Home » Жаңалықтар » ҚАШЫҚТЫҚТАН ОҚЫТУ –  ЗАМАН ТАЛАБЫ

ҚАШЫҚТЫҚТАН ОҚЫТУ –  ЗАМАН ТАЛАБЫ

Қазіргі білім беру жүйесінде дәстүрлі түрде қалыптасқан оқыту түрлерімен қатар қашықтықтан оқыту түсінігі пайда болды. Қашықтықтан оқыту, соңғы оншақты жылда, әсіресе жоғары білім беру саласында қарқынды даму үстінде.

Енді осы «қашықтықтан оқыту» деген ұғым қашан пайда болды? Жалпы бұл ұғым жаңашыл болып көрінгенімен, тарихы әріде жатыр. Еуропа елдерінде бастапқы қолданылуы XIX ғ. ортасынан қарапайым пошталық тасымалдау  қызметінен басталса, XX ғ. радио мен теледидардың пайда болуына байланысты жүйелі түрде тұрақты дами бастаған. Осы оқыту түрі өзінің шынайы мағынасына әлемдік ғаламтор желісінің іске қосылуымен ие болды десек артық болмас. Қазіргі таңда білім беру саласында қашықтықтан оқыту түріне сұраныс күн сайын артып келеді.

Сонымен, бұл оқыту түрінің ерекшелігі қандай?

Қашықтықтан оқыту – білім берудің ақпараттық және телекоммуникациялық технологиялардың көмегімен жүзеге асырылатын арнайы түрі. Әдеттегі өзіміз үйренген күндізгі немесе сырттай оқу түрінен айырмашылығы және артықшылықтары өте көп бұл оқу түрі – білім беруші мен алушының өз-ара қарым-қатынасының, оқу құралдары мен әдістемелердің және оқытуды ұйымдастырудың өзгеше түрімен ерекшеленеді.

Анығын айтқанда, жоғары оқу орындарында қашықтықтан оқыту мәселесі – оқуға талап білдірген кез келген адамның білім алуға және белгілі бір ақпарат алуға деген құқықтарын іске асыратын үздіксіз білім беру беру жүйесі нысандарының бірі ретінде қарастырылады және мамандардың негізгі қызметін атқара жүріп еш кедергісіз білімін, біліктілігін арттыруға мүмкіндік беретін жаңа жүйе болып табылады.

Оқытудың осы аталған түрі бойынша оқу үрдісін ұйымдастыру «e-learning» жүйесі бойынша іске асырылады.

e-learning – бұл оқу үрдісін ұйымдастырудағы халықаралық стандарттар мен қадиғаларға сүйенген, барлық заманауи талаптарға сай келетін, электронды және қашықтықтан оқыту жүйесі. Аталмыш жүйе елімізде 2006 жылы ашылған қашықтықтан оқыту порталы MOODLE аясында іске асырылған.

Елімізге қажетті техникалық бағыттағы білікті мамандар дайындауда Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясының алатын орны орасан. 2000 жылдары академия жоғары оқу орындары ортасында алғашқы болып кредиттік оқу жүйесін жүзеге асырғаны баршаға мәлім. Білім жүйесіне қашықтықтан оқыту түрін алғашқылар қатарында енгізгендіктен, оқытудың осы түрі бойынша жинақталған мол тәжірибесі де бар.

Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясында қашықтықтан оқыту түрін қолдана отырып, бірнеше мамандық бойынша бакалаврлар дайындалады. Оларға 5В042000 – «Сәулет», 5В042100 – «Дизайн», 5В072900 – «Құрылыс», 5В07300 – «Құрылыс материалдары, бұйымдарын және конструкцияларын өндіру», 5В075200 – «Инженерлік жүйелер және желілер», 5В050600 – «Экономика», 5В050800 – «Есеп және аудит», 5В071100 – «Геодезия және картография» мамандықтары жатады.

