Home » Әңгіме » Жалғыз ағаш

Жалғыз ағаш

Сенің кім екендігіңді дөп басып көрсететін

 әділет таразысы – ата-ананың жүрегінде

 

 Бір кездері асыр сап бірін-бірі қуалап жүрген немерелерінің шадыман күлкісіне мәз боп қарап отырған қос қария осы  ағаштың түбінде отырушы еді.

Ал, қазір ше…? Айнала тап-тақыр. Тек қураған жалғыз ағаш.

Думаны тарқамаған, дастарханы жайылмаған Жұмабай ақсақалдың  шаңырағынан  бір күн де қонақ үзілмеген. Сонау Алматы шаһарынан ат артып дорбасын көтеріп  ұл-қыздары ата-әжесіне немерелерін ертіп келіп жатса, мына шеті Қарақұмнан көз көргендер мен  Жұмабай  ақсақалдың таныс-тамырлары да осы шаңыраққа ат басын бұрмай кетпейтін.

«Үйге балаларым келсе, барлық дүнием түгел», -деп  үзілмеген қонаққа таба наны мен айраны одан қалды қос иығынан дем алған сары самаурыны әрдайым әзір тұратын. Уақыттың қай мезгіліне қарамай қаймақ қатқан күрең шәйін қара кемір бір қабағын шытпай  ұсынушы еді.

Қонақжай атасы мен әжесінің ақ тілегі ендігі үміті осы немересінде. Өмірдің ащысы мен тұщысын бірге татқан  қос қария бар  тәттісін осы немересінен аяған емес. Оқуын  бітірген соң  тиын-тебенін қалтасына салып бұны да сол шаһарға  аттандырды.

Арада жылдар өтті. Кең шаһардан  түсер жол азайды. Күн сайын қариялардың белі бүгіле  берді. Бұрынғыдай  толассыз келушілер де азайды. Қолдарына  шыбық мінген ауыл балалары бұл күнде  бөлмеде жатып  телефонға үңілуде. Бір-бірінің хәлін сұрар көршілерде жоқтың қасы. Немере түгілі үкілеп үміт артқан ұл мен қыздан да хабар үзілген….

Түнеу күні жол түсіп елге барсам зәулім үйдің орнында үйілген топырақ, қураған ағаш қана тұр. Жолға қарай-қарай көздері талған қос қария бір күнде дүниеден озыпты.

Адам түгілі ағашқа да мейірім керек екен-ау?-деп көзіме жас келді. «Бір-бірімізден  жылуымызды аямайықшы, бізді өсірген ата-анамызды ұмытпайықшы» – деп  жалғыз ағаш дауыстап тұрғандай.

                                                                        А.Елеусізқызы
Білім айнасы
Қызылорда қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды. Required fields are marked *

*