Home » Білім және өнер » Мектепте ақын өлеңдерін проблемалап оқытудың тиімді жолдары

Мектепте ақын өлеңдерін проблемалап оқытудың тиімді жолдары

        Қазіргі таңда мектепте өлең оқыту мәселесі аз сөз болып жүрген жоқ. Әлі күнге дейін көп мақалаларда, тіпті кітап, газет- журналдарда өлеңнің табиғатын ішкі шырынын мән-мағынасын көркемдік ерекшелігін аша алмай, әрі кетсе, шешендік үлгісін ғана көрсетіп, жылтыр сөздермен орағыттай берумен, несі керек шығарманы тереңдетіп майын тамызып емес, бетін ғана сыпырып, мазмұндаумен шектеліп жүргенін байқап жүргендейміз. Әрине оқушы алғашқы ұсынылған пайымдаулар мен әдіс-тәсілдерді бірден қабылдай қалуы мүмкін емес. Дегенмен, бірден ұғындыру қиынға соғады екен деп, қабілеттілердің қабілетіне неге шектеу қойуымыз керек? Сонымен қоса, бірден игере қоймаса да, келесі сабақта игеруі үшін де, басынан талаптануы керек емес пе? Осы талаптануға неге қолдау көрсетіп, ынтықтыра түспеске?«Оқу – инемен құдық қазғандай»,- деп бекер айтпаған сондықтан білім алу жолының қаншалықты қиын да күрделі болса, сол білім алушыларға білім беруші ұстаздардың да еңбектенуі  соншалықты қиын да шытырманға толы болмақ. Осы шытырманнан дұрыс бағытты тауып, шәкірттерді қажетті білім нәрімен сусындату әрине мыны бізге тікелей қатысты міндет болмақ. Қазақ тілі әдістемесінің білікті маманы Д.Әлімжановтың мыны бір пікірі тіл ғана емес, әдебиет әдістемесі үшін де маңызы өте зор:
“Оқушыларға сапалы білім беру мен ол жөніндегі оқушылардың жүргізетін жұмыстарының тиімділігін арттыруға ерекше көңіл аударғандықтан, проблемалап оқыту қолға алынып отыр. Соған орай қазіргі кезде мектептегі мұғалімдер проблемалап оқытуға ерекше ғылыми-практикалық мән береді. Проблемалап оқыту сабақтың барлық түрлеріне де, тіл материалдарынан барлық тақырыптарды өткенде де қолданылып отырады.  Проблемалап оқытудың мақсаттары мен міндеттері, немесе оның мазмұнымен жүргізудің жолдары оқушылардың ғылыми-шығармашылық білім алуына негізделеді. Соған негіздей отырып, білім алудың тиімді жолдарын үйретеді, өздігінен ізденіп ғылым заңдылықтарын тануға ақыл-ой қабілеттілігін жетілдіреді, материалды талдап білуге дағдыландырады, әр жақты талдау шеберлігіне төселдіреді”.   Ал Белинский былай дейді: “Поэзия балалардың ақылына емес, тұп-тура жүрегіне әсер етерлік музыка болып көрінсін, содан соң оның ақылға қажеті болады”. Бұл пікірді ұлы ақын Абай Құнанбаев та қостаған. Ол: “Ақылмен ойлап білген сөзден гөрі, жүрекпен толғай білген сөз бойға көбірек сіңеді”,-дейді. Олай болса, ең алдымен сөздің өзін, содан соң сөз өнерін таныту керек.
Демек бұл пікірлерге жүгінсек, мектепте көркем шығарманың мазмұнын танытумен шектелу, оқушылардың өздерін ойлантып, іздендірмеу т.б. олқылықтарды жоймай тұрып, проблемалық оқуды іске асыру мүмкін еместігіне мән береміз. Мәселен, мұғалім І. Жансүгіровтің “Көктемде” өлеңін 5 – сыныпта өтті дейік. Өлеңнің қандай жағдайда жазылғанын мұғалім шешен тілмен жан-жақты ашып береді. Өлеңнің идеялық-тақырыптық негізін де жеткізеді. Алайда бұл оқушыға өлеңнің суретті ағынасын жеткізу үшін аздық етеді.
– Негізгісі: Әдеби шығарманың мазмұнын жалаң түсіндіріп кете бермеу керек. Ең негізгісі: көркем туындының көркемдік нәрін жеткізу лазым. Сол арқылы оқушыларды әдемілікке деген сүйіспеншілігін арттыру міндеттері тұр. Мұғалім өлеңнің толық нұсқасын оқушыларға алдын ала үйде жазып келулерін тапсырады, немесе әр оқушы алдына ақ параққа мәтіні таратылып беріледі. Өлең мәтінін толық келтірейік:
Жауыны жауып, жасылы
Жарқылдайды,-жаз кепті.
Өкіреді өзен тасуы,
Қаңқылдайды,-қаз кепті.
Ширады шымайт, шаң шықты,
Құрғады құмайт, саз кепті.
Төңірек ашық, тұман жоқ,
Көктен нұрын күн септі.
Тоғайда, көлде той қылып.
Қаптады құстар жер-көкті.
Ауылдың малы балалап,
Айран шықты аз-көпті.
Манаурап мал, жан жадырап,
Жан-жануар мәз бопты.
Сабақ барысында болуға тиіс сұрақ жауаптардың ең қажет ықтимал деген нұсқалары алынады
-Ал балалар,кім жауап береді?Көктем келгенін қай көріністен көрдіңдер?
-Оқушылар көктемнің келгенін өз түсінушілерінше айтады.
Мұғалім сөзі:
-Балалар,нақты қай сөздерден? Ақынның көктемнің келгеніне қуанғанын байқай алдыңдар?
Оқушылар жауабы:
-Жауынның жауғанын, күннің жылынғанына қуанады- деп жауап береді.
Мұғалім түсіндіреді:
-Ол ғана емес. 1. «Жарқылдайды», «қаңқылдайды», деген сөздерден ақынның табиғатта не өзгеріс болғанын жай хабарламай, қызықты, әсерлі бейнелеп тұрғанын байқамаймыз ба?
Сонымен қатар «жарқылдаған» жасылды, «өкірген» өзен ағысын ақын бөліп алады, себебі ол ерекше құбылыстарды қызықтайды. Ағысы бәсең, суы шағын өзен емес, өкірген дыбысқа ие болған, ағыны қатты, суы мол болуы мен ерекше екен.

