Home » Тұлға » ҒИБРАТҚА ТОЛЫ ҒҰМЫР

ҒИБРАТҚА ТОЛЫ ҒҰМЫР

Тіршілікте ғибратты ғұмыр кешіп, өмірде де, ғылымда да өз орныңды табу – жалпыға бұйырмас зор бақыт. Қарымды еңбек ету – ол да бір береке бастауы, азамат болып қалыптасу – əркімге парыз. Тек ізденіс пен күрескерлік, талап пен табандылық қана адамды парықты істің парасатына бөлейді. Міне, осындай ізгі мұрат жолында іргелі іс атқарып, ел ағасына айналған Ғани Әлімұлының өмірі мен шығармашылық жолы ізденіске толы.
Биыл сексенді толтыратын экономика ғылымдарының докторы, академик Ғани ҚАЛИЕВ ағамыздың ізденіс пен ізгілікке толы жолы – өнегелі өмір. Өнегелі болатыны күрескер өмір. Биік мұраттар жолындағы мәмілесіз күресті өзек еткен өмір!
Сексен жыл! Бір ғасырды шаршысына толтыру үшін әлі де жиырма жыл керек. Бірақ сол сексен жылдың өзіне қанша ғасырдың тақиясына тар келмейтіндей мазмұн сыйып тұр!
Әдетте, Шолпан жұлдызының бір беті ғана көрінеді, ал екінші беті жердегілерге құпия. Ол жеті ғасырда бір-ақ мәрте жарқ етеді. Жарық дүние деп аталатын мына өткінші жалғанның да біз біліп болмаған сондайлық құпиясы соншалық көп. Жарық дүние мен табиғаттың жарты жаңқадай ғана болса да, киелі бір бөлшегі адам жаны әлемнен де күрделі. Егер ол адам талантты, қанатты болса, ол күрделілік одан сайын ұлғая түспек. Осындай сырты нұрлы, іші сырлы Ғани ағамыздай бір­туар азаматтың өнегелі өмір жолына үңілген сайын өткен кезеңі, жүрген ізі тасқа басылған таңбадай сайрап жат­қанын көреміз.
Тәуелсіз еліміз үшін, болашақ үшін, ғылым үшін «инемен құ­дық қазып», аянбай еңбек етіп, тер тө­гіп жүрген Ғани Әлімұлындай ағаларымыздың өнегелі өміріне, ғылыми шығармашылық жұмыстарына үңілген сайын өзің бұрын сезбеген жақсылыққа, өзің шығып көрмеген биіктерге, құнарлы ойларға кезіккендей боласыз. Түптеп келгенде осындай дарындылар мен таланттар жайлы сөз ету, өзгелерге емес, бізге, оқырмандар мен жастарға қажет. Себебі, олардың алған тәрбиесін, білімін, ел игілігі жолындағы еткен ерен еңбегін көру, білу арқылы бүгінгі жас ұрпақ өздерінің талғам танымдарын шыңдайды. Өмірлік бағыт-бағдарын айқындайды.
1938 жылдың 19-шілдесінде Жамбыл облысы, Шу ауданы, Белбасар ауылында дүниеге келген Ғани ағамыз орта мектепті бітірген соң 1957-1962 жылдары Қырғыз мемлекеттік университеті экономика факультетінде білім алды. Еңбек жолын Жамбыл облысы, Талас ауданы, «Майтөбе» совхозының аға экономисі болып бастап, 1963-1964 жылдары Алматы Халық шаруашылық институтының халық шаруашылығын жоспарлау кафедрасында оқытушы болды.
1968 жылы М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің аспирантурасын ойдағыдай бітіріп, «Алматы облысы қой шаруашылығы совхоздарының өндірістік типтері және олардың даму болашағы» тақырыбы бойынша экономика ғылымдарының кандидаты, 1980 жылы Ленинград ауылшаруашылық институтында «Қазақстан қой шаруашылығы өндірісін орналастыру, мамандандыру және шоғырландыру (тәжірибе және проблемалар)» тақырыбы бойынша экономика ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесіне диссертация қорғап, 1986 жылы профессор ғылыми атағын алды. 1990 жылдан бастап Ленин атындағы Бүкілодақтық ауылшаруашылық академиясының академигі атанды.
Әз-ағаның әңгімесін тыңдаған сайын  бір өмір мектебін бі­тір­гендей боласың. Ойыңа көп нәрсе оралып, көңілдің көкжиегі кеңи түседі. Осындай тартымдылығымен жастардың бойындағы ұлттық рухты оятып, па­расатты тірлікке баули береді. Мұның өзі сабырлылығы мен салиқалылығы, білімділігі, көргені мен түйгені мол ға­лымның абыройын аспандатып, беделін биіктете түскен еді. Шын мәнінде ол мектеп бі­тірген жылдарда ауыл балалары ғалым болудан гөрі агроном, зоотехник, дә­рігер болуды көп армандайтын. Ілу­де біреуі басқа мамандық таңдап жат­са, оған таңданыспен қарайтын. Алайда Ғани Әлімұлы ғылым жо­лын таңдағанда ұстаздары да, ауыл адам­дары да еш таңданған жоқ. Өйткені, ол болашағынан үлкен үміт күттіретін, жүрегі жылы, адамдық қасиеті басым ойлы азамат болып өскен-ді.
