Home » Білім және тұлға » БАЛА ЖАНЫНЫҢ БАҒБАНЫ

БАЛА ЖАНЫНЫҢ БАҒБАНЫ

Жаныңда жүр жақсы адам

«Бала оқытуын жақсы білейін деген адам, әуелі балаларға үйретпекші  нәрселерін өзі жақсы білерге керек, екінші баланың табиғатын біліп, көңіл сарайын танитын адам боларға керек» деген екен қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалым, ұлттық жазудың реформаторы, ағартушы Ахмет Байтұрсынұлы. Мұнда дана бабамыз ел болашағы – жас ұрпақты білім нәрімен сусындатуға бел буған адамға жүктелер жауапкершіліктің ара салмағын саралап, міндетін мегзейді. Қазақ ұлттық педагогикасының қайнар бұлағынан бастау алған бұл  қағида арада талай жылдар өтсе де, өзінің дара тағлымы мен құндылығынан ажыраған емес!

ХХІ ғасыр – білім мен ғылымның сан алуан жаңашыл жобалармен толықтырылып, түрленіп, дәуірлеген заманы. Ал заманауи ұстаз – өркениетке үміт артқан егемен еліміздің белсенді азаматы, бірегей тұлғасы. Ел үмітін ақтап, қажырлы еңбек етіп жүрген жүздеген, мыңдаған ұстаздарымыз, бүгінде – ел аузында. Солардың бірі – Лебяжі ауданық мектебінің даярлық тобы мұғалімі – Бикенева Сандуғаш Айтпайқызы.

Сандуғаш Айтпайқызы алғашқы еңбек жолын музыка пәнінің мұғалімі ретінде 2007 жылы Лебяжі ауылындағы «Балдәурен» деп аталатын мектепке дейінгі білім беру мекемесінде бастайды. Өзі армандаған мамандыққа қол жеткізген ол ең алдымен, ақылы мен біліміне, күш-жігеріне сеніп артады. Ойлағанындай, ішкі түйсігі  алдамайды. Әсем ән мен көңілді күй сәбилер бақшасындағы барлық топ балдырғандарының сүйікті сабағына айналады. Олар әрдайым өздерін ырғақты әнмен ғана емес, мейірімді жүзімен, кішіпейіл, биязы мінезімен де бірден баурап алған музыкант апайларының әр сабағын асыға күтеді. Жас маман балдырғандардың мінез-құлқы мен шығармашылық талаптарын неғұрлым тереңірек тануға күш салады. Сөйтіп, келер жылы тәрбиешілік қызметке ерекше ыждаһатпен кіріседі. Арада үш жыл өткен соң, Сандуғаш Айтпайқызы аудандық «Жыл тәрбиешісі» байқауында жеңімпаз атанып, балабақша ұжымының мерейін асырады. Оның мектепке дейінгі балаларды тәрбиелеу ісіндегі шығармашылық еңбегі еленіп, Құрмет грамотасымен марапатталды. 2013 жылы «Нұр Отан» партиясының қоғамдық жұмысына белсене атсалысқаны үшін аталмыш ұйымның Алғыс хатына ие болады.

