Home » Білім және тұлға » Елбасы саланы цифрландыру жұмыстарына оң бағасын берді

Елбасы саланы цифрландыру жұмыстарына оң бағасын берді

   Мамырдың 15-і күні Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келген Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев білім саласын цифрландыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстардан хабардар болды.
   Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ашылған Оралдағы Оқушылар сарайында болған Президент алдымен мұндағы Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов атындағы бокс орталығына бас сұғып, балғын спортшылармен әңгімелесті.
Бұдан соң облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңіріміздегі денсаулық сақтау және білім беру салаларында жүзеге асырылып жатқан цифрландыру жұмыстарының барысынан хабардар етті. Орал қаласы мен аудан орталықтары кең жолақты интернетпен жүз пайыз қамтылғанын, енді шалғай ауылдарға интернет жеткізу жұмыстары қолға алынғанын мәлімдеген Ғабидолла Абдоллаұлы білім саласын цифрландыру жұмыстарына да тоқталды.
Өңірімізде 3-6 жас аралығындағы бүлдіршіндерді балабақшамен қамту көрсеткіші 99,9 пайызға жеткен. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 43 жеке балабақша пайдалануға беріліпті. Биыл олардың қатары 15 жеке балабақшамен толықтырылса, бүлдіршіндерді балабақшамен қамту көрсеткіші 100 пайызға жетпек. – Еліміздің Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп, «Күнделік» электрондық журналын жүргізудеміз. Соның арқасында баланың мектепке белгісіз себеппен келмеуі 70 пайызға қысқарып, білім сапасы 15 пайызға артты. Бұл ата-ананың баласының үлгерімін және сабаққа қатысуын электронды түрде мобильдік құрылғы арқылы бақылауға мүмкіндік береді. Интернет жоқ шалғай елді мекендерге офлайн режімінде жұмыс жасайтын «Білім book» құрылғысы сатып алынды. Бұл жүйемен шағын жинақты мектептерді қамтамасыз етеміз, – деген Ғабидолла Абдоллаұлы бұл ауыл баласының сапалы білім алуына қолайлы мүмкіндік екенін айтты. Сонымен бірге Назарбаев зияткерлік мектептерінің озық тәжірибесін ауылдық білім ошақтарына тарату нәтижесінде ауылдық мектептер мен қала мектептеріндегі білім сапасының алшақтығы азайған.
Облыс әкімінің орынбасары өз сөзінде Президенттің цифрландыру бағдарламасына сәйкес мұғалім мен дәрігердің тек өз ісімен айналысуына жол ашылғанын мәлімдеді. Батыс Қазақстандағы денсаулық және білім салаларын цифрландыру барысының қарқындылығына риза болған Мемлекет басшысы жасалып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді.

Ләззат САЛАУАТҚЫЗЫ,
БҚО, Орал қаласы,
«Білім айнасы»

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды. Required fields are marked *

*