Home » Біле жүріңіз » Жылжымайтын мүлікке құқығыңызды уақытылы мемлекеттік тіркеуден өткізіңіз!

Жылжымайтын мүлікке құқығыңызды уақытылы мемлекеттік тіркеуден өткізіңіз!

Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу жылжымайтын мүлікке құқықтардың туындауын, өзгеруін немесе тоқтатылуын және құқықтық кадастрдағы мемлекеттік тіркеудің өзге де объектілерін мемлекеттің тануы мен растауының міндетті рәсімі болып табылады. Мемлекеттік тіркеудің жылжымайтын мүлікке байланысты өзге де объектілері «Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы» ҚР Заңында айқындалады.

Қазақстан Республикасының Азаматтық Кодесінде және «Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы» ҚР Заңында өзгеше белгіленбесе, жылжымайтын мүлікке құқықтар мемлекеттік тіркелген кезден бастап туындайды, өзгереді және тоқтатылады. Егер тіркеуден бас тартылмаса, өтініш берген кез мемлекеттік тіркеу кезі болып танылады. Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын орган тіркеуге ұсынылған құқық белгілейтін құжатта жазба жасау арқылы жүргізілген тіркеуді құқық иеленушінің өтініші бойынша куәландыруға міндетті. Мемлекеттік тіркеу тәртібі Азаматтық Кодексте және «Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы» ҚР Заңына сәйкес белгіленеді.

Қазақстан Республикасының «Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы» Заңының 9-бабында жылжымайтын мүлікті мемлекеттік тіркеуге құжаттарды тапсыру мерзімі белгіленді. Яғни осы баптың 4 және 5 тармақтарында көзделген жағдайларды қоспағанда, тұлға құқық (құқық ауыртпалығы) туындауы үшін негіз болып табылатын заңдық факт басталған, оның ішінде шартты нотариат куәландырған, сот шешімі күшіне енген, өзге де құқық белгілейтін құжаттар (құқық белгілеуші құжаттар дегеніміз – сату-сатып алу келісім-шарттары, сыйға беру шарттары, әкімнің шешімі немесе заң бойынша мұраға құқық туралы куәлік т.б болуы мүмкін) берілген кезден бастап 6 айдан кешіктірмей мемлекеттік тіркеу туралы өтінішпен жүгінуге міндетті.

Жеке және (немесе) заңды тұлғалардың белгіленген мерзімді бұзуы ҚР заңында көзделген жауаптылыққа әкеп соғады. Яғни кінәлі тұлғалар ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 460 бабымен қаралған әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Атап айтсақ, жеке және (немесе) заңды тұлғалардың жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеуге құжаттарды берудің “Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы” Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген мерзімін бұзуы – ескерту жасауға әкеп соғады.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 460-бабының 1-бөлігінде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған дәл сол әрекет – жеке тұлғаларға – он, заңды тұлғаларға жиырма айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

Сондықтан, жеке тұлғалар мен заңды тұлғалар құқық (құқық ауыртпалығы) туындауы үшін заңдық факті басталған, оның ішінде шартты нотариат куәландырған, сот шешімі күшіне енген, өзге де құқық белгілеуші құжаттар берілген сәттен бастап алты айдан кешіктірілмей мемлекеттік тіркеу туралы өтінішпен жүгінуге қажет.

Н.Дайрабаев
Сырдария аудандық Әділет
басқармасының басшысы, Заңгерлер
қоғамдық бірлестігінің мүшесі

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды. Required fields are marked *

*