Home » Мақалалар » Тараздағы № 18 орта  мектепте жалпыұлттық ата-аналар жиналысы

Тараздағы № 18 орта  мектепте жалпыұлттық ата-аналар жиналысы

 

Сахарова Галина Владимировна Тараз қаласының №18 орта мектебінде ата-аналар комитетінің төрайымы. Аталған мекемеде оның  үш баласы лайықты білім алып, тәрбиеленуде. Оның айтуынша 2018 жылдың 15 мамыр күні Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің жалпыұлттық ата-аналар жиналасын еліміздің барлық мектептерінде ұйымдастыруы балаларымыз үшін қажетті іс-шара.  Ендеше осы мектепте өткен жиналыстың мән-жайы туралы оқи отырыңыздар.  

Жамбыл облысы Тараз қаласы әкімдігінің білім бөлімі «№18 орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде ағымдағы жылдың 15 мамырында сағат 18.30-де  «Білімді ұлт – сапалы оқыту мен отбасы құндылығы» тақырыбында Жалпыұлттық ата-аналар жиналысы болып өтті. Жиынның мақсаты аталмыш мектептің оқушыларының ата-аналарымен қоян-қолтық жұмыс жасау арқылы оларды мемлекеттік білім беру саясатының бағыттарымен ақпараттандыру.

Жалпыұлттық ата-аналар жиналысы халықаралық отбасы күніне орай ұйымдастырылып, қоғамдағы әлеуметтік институттардың маңыздылығын көрсетті. «Отан – отбасынан басталады», сондықтан да жаңа бағдарлама бойынша оқытылып жатқан оқушыларға ұстаздармен қатар ата-аналардың да көмегі қажет екендігі туралы сөз қозғалды.

Республика бойынша мән-маңыздылығы жоғары болған бұл мектептегі жиынның қатысушылары ата-аналар, Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасының бас маманы Сейдуалиева Зульфира Советбекқызы, Тараз қаласы ІІД-нің әйелдер құқын қорғау бөлімшесінің аға инспекторы, полиция майоры Пискарева Елена Михайловна, Тараз қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі бастығының орынбасары Малшыбаева Шолпан Жорабекқызы мен Республикалық ғылыми-танымдық «Білім айнасы» газетінің Жамбыл облыстық меншікті тілшісі Жансая Құрманғалиқызы жалпыұлттық ата-аналар жиналысы туралы өз пікірлерімен бөлісіп, қоғамдағы ең басты түйткіл балалардың бақытты әрі  жарқын өмірі екендігін ерекше атап өтті.

Жалпыұлттық ата-аналар жиналысының күн тәртібінде: оқушылардың жылдық қорытындылары мен жетістіктері туралы мектеп директоры Баклагина Ирина Геннадьевна айтып өтсе, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру – тәрбие негізі, мектептердегі «Қамқоршылық кеңес» туралы мәселені қозғаған директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Әділова Гүлнәр Кәуезханқызы еді. Осыған орай «Қамқоршылық кеңестің» шешімімен мектепте оқитын әр бала үшін айына 100 теңгеден жинап, банктен депозит қорын ашу жөнінде ата-аналар бірауыздан қолдау білдіріп, ортақ мәмілеге келді. Сонымен қатар іс-шара барысында оқу пороцесін цифраландыру және де алдағы оқу жылында робототехника бағыты бойынша да курстар ашылатындығы туралы ата-аналарға ақпарат берілді. Балалармен тәрбие жұмыстарын жүргізу туралы мектеп психологы баяндама оқыса, ектеп кітапханашысы оқулықтарды әзірлеу, оларды жыл соңында түгендеп, мектептің қорына өткізу жайында айта кетті.
Ата-аналар тарапынан мектептегі күрделі жөндеу жұмыстары және тағы басқа да мәселелер талқыланып, өз шешімін тапты.

P.S. Тараз қаласының №18 орта мектептің ұстаздарымен қатар ата-аналары бұл жиында да оқушылардың болашағына бей-жай қарамайтындығын көрсетті.        

 

Жансая Құрманғалиқызы,
«Білім айнасы»,
Тараз қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды. Required fields are marked *

*