Home » Білім және тарих » БАБАЛАР РУХЫНА ТАҒЗЫМ – ҰРПАҚ ПАРЫЗЫ

БАБАЛАР РУХЫНА ТАҒЗЫМ – ҰРПАҚ ПАРЫЗЫ

«Өткенсіз бүгін, бүгінсіз-болашақ жоқ » деген қара­пайым ғана сөздің тереңінде салмақты  мән-мағына жататынын жақсы түсінетін  халқымыз қашаннан бабалар рухына тағзым етіп отыруды өзіне парыз-міндет санаған.  Егемендік алып, еңсесін тіктей бастаған  Қазақ елі бүгінде  бабалар ама­на­тына адалдық танытып, өшкенін қайта жаң­ғыртып, қатпарлы қалың тарихымызды жаңаша сипатта зерттеп-зерделеуге ден қоя бастады. 

Қарағанды  облысы, Ақтоғай ауданының, Сарытерек елді мекеніндегі жіңішке өзенінің бойында Сеңгірбай-бек батыр  кесенесін ұрпақтарының ұйтқы  болуымен 2012 жылы  жаңғыртып, көтерді.

2018 жылдың тамыз айының 5 күні  Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданы Ш.Ералиев ауылындае   Малқараұлы Сеңгірбай-бек батыр ұрпақтары  бабалар рухын еске алу құрметіне орай ас өткізуді жоспарлап отыр. 

           Малқараұлы  Сеңгірбек батыр  Кіші жүз Тама руынан шыққан. Кейбір нақты деректерде Сеңгірбай деп аталып жүр, себебі  1832 жылы 9   қаңтарда император I Николай   жарлығымен  төртінші Ақмола округы ашылғаны тарихтан белгілі.  Сол округтің  құрамында   болған Тама  болысының   бірінші  болысы болып  Итемген  Сеңгірбаев  сайланған   және  ұрпақтарында   сақталған  мөрде осылай  жазылған.

Сеңгірбай-бек батырдан  бес  бала туады, олар  Итемген, Арғынбай, Аралбай, Маралбай, Бөрі.

Атақты «Ақтабан  шұбырынды»  кезінде   қазақ   халқын   билеген үш хандықтың     мәмілеге келіп, Кіші   жүздің ханы Әбілқайырды бас сардар етіп, 1726 жылы жоңғарға қарсы қырғын соғыста   оларды   ойсырата   жеңгенін тарихтан жақсы  білеміз.    Жауды    жеңгеннен  кейін   Әбілқайырдың   қолы  еліне қайтқанда   Кіші жүзден 17   батыр Абылай сұлтаның қол астында  қалып   кетеді. Өйткені олар Абылаймен   өне бойы бірге жүрген қанды   көйлек   жанқияр жолдастар еді. Соғыста    үзеңгі қағысып    бірге жүрді, бірін-бірі сыйлай білді. Сөйткен майдандас достар бірінен-бірі ажырасқысы келмеді.

Абылай   өзінің   қарауында калғысы келген достарына Сарысу бойындағы Қоңырөлең, Толағай, Жарық, Бестау, Түгіскен деген жерлерді    мекендеуге енші етіп береді.  Қариялардың      айтуы бойынша, ол батырлар  мыналар: Малғара, Өтебай, Өтеген, Ремет, Жұма, Қозыбақ, Тойғұлы, Қосағалы, Түктіқұрт, Қарамерген, Бекберлі, Бурна, Ақша, тағы    басқалар. Олар   кейін батыс өлкедегі ел-жұрттың біраз бөлігін  көшіріп әкелді.

Осы жоғарыда аталған   батырлардың  ішіндегі Ақша  батыр Малқараның әкесі болса, Малқарадан  біз сөз етіп отырған Абылайдың хан  ордасында  тәлім-тәрбие   алған  Сеңгірбай-бек   туады.