Академияда қашықтықтан білім беру жүйесі халықаралық лицензиясы бар MOODLE порталы арқылы жүзеге асырылады. Оқуға тілек білдіргендер http://elearning.kazgasa.kz порталы бойынша тіркеліп, жоғары білім беру саласының барлық мүмкіндіктеріне ие болады, яғни, өзі таңдаған мамандық түріне сәйкес өтетін пән материалдарын оқып-білуге, бақылау тесттерін тапсыруға, кеңестер алуға жол ашылады. Білім үрдісіне қатысушы әрбір адамның виртуаль түрде «жеке кабинеті» болады және сол кабинет арқылы өзіне қажетті материалдар мен мәліметтерге қалаған уақытында қол жеткізеді. Білім алушылардың қажетті білім дәрежесін игеруі үшін пәндердің оқу-әдістемелік кешенінің электронды нұсқасы жасақталған.  Қазіргі уақытта осы MOODLE порталы бойынша жүргізілетін сабақтардың 600-ге жуық оқу-әдістемелік кешендері жасақталып орналастырылған. Бір артықшылығы – осы кешендерді оқыту түріне байланыссыз барлық студенттер қолдана алады. MOODLE жүйесі тасымалдау талабын шектемейтіндіктен, оқытушы мен студент немесе студенттер өз-ара кез келген форматтағы файлдармен еркін алмаса алады, бұл сызба жұмыстардың орындалуын қажет ететін техникалық мамандықтар үшін өте үлкен жетістік болып табылады.

Таңдалған мамандықққа сәйкес жүргізілетін сабақ пәні курс және семестр бойынша айқындалып, жүйеге апталық формат бойынша орналастырылады. Әрбір апта оқу жоспары бойынша бекітілген белгілі бір тақырыптың қысқаша сипатталуынан тұрады және оны игеру ресурстар мен элементтер арқылы іске асырылады. Ресурс ретінде ақпаратты берудің белгілі бір тәсілін түсінетін болсақ, элемент деп пән бойынша берілген материалды игеруді жеңілдететін кейбір механизмдерді айтамыз.

MOODLE жүйесі бойынша қарастырылған ресурс түрлері:

  1. Бет
  2. Гипер сілтеме
  3. Түсіндірме
  4. Файл
  5. Кітап

Оқытушы MOODLE жүйесі бойынша сабақ дайындау және өткізу барысында элементтер жиынтығын қолдана алады. Оған жататындар: бейне конференциялар (вебинар), глоссарий, тапсырма, кері байланыс, дәрістер, семинарлар, сауалнамалар, форум, чат, тесттік сұрақтар, wiki. Осы элементтерді өз керегінше қолдану арқылы, берілген материалдың игерілу дәрежесі – қандай да бір өткізілетін сабақтың мақсаты мен міндетіне сәйкес келуін үйлестіруге болады. Аталып өткен элементтердің оқу барысында атқаратын қызметіне қысқаша талдау жасайық.

Бейне конференция (вебинар) – on-line дәрістік сабақтар немесе курстық (дипломдық) жобаларға кеңес беру мәселелерін шешуге мүмкіндік береді, дәріс тақырыбы, оның сипаттамасы, қатысуға тиіс топтар, жүргізілу уақыты күні бұрын белгіленеді.

Глоссарий – қандай да бір техникалық терминдердің немесе жиі қойылатын сұрақтарға жауаптар тізімі. Оны жасақтауға немесе қажет уақытында жөндеп отыруға болады. Айта кететін нәрсе – академияда глоссарий міндетті түрде үш тілде жасақталады, және оқыту тіліне  сәйкес қысқаша түсіндірме беріледі.

Тапсырма – оқытушыға оқу жоспары бойынша белгіленген уақытқа сәйкес тапсырмаларды дайындауға және орындалған жұмыстарды тексеріп жинақтауға мүмкіндік беретін элемент.

Кері байланыс – студенттерге кез келген мәселе бойынша сауалнама жүргізуге мүмкіндік беретін құрал түрі.

Дәріс – оқу материалдарын бір-бірімен сілтемелер арқылы байланысатын бірнеше веб-беттерде дайындауға болатын элемент; әр бетте келесі бетке өту үшін арнайы баспа элементі немесе ашық/жабық түрдегі сұрақтар берілуі мүмкін.

