Home » Жаңалықтар » Жарқамыс балабақшасына «бөбекжай» атауы берілді

Жарқамыс балабақшасына «бөбекжай» атауы берілді

«Гүл күнге қарап өседі»демекші жас өркен аға буынға қарап бой түзейді. Сондықтан ұлтымыздың болашағына алайдайтын бірден-бір жан болсаңыз, тәрбиелеуді өзіңізден бастаңыз. Қазақ халқы әуелден тәрбиені, бала тәрбиесін алдыңғы орынға қойған. Осы арқылы баланы тазалыққа, түрлі ақын-жыраулардың өлеңін жаттатқызып білімге, тәрбиеге ұлтжандылыққа, үлкенді сыйлауға баулыды. Ұлттық тәрбие мен сусындап өскен жас- елінің қамын ойлайтын азамат болып шығады. Әр ұлттың қай кезеңде болмасын алдында тұратын ұлы міндеттерінің ең бастысы өзінің ісін, өмірін жалғастыратын салауатты саналы ұрпақ тәрбиелеу. Болашақ қоғам иелерін жан-жақты жетілген, ақыл парасаты мол, мәдени, ғылыми өрісі озық етіп тәрбиелеу аға буынның қоғам алдындағы зор борышы. Қай кезеңде болмасын ұрпақ тәрбиесі ең маңызды міндет. Өйткені балалық шақта алған тәлім тәрбие өмірлік азық болатыны сөзсіз. Өскелең ұрпақты тәрбиелеуде ең алғашқы баспалдақ балабақшаның зор мәнге ие екендігін бірі білсе бірі біле бермесі анық. Солардың бірі әрі біргейі әр баланың қуанышы мен қызыға айналған Ақтөбе облысы,Байғанин ауданы, Жарқамыс бөбекжай балабақшасы.

Жарқамыс балалар балабақшасының іргетасы 1975 жылдары қаланды. Сол тұста балабақшаның меңгерушісі болып Сағынбаева Күләнда қызмет атқарды. Балабақшада 70-ке жуық бала тәрбиеленді. Тәрбиешілер балалармен «ясли», «орта», «естияр» топтары бойынша жұмыс жасады. Ол кезде балабақша “Жарқамыс балалар комбинаты” болып аталған болатын. Сол жылдары балабақшада бар жылулығын балаға арнап, балалар үшін уақыттарын да күш-жігерін де аямай қызмет еткен жұмыскерлер аз емес еді. Солардың бірсыпырасын айта кетсек, Нұғманова Майша, Нұрдәулетова Гүлбаршын, Бәсенова Маруса сынды білікті тәрбиешілер еңбек жолында аянбады. Сонымен қатар балалардың денсаулығын қарайтын медсестра Нұрмағанбетова Мақпал және шаруашылық қызметке жауапты Өзбекбаев Ағади болды. Ал Амандәулетова Ақерке, Темірхан Жаңылсын бала күтіміне қараса, Байниязова Тәпен мен Төлеуова Қибат аспаздық қызметке жауапты болды. Былиева Райлан, Төлегенова Бәдеш, Майланова Сағын, Кенжеғалиева Балдырған, Ерғалиева Нәбира әр түрлі жұмыстар атқарды. 1975жылдың соңына қарай Сағынбаева Күләнда басқа қызметке ауысуына орай, балабақшаның жаңа меңгерушісі болып Елеусізова Балсары басшылық жасады.

1976 жылы балабақшада көптеген өзгерістер орын алды. Айталық, балабақша жаңа орынға ауысты. Жарқамыс елді мекенінде адам санының көбеюіне байланысты бала саны 120 балаға артты. Сол жылдарда балабақшаға маңдай терімен еңбек ізін қалдырған тәрбиешілер қатарына – Зорғұлова Күнсұлу, Жотина Ғалия, Өмірғалиева Ақтолқын, Сағынбева Жұмагүл, Сарина Зейнеп, Тілеумағанбетова Әсия, Спанова

Ақгүл, Толеуова Күлзада секілді тәрбиешілерді айта кетсек артық етпес. Шаруашылық жұмыстарына жауапты – Дүйсенбина Алтын, Айжарықова Нәйла, Қалиева Кенжек сонымен қатар тазалықшы – Сейітова Қалипа болды. Майланова Сағын, Нұрмағанбетова Рәпіш, Аяшева Нұрсұлу, Қыдырбаева Манар, Әйтпенбетова Ұмсындық, Топырова Бибісұлу, Төленова Роза күтуші, күзетші жұмыстарын атқарды. Балалардың денсаулығына қарайтын медсестра Боқтыбаева Марияш, тазалық бөлімінде Кенжеғалиева Балдырған жауапты қызметкер болды. 1976 жылдың соңында жаңа меңгерушісі болып Басенова Маруса тағайындалды.