  1. Балалар, тағы бір сұрақ: «Құстардың көп екенін қай сөзден көрдіңдер?»
    -«Қаптады» деген сөзден
    – Неге?
    – Балалар, қане салыстырайық: «құс көп» деген тіркес және «құс қаптады» деген тіркесті алайық. Қайсысында құстардың көп екенін көз алдарыңа елестетіңдерші.
    – Әрине, «Құс қаптады» деген тіркестен бірден аңғарамыз.

Мұғалім қорытады:
Міне, бұл, ақынның сурет салу шеберлігі, елестете білетіні.
Балалар, енді осы талдауымызды қорытайық. Өлең бізге не үшін керек? Көктемнің қалай келгенін баяндап өтуге ме? Оны біз өлеңсіз де білмейміз бе? Өлеңде тек  табиғат көріністері емес, ақын сезімі болады. Демек  әр ақын көктемді өзінше  жырлап, өзінше мерейлетеді екен. Демек біз үшін өлең осынысымен қымбат.

Пайдаланылған әдебиеттер :
Мәшһүр-Жүсіп Қуандық Пазылұлы. Көркем сөздің құдіреті, «ЭКО» ҒӨФ. Павлодар, 2000 ж., 288 б.

  1. Әлімжанов Д. Проблемалап оқыту туралы.  «Қазақ филологиясы»жинағының 4 – кітабы ішінде.
  2. Қазақ ССР Оқу министірлігі, Алматы, 1977, 88 бет.

Жаңыл  ҚАМБАРБЕКОВА
Оңтүстік Қазақстан Облысы,
Мақтарал ауданы
 Ә.Жангелдин атындағы №52 ЖОМ КММ

 

One comment

  1. Ote aserli…keremet aitilgan!osindai mamandar mina zamanda ote tapshi…Bolashagin jarkin bolsin jas maman…

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды. Required fields are marked *

*