол әулие болмаса неге қалған?

Жалғыз тана үстінде жатып қалып,

Зеңгі баба жануар содан қалған.

Қазығұрттың басында кеме қалған,

Ол әулие болмаса неге қалған?

Жұрын тоқты үстінде жатып қалып,

 Шопан Ата жануар содан қалған, –

деп халық жырында төрттүліктің бәрі, түйе, жылқы, қой- ешкі, сиыр атап айтылады және осылар төрттүліктің пірі болған дегенді меңзейді.

Міне менің туған жерім өте қасиетті киелі мекен.  Оңтүстіктің тарихи орындарға бай болу себебі табиғатының  кереметтігі. Оған дәлел Сайрам-Өгем ұлттық паркі. Қазақстандағы ең әдемі, үлкен ұлттық парктерінің бірі. Онда, түрлі аң-құстар мекендейді. Тіпті Қызыл кітапқа енген, әлемде өте сирек кездесетін қар барысы, тауешкі, қоңыр аю, жайра тағы басқа аңдар кездеседі. Түрлі өсімдіктер өседі. Саябақтың аумағы солтүстіктен оңтүстікке 135 км созылып жатқан табиғатты айтып жеткізу мүмкін емес. 300-ден астам аң-құстың түрі бар.

Аудан орталығы Қазығұрт ауылы күннен күнге көркейіп  келеді. Әсіресе жаңа саябақтағы ағаштар өсіп әдемі демалыс орны болды. Жастар, оның ішінде жаңадан үйленген жас отбасылардың серуендейтін орнына айналды.  Орталықтағы саябақтағы алаң жөнделіп, жазда, кешкі салқында біз ролик теуіп ойнаймыз. Өткен жылы Отбасы аллеясы ашылды.

Менің болашақта Қазығұрт ауданында емдік суларының жанынан курорт, санаторий, емдік шипалы жайлар ашылса деген ұсынысым бар. Таулы жерлерінде демалыс орындары көптеп салынса, көптеген адамдар келуі әбден  мүмкін.

Туған жер әр қашанда қымбат. Туған жерім маған өте ыстық. Мен өз жерімнен алыс кетсем, ол жерді сағынамын. Бәріне ең бірінші  керегі ол- Отан.

 

Отан

Отан біздің анамыз,

Отан біздің панамыз,

Өз отанын ардақтап,

Өсер ұрпақ боламыз!

 

Отан әр бір адамға,

Баға жетпес қазына,

Отан үшін жан беріп,

Қызмет етем халқыма!

  Түркістан облысы, Қазығұрт ауданы
Қ.Сатпаев атындағы мектеп-лицейінің қазақ тілі
мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Кенжебекова Гульнара Сапаралиевна,
Махмудова Дильнура Дильмуратқызы
4  сынып оқушысы

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды. Required fields are marked *

*