Home » Жаңалықтар » Мүмкіндігі шектеулі балаларды әлеуметтік-психологиялық бейімдеудің маңызы

Мүмкіндігі шектеулі балаларды әлеуметтік-психологиялық бейімдеудің маңызы

 

Көптеген ғасырлар бойы «адамзат» әр түрлі ғылым салаларының басты объектісі болып келеді, себебі ғылым мен адамзат бір бірімен тығыз байланыста келеді. Өз тарихын, мәдениетін, табиғи болмысын танып білуге деген адамзат құштарлығының шегі болған емес. Осы таным жолында психология ғылымының орны аса зор әрі ерекше. Адам болмысының табиғаты, оның саналы қоғам шеңберінде өркендеуі мен қалыптасуы, айналасындағы басқа адамдармен қарым қатынасының ерекшеліктері психология ғылымының негізінде жатыр. Адамның даму заңдары мен болмысының мүмкіндіктері жөніндегі білімдер жүйесі бүкіл қоғамның дамуы үшін өте қажет. Көп жағдайда адамдардың жеке және ұжымдық әрекеттерінің механизі, әрекет, әлеуметтік бағыт, тәртіп стереотиптерінің қалыптасу заңдылықтары жөніндегі білімдерді пайдаланбай, сезім, психологиялық климатты танып білмей, жеке адамның ерекшеліктері мен психологиялық қасиеттерін,қабілетін, сезімін, мінезін, адам аралық қатынастарын зерттемей, әлеуметтік процестер мен құбылыстардың мәні толық ашылмайды. Яғни, әлеуметтік процестерді зерттеуде психологиялық факторларды ескеру-заңды қажеттілік.Осыған орай,психология бірнеше салаға бөлінген. Соның бірі-әлеуметтік психология

Әлеуметтік психология- адамдардың әр түрлі ұйымдасқан немесе ұйымдаспаған топтарында көрініс беретін психикалық болмысын зерттеумен айналысады.Әлеуметтік психология бүгінгі таңда ерекше сұранысқа ие. Өйткені әлемдік проблемаларды шешуден бастап, адам қашанда топтың өкілі болғандықтан,оның ортаға бейімделуі, күнделікті тұрмыстағы кездесетін қақтығыс, күйзелістерді зерттеп, қажетті шешімдерге қол жеткізуге болады. Адам баласында өмірге келген сәттен бастап, белгілі ортаға бейімделу процесі жүреді. Психологияда бұл процесті адаптация деп атайды. Бейімделудің негізгі түрлері –сенсорлық бейімделу мен әлеуметтік бейімделу. Сенсорлық бейімделу–түйсіктердің бейімделуі. Әлеуметтік бейімделу –бейімделудің еңжоғары дәрежесі, бір жағынан, үнемі жүретін индивидтің әлеуметтік орта жағдайларына белсенді түрде бейімделу процесі, екінші жағынан, бұл процестің нәтижесі. Осы екі компоненттің өзара қатынасы индивидтің қажеттіліктеріне, оларды қанағаттандыру мүмкіндігіне тәуелді. Бейімделу үздіксіз жүретін процесс болса да, оны әдетте, адамның өмірінде негізгі әрекеттердің және әлеуметтік ортаның ауысуымен байланыстырады.Психологиялық бейімделудің негізгі көріністері – адамның айналасындағы адамдармен белсенді қарым-қатынас жасауы. Психологиялық бейімделудің басты құралы-тәрбие, білім, еңбек және кәсіби даярлық болып табылады. Психологиялық адаптация, адам өміріндегі кез келген өзгерістерде жүзеге асады.

Мүмкіндігі шектеулі балалардың бейімделу немесе адаптация қиындықтарын жеңілдету, психикалық дамуын қалыпты балалардың психикалық дамуы деңгейіне жақындату коррекция және компенсация жолдарымен жүзеге асады. Дәлірек айтқанда, коррекция (түзету) ұғымы – психикалық және дене бітімдік дамудағы кемшіліктерді, психологиялық-педагогикалық және емдеу-сауықтыру шараларының жүйесі көмігімен түзету. Көршілес мемлекет Ресейде түзету жұмысының теориясы мен тәжірбиесін дамытуда жетекші рөлді А.Н.Граборов (1885-1949) атқарды. Ол ақыл ойы кем балалармен жүргізілетін сабақтардың біртұтас жуйесін жасады. Бұл жүйенің құрамына нелер кіреді? Оған ойлау, есте сақтау үдерістерін дамытуға ықпал ететін әр түрлі ойындар, шыдамдылықты, төзімділікті қажет ететін қол еңбегі, топтық саяхаттар тәрізді маңызды әлеуметтік мазмұндағы жұмыстар енеді.