        Өз дәуірінде   батырлығымен шешендігімен ел есінде қалған екен.  Жас болса да Абылай ханның сенімді серіктерінің бірі болғандығы  туралы батырды  Майкөт ақын: «Сеңгірбай бек   Ұлы жүзге елші барған, Ұлығын – датқаларын  жиып  алған. Сөзбенен   әрбір түрлі, қамап алып, Датқалар жауап таппай тұрып алған», дейді. Бұдан ержүрек тұлғаның   қазақ ішіндегі   қадір-қасиеті   қаншалық   ардақ    тұтылғанын   анық аңғару қиын емес.

Ал, Балабек ақын: – Жаратқан – Құдай артық Сеңгірбай бекті, Жасынан «қамал бұзған» батыр, – депті. Қолына Абылайдың олжа салып, Үш   жүздің  батырынан   болған епті, – деп жырлаған.

Сеңгірбай-бек батыр  бабамыздың  алтыншы   ұрпағы  102 жас өмір сүрген  Әйментегі Бимендеұлы Исатай  /1902-2004жж./ батыр бабамыздың  соңғы  елшілік сапары   туралы былай  деп айтып отырушы еді.

Бірде   Абылай   Сеңгірбай-бек батырды   қалмақтың қонтайшысына   бітімшілікке  барып кел деп жұмсайды. Батыр бабамыз  бастаған 26 адам дайындалып жүргенде, әйелі жайсыз түс көреді.

Түсін  енесіне  айтады. Бұлардың сөзін байқап қалған Малғара:

Осы   келін  абыржып жүрген сияқты, не шаруа? -дейді.

Келін  бір жайсыз түс көріпті, содан қорқып Сеңгірбекке барма деп едім, тыңдамай кетіп  қалды деп соны уайымдап жүр, – дейді бәйбішесі.

Олай болатын болса, оны қайтарайық, – деп артынан кісі шаптырады. Сізге әкеңіз  қайтсын, бұл жолы бармай-ақ қойсын, себебін Абылайға өзім айтамын, айтқанды   істесін, – дейді. Келген кісіге:

Әкеме  сәлем айта бар, төрт   баланың   атын өзі қойып еді. Бесінші   баланың  атын  Бөрі  қойсын де. Ер азығы мен бөрі   азығы жолда деген, бет алып қойдым  – депті.

Сол беттерімен қалмақ қонтайшысына келіп, Абылайханның сәлемін жеткізіп, бір-екі күн сонда болады. Барған шаруалары орындалып, елге қайтып келе жатқанда, бірінен соң бірі ауыра бастайды.  Сөйтсе, қара ниет қу қалмақтар барлығының үзеңгісіне у жағып қойыпты.   Сеңгірбай-бек   Ақтоғайдағы жіңішке  өзенінің жиегіне жерленіпті.

ҚЫЛЫШ ӘУЛИЕ

Қылыш   Итемгенұлы   осы күнгі Қарағанды облысы, Жаңаарқа   ауданы, Қаражал   қаласы, Атасу өзенінің бойында дүниеге келген. Нағашы жұрты — Қаракесек.

Оның заманында тамалар аз ғана болса керек. Әкесі әз әулие Итемген би болыс   Абылайханның айбынды батырларының бірі. Жорықта    қырғыздың   Әтеке батырын   тұтқынға түсірген. Саржан төре мың кісімен осы Кіші жүз Тама елін шапқалы келе жатыр деген хабарды     естіп, төре   мен әскерінің көзін байлап, қолға түсіргені туралы   жазба   деректер белгілі.

Әз болған Итемгеннің екі көзі,

Кітаптан кейін емес айтқан сөзі.

Шапқалы мың кісімен Саржан келіп, Қорқытты кереметпен жалғыз өзі.

Итемгенді ел Әтекең дейді екен.

Итемген 95  жасында дүниеден озған екен, бейіті Қарағанды  қаласының  Долинка   жағындағы  Сасықкөл  деген жерде.

Хан Абылайдың Қылышекеңнің атасы Сеңгірбайға    Арқадан ойып тұрып    жер бергені белгілі. Қылшекең     осы жерді түпкілікті мекен етіп қалдыру үшін бүкіл таманың Әліп, Жөгі аталарын, иісі Кіші жүз Жетірудың басын  біріктіріп болыс құрған.