Семинар – білім алушылардың бір-бірінің жұмысын әртүрлі әдістермен талдау, бағалау мүмкіндігі.

Сауал – белгілі бір тақырыпты кеңінен талдау мақсатында, жауабы бірнеше нұсқалы болатын бір сұрақты дайындау.

Форум – оқу барысында кездесетін әртүрлі мәселелерді талдауға арналған.

Чат – курстық қатысушыларға нақты шынайы уақыт шамасында вебинар өткізуге арналған элемент.

Wiki – белгілі бір мәтіндерді ұжымды түрде жөндеуге мүмкіндік беретін өте пайдалы функция.

Тесттер – оқу үрдісінде кеңінен қолданылатын әртүрлі тесттер жинағы.

Осы MOODLE жүйесі бойынша бірнеше жылдан бері жұмыс жасап келе жатқандықтан, бұл жүйенің тасымалдық қабілетінің жоғары әрі сенімді екеніне іс жүзінде көз жеткіздік. Бұл жүйенің тағы бір ерекшелігі ретінде – білім алушы әрбір студенттің портфолиосын жасақтау және сақтау мүмкіндігін, студенттердің белсенділігін, олардың оқу барысындағы жұмыс жасау уақытын бақылау, студент білімін кез келген жүйе бойынша бағалау мүмкіндігін айтуға болады.

Қашықтықтан оқыту түрінің дәстүрлі оқыту түрімен салыстырғанда дау туғызбайтын бірнеше артық тұстары бар: оқу құнының арзандығы; оқу мерзімінің қысқалығы; өндірістен қол үзбей оқу мүмкіндігі; бірнеше оқу орнынан қатар білім алу мүмкіндігі; білім алушының жоғары оқу орнынынң географиялық орналасуына тәуелсіздігі; жоғары сапалы кәсіби дайындықтан өту; білімі мен біліктілігін жоғарылату мүмкіндігі. Әрине аталған мүмкіндіктер – оқуға тілек білдірушілердің қызығушылығын туғызады.

Жыл сайын біздің академияға қашықтықтан оқыту түрі бойынша оқуға түсушілер саны артып келеді.  Бұл өз кезегінде білім сапасына, оны беретін оқытушыға деген талап деңгейін жоғарылатады. Сол себепті де оқытушы қазіргі заманғы ақпараттық және педагогикалық технологияны меңгерген, студенттермен бірге желідегі жаңа оқу-танымдық ортада жұмыс істеуге психологиялық тұрғыдан дайын, іскерлік ұстанымда болуы керек.

Білім беру сапасы мен оқытушы шеберлігінің бір ұшы және оның дидактикалық құралдарға  байланысты екені белгілі. Дидактикалық материалдарды жоғары санатты профессорлық-оқытушылық құрам дайындайды, оған оқу жоспарымен белгіленген пәндер бойынша жасақталған электронды оқу-әдістемелік кешені жатады. Кешен құрамына кіретін оқу материалдары жыл сайын жаңартылып, толықтырылып және жетілдіріліп отырады.

Қорыта айтқанда, қашықтықтан оқыту қазіргі заман талабы болса, оны ұйымдастыруда ең бастысы электрондық курстар, қашықтан оқытудың дидактикалық жасалымы, педагог-үйлестірушілерді дайындау болып табылады. Бұл біліктілігі жоғары, зияткерлік және кәсіби деңгейі дамыған, халықаралық дәрежедегі бәсекеге төзімді қоғам құруға зор көмегін тигізеді.

Қашықтықтықтан оқыту технологиясы – мамандарды дайындау мен олардың біліктілігін әрі қарай тереңдете арттыру бағытындағы осы заманның әң әсерлі де тиімді жүйесі болып табылады және болашақта алатын орны орасан екені даусыз.

 

 

Ажгалиева Бану Аккуановна,

ҚазБСҚА жалпы құрылыс факультетінің оқытушысы,

Ақпараттық технологиялар халықаралық академиясының

мүше корреспонденті

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды. Required fields are marked *

*