Жарқамыс балалар бақшасының гүлденуіне, сондай бір қиын-қыстау кезеңдерде балабақшаны сақтап қалуда Сарина Шараның еңбегі зор. Ол 1989 жылы мекемеге меңгеруші болып тағайындалды. Талай балдырған балаусалар, тәп-тәтті бүлдіршіндер түлеп ұшып, мектепке жолдама алған осынау балабақшадағы еңбек жолын Сарина Шара бүгінде қуанышпен еске алады.

Сарина Шара меңгеруші:

* Мен ең алғаш 1975 жылы 25 қаңтарда осы балабақшаға жұмысқа келдім. Маған балалармен жұмыс істеген қатты ұнайтын. Меңгерушілік өте жауапты қызмет. Сол уақыттарда ерінбей жасаған еңбектенген жұмыстарымды қарасам, балабақшада қызмет еткенімді мақтан тұтамын. Себебі кезінде қаншама ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар атқарылды. Қиын сәттер де басымыздан өтті. 1994-1997 жылдары балабақша нарыққа байланысты қысқартыла бастады. Бірте-бірте қысқарған балабақша жабылды. Содан 1999 жылы Облыстық Әділет басқармасына 14 қазан айында заңды тұлға ретінде тіркелдім. Балабақша орнын сақтап қалу және балалар тәрбиесін одан әрі жалғастыру мақсатында жұмыстар атқардық. 1999-2002 жылдар аралығында аудан әкімі, ауыл әкімінің рұқсатымен жұмыс қайта жалғасын тапты. Міне, содан кейін қаншама жыл өтті.Тәуелсіз мемлекет болдық. Жұмыс жақсарды. Жағдайлар дұрысталып, балабақшалар ашыла бастады.

 

1999-2002 жылдары балабақша тәрбиешісі Басығарина Шәрипа, аспазшы Темірхан Жаңылсын, күзетші Жақин Таңжарбай өте ыждағаттылықпен қызмет атқарды.

2002 жылы ең алғаш рет орны сақтаулы Жарқамыс балалар балақшасы ашылды. Балабақша өз істеріне мығым жаңа мамандармен толықты. Музыка жетекшісі Орынбаева Гүлжан , бала күтуші – Қаржаубаева Сара алғашқы болып жұмысқа алынды. Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы білім бөлімінің №30 бұйрығымен 25 бала болған балабақшада бала саны 50ге толықты. 2005 жылы балабақша толықтай жаңартылу жұмыстары жүргізіліп, төбесі шатырланды. «Тәрбиеші адам – тағалы атпен тең» деп халық даналығында көрсеткендей тәрбиешілердің алар орны

төбелдей. Балабақшада бала тәрбиесіне аса жауапты , талай жыл еңбек етіп келе жатқан Сағынбева Жұмагүл, Өмірғалиева Ақтолқын, Бимағанбетова Эльмира, Қаржаубаева Сара, Жотина Ғалия, Жұмабай Гүлнұрды айтуға болады. Шаруашылық меңгерушісі – Байтілеуова Жанар, тазалыққа жауапты Байдуллина Гүлмира, күзетші қызметте Қали Қазбек, Ағадиев Ізгілік, белсенді жұмыс жасап келеді. Көп ұзамай балабақша жылу жүйесі бойынша газбен қамтылды. Қысқа мерзімге операторлар жұмысқа алынды. Қазіргі кезеңде бала саны 60 балаға артты.

2014 жылдың 7 сәуірінде аудандық бұйрық бойынша Жұмабаева Әсел меңгерушілік қызметке сайланды. 2017 жылдың соңына қарай Жарқамыс балабақшасына бөбекжай атауы берілді. 2015 – 2016 жылдары аралығында балабақшаға 21 млн теңге бөлініп, күрделі жөндеу жұмыстары жасалды. Аталмыш қаржыға балабақшаның сырты қоршалып, полы ауыстырылды. Бірақ балабақшаның ішіне әліде жөндеу жұмыстары қажет дейді қазіргі меңгерушісі Әсел Нұрлыбекқызы.

