Home » Білім және тұлға » Педагогтардың біліктілігін арттыруға себепкер болған

Педагогтардың біліктілігін арттыруға себепкер болған

«Өзіңді  қарапайым  жылы лебізіңмен сыйлата білмесең, құр қаталдықтан түк те шықпайды» деп орыстың жазушысы А.П.Чехов айтқандай, адамның жақсы мінезі мен ниеті қай заманда болсын қоғам үшін маңызды екендігі аян. Өйткені, қарапайым әрі жылы лебізді адамдар әр ұжымда сый, құрметке лайық. Солардың бірі Жамбыл облысы, Тараз қаласындағы №10 «Наурыз» балабақшасының әдіскері Ақылбекова Гүлмира Мәдибекқызы.      Кейіпкеріміз туралы қысқа әңгімемізді оқи отырыңыздар!

 

   Ол 1969 жылы Талас ауданы Тамды ауылында қарапайым отбасында дүниеге келіп, көп балалы отбасында тәрбиеленді. Абай атындағы педагогикалық училищені бітіріп, «Золушка» балабақшасында тәрбиеші қызметін атқарды. 1995 жылы «Наурыз» балабақшасына тәрбиеші болып қабылданып, өзінің жан-жақтылығы мен белсенділігінің арқасында  2000 жылы осы балабақшаға әдіскер болып тағайындалды. Бұл қызметті адал атқара жүріп, М.Х.Дулати атындағы мемлекеттік университетке «Қазақ тілі әдебиеті» мамандығын сырттай оқып тәмамдайды.

Мектеп табалдырығынан өзінің мұғалімдеріне еліктеп өсіп, бойындағы білімін балаларға беріп, сұрақтарына жауап алсам деп жүрек түкпірінде мақсат тұтқан кейіпкеріміз бүгінде сол арман-мақсаттарына жеткен! Бұл да Жаратқанның құдірет күші емес пе?!

«Бүлдіршіндердің арасында жүріп, әрбір баланың қызықты сәттерін көріп, қуанышқа бөленудің өзі бақыт емес пе? Жалпы еңбек өтілім – 28жыл, оның 18 жылында әдіскермін. «Наурыз» балабақшасындағы меңгерушілерім: Р.Төлепбергенқызы, А.Зауытбекқызы, Ф.Жексенқызы болды. Қазіргі таңда Гульнар Жанысбекқызымен бірге қызмет атқарудамыз. Бұл кісілерден білімімді шыңдап, көп нәрсе үйрендім деп айта аламын. Менің жетістіктерге жетуім осы кісілерден алған тәлім-тәрбием», – дейді білікті ұстаз Гүлмира Мәдибекқызы. Оның жетістіктері өте көп, солардың бірі – облыстық білім басқармасы оқу әдістемелік кабинеті алғыс хаты мен дипломының, педагогикалық конференция сертификатының иегері; Республикалық «Ең үздік әдіскер – 2015» және қалалық «Ең үздік балабақша әдіскері – 2016» байқауларында 2 орын алып, дипломмен марапатталуы; Қалалық білім бөлімі мақтау грамотасымен, республикалық «Жылдың үздік 100 мұғалімі» төсбелгісінің иегері болып, журнал-газеттерге бірнеше мақалалары жарияланды.

Ұжымында қарапайым, жылы лебізімен балабақшадағы тәрбиешілерге бағыт-бағдар сілтеп, балалардың әдепті әрі дені сау бала болып өсіп, тәрбиеленуіне елеулі үлесін қосып жатқан Тараз қаласы әкімдігі білім бөлімінің №10 «Наурыз» балабақшасы КҚКМ-нің әдіскері Г.М.Ақылбекованы аймақтағы барлық меңгерушілер мен әдіскерлер мақтай жөнелді. Ұжымындағы тәрбиешілер де өз әдіскеріне дән риза. Мәселен: «Осы педагогтың біліктілігінің арқасында кез-келген ортада өз-өзімізді жақсы жағымыздан көрсете аламыз», – дейді аталған бақшаның ортаңғы тобының тәрбиешісі Бекзат Қадырбекқызы.

 Мекемеде үлгілі әдістемелік көмек көрсете білген кейіпкеріміз отбасында да сыйлы. Бір қыз тәрбиелеп, қазақтың салт-дәстүрін өзінің әрі өзгенің балаларына сіңіре білген кейіпкеріміздің мықтылығын көріп, біз де аймақтағы балалардың болашағы жарқын болатындығына сенімдіміз!   Өйткені, оның өмірлік қағидасы педагогтардың біліктілігін көтеру арқылы тәрбиеленушілердің ой-өрісін, білімін, білімге деген құштарлығын арттыру, адамгершілік құндылықтарын бойына сіңірту болып табылады.

 

Жансая Құрманғалиқызы,
Тараз қаласы,
«Білім айнасы»

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды. Required fields are marked *

*