Кемістіктердің орнын толтыруда психотерапияның рөлі ерекше маңызды.Ұзақ уақытқа дейін, психотерапевтік шаралар вербальды коммуникация, интеллект сияқты қалыпты дамыған адамға тән компоненттер негізінде ғана жүзеге асады деген теріс ұғым орын алып келді. Бірақ ақыл ойы кем балаларда интеллекттуалды әрекеттік болатыны және психотерапияда вербальды емес әдістердің қолданылатыны дәлелденді, мысалы арттерапия. Олигрофрен оқушылармен психотерапевтік жұмыстар жүргізу барысында, нәтижесінде олардың зейін, қабылдау, есте сақтау қабілеттерінің артқанын, оқу әрекетінің арта түскендігін байқауға болады. Сондай-ақ, психикалық дамуы тежелген балалармен жүргізілген психотерапевтік жұмыстарда өз нәтижелерін көрсетіп келеді.

Даму мүмкіндігі шектеулі балалар проблемасы өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Дене кемістігінің қай түрі болса да, мейлі ол соқыр, не саңырау, не туғаннан кем ақыл болса да, оның өмірге деген көзқарасы өзгеріп қана қоймай, айналасындағы адамдармен де қарым – қатынас жасауын қиындатады. Дене кемістігі адамның әлеуметтік өмірдегі мінез құлқының ауытқуына әкеп соқтырады.
1919 жылдың 10 желтоқсанында ақыл – ой кемістігі бар балалардың денсаулығын сақтау жөніндегі қаулы қабылданды.
Ақыл – ой тәрбиесі тек ойдың дамуы ғана емес, оның дамуы ойлау процесінің құрылысымен де сипатталады. Даму баланың сандық, сапалық жағынан жетілуі, психикасының, ой – санасының өсуі.
Ақыл – ойдың дамуы дегеніміз – оқушының жасына байланысты білім мен тәрбиенің әсерінен, оның ақыл – ой әрекетінде болатын сандық және сапалық өзгерістерінің жиынтығы. Ақыл – ойды дамытудың шарты, іс – әрекетін тиімді ұйымдастырылуы, әлеуметтік ортаның әсері, адамдардың қарым – қатынасы, тілді меңгеруі, қабылдауы мен түйсінуі, берілетін білім сапасы.
Жас ұрпақтың ақыл – ойының дамуы еңбек пен ғылым, білімнің ұштасуына байланысты.
Даму мүмкіндігі шектеулі оқушыларды анықтауда дұрыс диагностика жүргізу, оларды табысты және нәтижелі оқытуға, ал болашақта әлеуметтік ортаға бейімделіп кетуіне жағдай тудыратын арнайы сыныптар мен топтарға орналастыру – қазіргі уақыттағы аса маңызды әлеуметтік және педагогикалық мәселе болып табылады.
Жас ұрпақты оқыту – тәрбиелеу жұмысын қазіргі заман талабына сай стандартқа енгізуді оқушылармен жеке дифференциалды жұмыс істеу нәтижесінде қол жеткізуге болады. Демек, оқушыларға қажетті білім, білік көлемі мен дағдыларын қазіргі қоғамның талабымен сәйкестендіріп беру қажет.
Даму мүмкіндігі шектеулі оқушылармен жұмыс істеген, кезде балалардың есте сақтау, онан кейін жатталатын материалды қайта жаттатырғанда қалай қиналатын көрген мұғалім, интеллектісі бұзылған және ақыл – ойы кемтар балалардың есте сақтауын дамытуға оңтайлы екі әсер ететін түрлі жаттығуларды топтастырып, дамытуға көңіл бөлу керек.
Даму мүмкіндігі шектеулі оқушыларды психикалық дамуын жетілдіру негізінен үш бағытта жүргізіледі:
1. Балаларға жан – жақты диагностикалық тексерулер мен мамандардың консультативтік кеңестерін ұйымдастыру, негізгі зақымданулардың дәрежесін анықтау;
2. Емдеу, сауықтыру, әлеуметтік бейімдеу жұмыстарын ұйымдастыру;
3. Түзету және дамыту бағыттарында арнайы әдістемелерді құрастырып, оларды қолдану.