1781 жылы Абылай өлгеннен кейін таққа оның баласы Уәли отырған болатын. Ол хандық таққа патшаның указымен бекітіліп, өзінше еркін билік жүргізе алмады. 1822 жылы Россия императоры хандық атаудың өзін мүлде жоюды ойластырып, М.Сперанский жасаған «Сібір қазақтары туралы уставқа» сүйеніп, Орта жүзді сегіз ок- ругке бөлді. Әр округті аға сұлтандар басқарды. Оның 4 заседателі болды. Оның екеуін орыс ұлтынан іріктеп, губернатор тағайындаған, қалған екеуі қазақ ұлтынан тағайындалды   «Сібір қазақтары туралы устав» бойынша 50-70 үй бір ауыл болып есептелді. Оны старшын басқа- ратын еді. Ал он екі ауылдан бір болыс, 15-20 болыстан жер жағдайына байланысты бір округ құрды.

Осы кез біздің еліміз үшін аса бір елеулі кезең еді. Ел арасына Батыс Сібір генерал-губернаторынан өкілдер шығып, болыстар ұйымдастыра бастаған кезде Сеңгірбай-бек батырдың немересі Қылыш Итемгенұлы     Сарысу бойындағы    Кіші жүзді   ешкімге қоспай, өз алдына бір болыс ету жөнінде талап қояды. Өз алдына болыс болу үшін ең  алдымнен үй санын 800-1000-ға толтыру керек еді. Ал мұндағы тамалар ол санға жетпеді. Сол үшін Ақмола маңына кейін келіп мекендеген Жағалбайлы мен Шеркеш алшын руларына барып, білікті адамдарымен сөйлеседі.

«Бәріміз қосылып бір болыс болайық» деген тілек айтады. Оның бұл тілегін ағайындары     бірауыздан   мақұлдап, Сарысу бойына көшіп келе бастайды. Сөйтіп    ел қарасы қомақтана түседі. Азынаулақ жетпеген     үй санына еркек кіндікті ойын балаларын есепке алады. Олар үшін түтін салығын   төлеуге тура келеді. Оны Тама ішіндегі Молдас деген     атаның білікті қариясы Жидебай өз міндетіне алады. Ол екі      жүзге жуық үйдің түтін салығын төлеп отырады. Сөйтіп Орта жүз ішінде қалың тал арасындагы жалғыз шыршадай Тама болысы құрылады. Оны басқаруға – ел Қылыштың өзін сайлайды. Қылышекең ондаған   жылдар бойы болыс болып, Орта    жүзбен шекаралас Қараөлең деген жерді мекендеп отырады. Оның тілмашы жене хатшысы болып Омбы қаласындағы гимназияны жаңа бітіріп келген тоқа Телғозыұлы Шоң   жұмыс істейді. Ол   сонымен қатар осындағы жастардың оқуына ықпал етеді. Бірнеше балаларды Омбы қаласына оқуға жібертеді. Олардың оқуға түсуіне көмектеседі.

Қылыш дүние салғаннан кейін оның немере інісі Сеңгірбай-бектің кенже    ұлы  Бөрінің баласы Хангелді болыс болады. Одан кейін  Кедей    атадағы  Қазанғап    тұқымы   Есеншора болыс болады. Ол да ұзақ тұра алмайды. Бұл кезде Омбыдағы семинарияда оқып жатқан Хангелдінің баласы Берден де есейіп қалған еді. Болыстыққа халық  бірауыздан    соны қалайды.     Берден Тама болысын 18 жыл билейді.

 Пайдаланылған  дерек  көздері: Тарихи,танымдық,деректік, шежірелік,әдеби кітап «ҮРКЕРДЕЙ БОЛЫП КӨШКЕН ЖҰРТ…» П.Дүйсенбин.Алматы-2007ж

                «Қарағанды  гуманитарлық  колледжі» КМҚК
директорының  ғылыми  жұмысы  жөніндегі
орынбасары  Дархан  ИСАТАЕВ

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды. Required fields are marked *

*