Home » Мақалалар » «Нұр-Айдың» жаңа ордасында

«Нұр-Айдың» жаңа ордасында

 Баға жетпес қазынаға балайтын бүгіннің білімді ұрпақтарын тәрбиелеуде көш ілгері келе жатқан іргелі білім ошақтарының бірі – Астана қаласындағы №54 «Нұр-Ай» балабақшасы. Бүгінгі күні дәл осы бүлдіршіндер ордасы қанатын кеңге жайып, қала ортасынан тағы бір жаңа ғимарат ашты. «Нұр-ай» балабақшасының екінші ғимараты саналған 240 орындық балабақша биылғы жылдың қазан айында ғана пайдалануға берілген қаладағы көрікті нысандардың бірі.  Өз келушілерін бір ай бұрын ғана қабылдаған балабақшада бүгінде 240 бүлдіршін  тәрбиелеуде. Кең де жарық ғимарат іші заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған.
Өткен жұма күні жаңа білім ошағында  серіктес балабақшалар мен қаладағы өзге де балабақша директорлары, әдіскерлермен  тәрбиешілерінің  қатысуымен «зияткерлік даму» кластерлік бағыты бойынша «4К модельді  педагог» тақырыбында қалалық семинар өтті.
Өзінің тұшымды ойларымен  тәрбиешілердің ұстазына айналған педагогика ғылымдарының кандидаты доцент, профессор Жұмабекова Фатима Ниязбекқызы алғашқы сөз алып тақырып жайлы, педагогика ғылымы, тәрбиеші рөлі жайлы құнды мағлұматтарымен бөлісті.
Алғашқы болып «Инновация көшбасшысы – сыни тұрғыдан ойлау» тақырыбында әдіскер Хамитова Шұға Темірғалиқызы, тәрбиеші Нуретдинова Әсем Бақытжанқызы жаңа технологияларды пайдалана отырып, білім сапасын арттыру, мазмұнын байыту, оқу үрдісін жетілдіру ,жан-жақты дамыған рухани дүниесі бай жас ұрпақты тәрбиелеу үшін пайдаланылатын жоғарыдағы тақырыпты кең аша білген  сабақ өткізді. Балалардың орнына тәрбиешілер ортаға шыққан шеберлік сағатының мақсаты – педагогтар мен  балалардың ойлау дағдыларын тұрмыстық өмірде де дамыту. Ой қозғай отырып, балалардың өз ойымен өзгелердің ойына сыни қарап естіген, білгенін өзі зерттеп, дәлелдеп, тұжырым жасауға бағыттау, өз бетімен немесе ұжымдық жұмыс жасау осы тақырыптың өзегі. Жиналған тәрбиешілер  қос әріптестерінің арқасында бұл тақырыпты толық аша білді. Астана қаласы бойынша осы бағытта жұмыс жасап жатқан 19 балабақша болса «Нұр-Ай» балабақшасы жетекші үш балабақшаның қатарындағы озық білім ордасы. Серіктес балабақшалар қатарынан қаладағы №59 «Аққанат» балабақшасынан келген тәрбиешілер Айгерім Боранбайқызы, Рысбекова Ақмарал Ерғалиқызы педагогика әдістеме саласында қазақ халқына Алаш зиялылары  мұра етіп қалдырған еңбектерін кеңінен насихаттап жүрген педагогика ғылымдарының докторы, профессор Н.А.Оразахынованың «Сатылай кешенді оқыту» технологиясы негізіндегі өз ойларын жеткізді. Бұл балабақша тәрбиешілері семинарға дайындаған «Сатылай кешенді талдау технологиясы арқылы педагог бойындағы коммуникативті дамыту»бағытында  жұмыс жасап келе жатқан балабақшаның бірі. Халық сауатын ана тілінде ашып, әсіресе мектеп жасына дейінгі балалардың байланыстырып сөйлем құру дағдаларын ұлттық тәлім-тәрбиені негізге ала отырып сатылай іске асыруды көздеген бағдарлама шын мәнінде бүгінгі ұрпақ үшін өте қажет. Алайда бұл бағытты бүгінде Астана қаласында тек 8 оқу орыны ғана өз қолданысына енгізген.
«Блум таксономиясы» әдісі арқылы педагогтардың командалық жүйеде жұмыс жасау шеберлігі тақырыбында ашып айтқан №86 «Зияткер» балабақшасының әдіскері Капарова Венера Серкешбайқызы мен осы балабақшаның психологы Кенжебаева  Казима Бертісқызы өзінің «Интеллектум» орталығының «Саndy» ойыны негізінде құрастырған «Circle»ойынын ересек  мектепалды даярлық топтарында өткізуге арнап дайындаған. Түстер арқылы баланың көру, зейінін тұрақтандыру, визуалдық қабылдауына көмектесетін ойын түрін тәрбиешілерге  көрсетті.
Бұл күнгі семинарда ең ұтымды және өте жоғары дайындықта жұмыстарын көрсеткен №56 «Береке» балабақшасының I санатты тәрбиешісі Жүсіпбекова Айнұр Ибрагимқызының «Туған –Елім, Бақытты- Жерім» атты педагогикалық шеберлік сағаты жас ұрпақ санасына туған жерге деген сүйіспеншілікпен қатар өз елі туралы толық ақпаратты қызықты етіп жеткізудің таптырмас жолын нұсқады. Музыкамен әрленіп, құрал жабдықтар мен туған жердің әр өңірінің байлықтарын өз белгісін  қою арқылы түсіндірген  жұмысты қатысушылар жоғары бағалады.
Әрине жетекші балабақшаның өз деңгейінде көрсетері болған жағдайда ғана ізін басқан өзге серіктестерінің де алдыңғы қатардан көрінері айтпаса да түсінікті.
Қос балабақшаның меңгерушісі тәжірибелі педагог, іскер басшы Иманбаева Зариякүл Мұсабақызының қос ұжымы  өз міндеттерін абыроймен атқара білді. Білікті әдіскер Шұға Темірғалиқызының ізін басқан  жаңа ұжым талантты жастардан құралған жаңашыл орта.
Семинарға қатысушылар жас тәрбиешілердің биімен, әсем әнімен тамаша көңіл күйде тарқасты. Өнер мен білімді қатар ұштап, тәртіпке бағынған осындай ұжымның әрдайым биіктен көрінеріне бізде сенеміз.


Әлия ҒАЛЫМБЕКҚЫЗЫ,
«Білім айнасы» Астана қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды. Required fields are marked *

*