Психологиялық коррекцияның негізгі сипаттамасы
Мүмкіндігі шектеулі балалардың дамуындағы психикалық процестердің, қасиеттердің пайда болу, даму заңдылықтарын, ерекшеліктерін, қарым-қатынасын игеру үшін жалпы және жас ерекшелік психологиясы, жас ерекшелік педагогикасы, жас ерекшелік физиологиясы, дифференциалды және практикалық диагностика пәндерін оқып-үйрену арқылы жүзеге асады.
Тәрбие мен оқытудың күрделі міндеттерін шешу көбіне тәрбиешінің, педагогтың кәсіби шеберлігіне тәуелді. Бірақ қазір аталмыш шеберліктің деңгейі көбіне педагогтың психологиялық дайындығымен, оның арнайы білім беру мекемелерінде – бала бақшаларында, арнайы мекемелерде, мектептерде жұмыс істейтіндермен, психологтармен бірлесіп жұмыс істеуге деген ұмтылысымен белгіленеді. Әр бала жеке тұлға. Біреулер тез дамыса, енді біреулері ақырын дамиды. Әр баланың дамуына байланысты түзету-дамыту сабақтарын жобалап, таңдап өткізген өте тиімді.
Педагог пен психологтың біріккен іс-әрекеті, баланың психологиялық ерекшеліктерін түсіну негізінде, балаға деген жеке ықпал жасауын қамтиды, дер уақытында баланың психикалық дамуындағы және тәртібіндегі бұзылыстарды анықтауға мүмкіндік береді және оған қажетті психологиялық-педагогикалық көмектің берілуін қамтиды.
Психологиялық-педагогикалық коррекция – бұл баланың оқудағы, тәртібіндегі, басқа адамдармен-балалармен және ересектермен қарым-қатынасқа түсудегі мүмкіндіктерін жоғарлатуға, оның потенциалдық мүмкіншіліктерін, шығармашылық резервтерін анықтауға бағытталған психолог пен педагог-дефектологтың біріккен іс-әрекеті.
Педагог-дефектологтар және тәрбиешілер психокоррекциялық әдістердің мүмкіндіктерін дұрыс түсінуі қажет, оларды қолдану салаларын білуі қажет, балаларды тәрбиелеу мен оқыту тәжірибесінде коррекциялық тәсілдер мен әдістерді дұрыс қолдана білуі тиіс.
«Коррекция» терминінің бір мәні, латын тілінен аударғанда – түзету, жартылай түзету немесе өзгерту (лат. correctio). Психологиялық коррекция дегеніміз жас ерекшелік психологияда қабылданған критерийлар (бағалау) жүйесі бойынша нормаға немесе жас ерекшелік бағдарға, онтогенездің бір сатысындағы бала дамуының дұрыс варианты ретінде, аталмыш дамудың гипотетикалық «оптималды» моделіне сәйкеспейтін психикалық дамудың ерекшеліктерін түзетуге бағытталған психологиялық-педагогикалық іс-әрекеттің белгіленген түрі.
Мүмкіндігі шектеулі балалармен психокоррекциялық жұмыстың негізгі мақсаты — мүмкіндігі шектеулі балалардың психикалық және тұлғалық дамуын қамтамасыз ету.
Негізгі міндеті — әр бала тұлғасының потенциалдық мүмкіндіктерін дамыту үшін оптималды психологиялық-педагогикалық жағдайларды туғызу негізінде, мүмкіндігі шектеулі балалардың психикалық дамуындағы (ақыл-ойындағы, эмоцияларындағы, мотивацияларындағы, мінез-құлқындағы, ерік- жігеріндегі, қимылындағы және т.б.) ауытқуларды психологиялық-педагогикалық коррекциялау (түзеу).
Коррекциялық жұмыстың мақсаты мен міндеті мүмкіндіктері шектеулі балаларға деген қатынастың психологиялық-педагогикалық позициясын көрсетеді: арнайы білім беру жүйесіне баланы келтіру, түзеу емес, ал аталмыш арнайы білім беру жүйесін, мүмкіндіктері шектеулі балалардың дамуын, тәрбиеленуін, оқуын қамту үшін, коррекциялау, түзеу (бейімдеу) қажет.

                         Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Дубровина И.В. Психокоррекционная и развивающая работа с детьми. – М., 2001.
  2. Психокоррекционная и развивающая работа с детьми/ Под ред. И.В.Дубровиной. – М.: Академия, 2001. – 160с.
  3. Бейсенбекова Г.Б. Кіші жастағы оқушы тұлғасының психологиялық-педагогикалық диагностикасы. Оқу құралы. Қарағанды: „САНАТ–Полиграфия“, 2008.
  4. Захаров А.И. Психотерапия неврозов у детей и подростков. — М., 2001.

 Абдрахмиова Жадыра Жолдасбекқызы
«Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы,
Алматы облысы бойынша педагог
қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты,
«Мұғалімнің кәсіби дамуын психологиялық-
педагогикалық тұрғыдан қолдау» кафедрасының
аға оқытушысы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды. Required fields are marked *

*