Әдетте, қай заманда болмасын, адамзат адами қасиеті мен еткен еңбегімен қадірлі. «Еңбектің – наны тәтті» болатынын Сандуғаш Айтпайқызы білім ордасына келген алғашқы уақыттан-ақ жақсы түсінді. Сүйікті ісін шебер меңгерген ол жұмысын бұдан былай аудандағы «Айналайын» балабақшасының ересектер тобында тәрбиеші болып жалғастырды. Жас маман жаңа қызметінде де білімі мен іскерлігін іс жүзінде дәлелдей білді. Ол қалыптасып келе жатқан балғын таланттардың өнерін үздіксіз ұштай берді. Соның куәсі ретінде, 2014 жылы жыл сайын өтілетін аудандық «Мен қазақпын» атты бүлдіршіндердің мәнерлеп оқу сайысында Сандуғаш Айтпайқызының тәрбиеленушісі Жанаков Алмас жеңімпаз атанды. 2015 жылы тәжірибелі ұстаз шығармашыл балалардың «Краски» халықаралық қашықтық байқауына өз тобындағы 18 баланың жұмысын жолдады. Нәтижесінде, 18 баланың барлығы бірдей жүлделі орындарға ие болып, өзі Алғыс хатпен марапатталды. Сандуғаш Айтпайқызы  бүлдіршіндерді өнер әлеміне баулумен қатар, өз шығармашылығын да жүйелі түрде жетілдіріп отырды. 2015 жылы еселі еңбегінің арқасында аудандық тамыз конференциясының әдістемелік форумына қатысып, «Мектепке дейінгі пәндер секциясы» аталымында жүлделі ІІ орынды қанжығасына байлады. Ал, сол жылдың қараша айында республикалық «Балабақша: тәрбиелеу және оқыту» педагогикалық журналында «Біздің ойыншықтарымыз» атты сабағы жарияланды. Жақсы ұстаз – жанға тыныс. Өнерлі, алғыр ұстаз жүлделі жетістіктерімен көзге түсіп, 2016 жылы Лебяжі жалпы орта білім беретін мектебінің мектепалды даярлық тобына  шақырылды. Бұл қадам – табандылық пен еңбекқорлықты өмірлік кредосына айналдырған білікті маманның қызмет сатысымен жоғарылауына мүмкіндік берді. Ол мұнда да өзінің ұстаздық деңгейінің даралығын байқатты. Тәрбиеленушісі – Иманханова Найля халықаралық «Пони» марафонына қатысып, Дипломға ие болса, 2017 жылы тәрбиеленушісі – Тасимов Арыстан республикалық «Үркер» зияткерлік марафонының жеңімпазы» Дипломымен марапатталды. Ал, жүлдегер, жеңімпаз жеткіншектерді аламан додаға әзірлеген еңбегі үшін Бикенева Сандуғаш Айтпайқызы халықаралық «Пони» және республикалық «Үркер» зиякерлік марафондары Дипломдарының иегері атанды. Осылайша, ол балалар шығармашылығын дамытуда бірқатар айтулы марапаттарға қол жеткізіп, ұлы ұстаз Ахмет Байтұрсынұлының киелі қағидасын мүлтіксіз орындаумен келеді. Сандуғаш Айтпайқызы жұмыстан бос уақытында үздіксіз ізденісте жүреді, мақала жазып, әдеби кітаптар оқығанды ұнатады. Оның кәсіби мамандығы мен тәрбие тағлымдары хақында жазған мақалалары аудандық «Аққу» және облыстық «Сарыарқа самалы» басылымдарында да басылып шықты.

«Білімдіден не пайда білгенін көпке айтпаса, үйреткеннен не пайда қайырымы оның қайтпаса» дегендей, 2017 жылы «Жыл тәрбиешісі» аудандық байқауында ізденісі мен қажырлы еңбегі үшін Сандуғаш Бикенева жүлделі І орынды иеленіп, Павлодар қаласында өткен облыстық «Жыл тәрбиешісі – 2017»  байқауына жолдама алды. Іле, аталған байқауда көрсеткен шығармашылық ізденісі, иновациялық идеясы мен кәсіби іскерлігі үшін Павлодар облыстық білім беру басқармасы білім беруді дамытудың инновациялық орталығының Сертификатына ие болды. Сондай-ақ, кейіпкеріміз өткен жылы ұстаздар мерекесі күніне орай, Павлодар қаласында өткен мерекелік іс-шарада «Аялы алақан» номинациясы бойынша Павлодар облыстық білім беру басқармасының Дипломымен марапатталды.

Биылғы оқу жылында да білім мекемесінің табалдырығын жаңадан аттаған балғын бөбектер кезекті жүлделі марапаттарын алып, қуанышқа бөленді. Лебяжі жалпы орта білім беретін даярлық тобының тәрбиеленушісі Шарупич Егор мектепке дейінгі балалар шығармашылығына арналған аудандық XIX «Бүлдіршін» фестивалінің «Көркем сөз» аталымында ІІІ орынға табан тіреді. Айта берсек, талапты ұстаздың тәнті етер тамаша қырлары мен жағымды жаңалықтары таусылар емес. Ежелден ұстаздар қауымын қадір тұтқан халқымыздың оларға деген құрмет-қошеметінің де еш уақытта азаймасы анық. Ұстаз еңбегі – инемен құдық қазғандай, орасан ерік-жігер мен даналықтың жемісі. Олай болса, «Еркін елде өскен ұрпақтың рухы әрдайым биік, жастары жалын жүректі, өршіл намысты болса, ол елдің еңсесі де биік болады» деп Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқандай, еңселі елдің ұрпағын тәрбиелеуде ерен еңбегімен елеулі үлес қосып, білімді, дарынды ұрпақтың талабы мен талантын лайықты бағалата білген аяулы ұстаздар қатары арта берсін, демекпіз!

 

Айгүл МОЛДАШ,

Павлодар қаласы.

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды. Required fields are marked *

*