Балабақшада ай сайын түрлі іс-шаралар, мерекелік кештер, спорттық сайыстар ұйымдастырылып тұрады. Күнделікті өткізілетін ертеңгіліктер, ашық тәрбие сағаттары балалар үшін таптырмас білімнің қайнар көзі. Адамгершілікке, еңбексүйгіштікке тәрбиелеу күнделікті балабақша өмірінде, тәрбиешінің жұмыс күнін ұйымдастыру процесінде, ойын және оқу ісінде жоспарлы турде қамтылады. Тәрбиешінің тәртібі, іс – қимылы, балалармен, үлкендермен қарым – қатынасы кішкентай сәбилер үшін үлгі болып, олардың жеке басының қалыптасуына ықпал етеді. Балабақша мен отбасы арасындағы тығыздық артқан сайын бүлдіршіндеріміздің адамгершілік құнды қасиеттері арта түседі. Осыдан келіп, бүлдіршіндерде жақсы қылықтар, ұжымдық қарым – қатынас, адамгершілік сезімдері, еңбексүйгіштік, үлкендер еңбегін құрметтеу, жауапкершілік, патриоттық сезімдер туралы түсініктер қалыптасады. Кішкентай бөбектер адамгершілік қасиеттерді ата – анасынан, үлкендерден, тәрбиешілерден насихаттау арқылы емес, тек шынайы көру, сезіну қатынасында алады. Адамгершіліктің құнды қасиеттерінің негізі отбасында қалыптасады.

Жәмиева Айдана әдіскер:

* 2013жылдан бері Жарқамыс Бөбекжай балабақшасында әдіскер болып қызмет істеп келемін. Әлі де ізденістер, толықтырулар көбірек керек.Себебі жаңа бағдарламалар күнде өзгеріп жатыр. Балаларға сабақтарды әр түрлі бағытта өткізу керек.Жаңа технологияларды меңгеру керек. Білімді күнделікті жетілдіріп, жаңа заманға сай дамып отыру керек. Әлі де талай жетістіктерге жетеміз деген сенімдемін.Мен балабақшаа жұмыс істегенімен қуаншытымын.Неге десеңіз, баламен жұмыс істеу үшін баламен бала болуың керек. Баламен жұмыс істесең, көңілің көтеріледі. Баламен бірге қуанып, баламен бірге шаттанғанға не жетсін!

Жарқамыс бөбекжай балабақшасында бала қатысымы толық, 60 бала тәрбиеленіп келеді.Бүгінде екі топтан 30 -30 баладан топқа бөлді. Жарқамыс бөбекжай балабақшасында 5 тәрбиеші, музыкант, психолог жұмыс жасайды. Алайда жетіспейтін мамандықтарда жоқ емес. Оларға дене шынықтырудан беретін маман, ағылшын тілінен беретін мұғалім сұраныста. Балабақшаның жағдайы жылдан-жылға жақсарып келеді. Жыл сайын әр түрлі балаларға қажетті ойыншықтар алынып тұрады. Алдыңғы жылы 1 маусым балалар күніне Түрк Мұнай газ компаниясы ойыншықтар сыйлаған болатын. Дегенменде жасыратыны жоқ сырттан қолдау көмек қолын созатын, демеушілік жасайтын ірі магнат жоқтың қасы. Сонымен қатар Жарқамыс ауылында бала санының артуына байланысты балабақшада орын саны да шектеулі болып отыр.

Тағы бір айта кететін жайт, аудан, қала бойынша жарыстарға қатынас келмейді. Ең соңғы рет Амандыққызы Айым 2009-2010 жылы аудандық «Айгөлек» байқауына қатысты . Одан кейін сыртпен байланыс мүлде болмады. Мұнда да мәселе біржағынан қаражат жағына келіп тіреледі. Демеуші жоқ болғаннан кейін жүк ата-анаға түседі. Бұған әрине ешкім келіспейді. Өзге аймақтармен байланыс тығыз болса, бізгеде балаларға да жақсы болар еді. Себебі бізде танылатын өнерлі балалар өте көп – дейді музыка жетекшісі Орынбаева Гүлжан.

“Балажанды биелер құлындарын теппейді,Балажанды адамды бала айналып кетпейді”, демекші балаларға барлық жағдай жасалып, балалық шағын бақытты өткізсе бұдан асқан бақыт жоқ.

 

Гүлия Айтуғанова
“Білім айнасы” газетінің журналисті

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды. Required fields are marked *

*