Содан болар ол үлкен ұжымдардағы сан түрлі адамдардың сан түрлі мінез қақтығыстарына түсіністікпен қарай білді. Әр нәрсенің орнын білетін жас маманның салмақтылығы, өзі­не тапсырылған жұмысқа деген жа­уап­­кершілігі басшылар назарын тез аудар­­ды. Жылдар жылжып, күн­дер өте келе Ғани ағамыздың қызмет бас­пал­дақтары да биіктей берді.
Ғ.Ә. Қалиевтің белгілі ғалым аграршыл-экономист ретінде қалыптасуы  Қазақ агроөнеркәсіп кешені экономикасы мен ұйымдастыру Ғылыми-зерттеу институтындағы еңбек қызметімен байланысты. Ол 1968 жылдан бастап аға ғылыми қызметкер, бөлім меңгерушісі, директордың орынбасары, директоры болып үлкен ғылыми жолдан өтті.
Оның ауылшаруашылық ғылымына қосқан үлесі, айрықша қолтаңбасы – республика ауылшаруашылығы салаларын дамыту проблемаларын экономикалық негіздеу бағытындағы еңбектері. Ең алдымен, ол қой шаруашылығының тиімділігін табиғи экономикалық аймақтар бойынша арттыруды зерттеді, қой шаруашылығы совхоздарының ендірістік типтерінің негізгі параметрлерін, әртүрлі шаруашылық аралық кәсіпорындар мен құрылымдардың ұйымдық-өндірістік құрамын негіздеді. Ғ.Қалиевтің құнды ғылыми тұжырымдары Қазақстан Ауыл шаруашылығы министрлігінің республика ауылшаруашылық кәсіпорындарын мамандандыруды белгілеу бойынша бұйрығының негізін қалады.
Барша саналы ғұмырын бейнеті мол ғылым саласы мен жастарды терең білімнің қайнар бұлағынан сусындатуға арнап, білім беру саласынан ойып тұрып орын алған атпал азаматтың ауылшаруашылық саласын дамытуға қосқан үлесі орасан зор.
1984-1988 жылдары Ғани Әлімұлы Қазақ қой шаруашылығы технологиялық ғылыми-зерттеу институтын басқарды. Ол Қазақстан үшін өте маңызды қой шаруашылығын интенсивтендіру проблемаларына бар күш-жігерін және шығармашылық күш-қуатын жұмсады.
Оның басшылығымен және тікелей қатынасуымен институтта өнімділігі жоғары малдардың жаңа тұқымдарын, типтерін және топтарын құру әдістерін жетілдіру бойынша жұмыстар тереңдете зерттелді, тауарлы шаруашылық-тардағы селекциялық және асыл тұқымды жүмыстары жақсартылды.
1988 жылдан бастап Ғани Әлімұлы Агроөнеркәсіптік кешені экономикасы және ұйымдастыру FЗИ-дің директоры қызметін атқарды.
Осы жұмыста ол ұжымды ауыл шаруашылығын дағдарыстан шығарудың тиімді жолдарын іздестіруге бағыттады. Нәтижесінде меншік қатынастарын  тереңдету  және  шаруашылық жүргізудің жаңа формаларын, интеграцияны дамыту, қаржы-несие, салық және баға саясатын жетілдіру, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолдары, ауылдың әлеуметтік проблемалары және т.б. бойынша ұсыныстар өмірге келді.
1991 жылдың мамыр айында Қазақстан ғылыми жұртшылығы оның ғалым ретіндегі және ұйымдастырушы санатындағы қызметін жоғары бағалап, егеменді республиканың алғаш құрылған Қазақ ауылшаруашылық ғылымдары академиясының Президенті етіп сайлады. Осы жерде Ғани Әлімұлының таланты – ғалым ретіндегі және сирек кездесетін жетекшілік қабілеттері толығымен көрініс тапты. Ол аграрлық ғылымды реформалау бағытында бірқатар күрделі шаралар қабылдады, іргелі және қолданбалы зерттеулердің басымдықтарына таңдау жүргізілді, олардың экономикалық бағытталуы күшейтілді. Мұның бәрі, әсіресе агроөнеркәсіп кешенінің нарықтық қатынастарға көшуге жол тартқан кезеңде өте маңызды еді, 23 ғылыми-техникалық бағдарламалар қалыптастырылды, ал оларды үйлестіру үшін Үкімет Ғани Әлімұлының жетекшілігімен АӨК-нің ведомство аралық ғылыми-техникалық Кеңесін құрды.

Ғ.Ә. Қалиевтің республиканың басқа да ғылыми орталықтарының ғалымдарымен тығыз ынтымақтастығы нәтижесінде 5 жылдан артық қуатты ғылыми-әдістемелік және ғылыми-өндірістік қызметі арқасында өсімдіктердің тиімділігі жоғары сорттары мен гибридтері құрылды, қойлардың 3 жаңа тұқымын шығару аяқталды, етті ірі қараның 1 тұқымы, жылқының 2 зауыттық типтері анықталды.
Академия қамқорлығымен аграрлық бағыттағы жетекші ғылыми-зерттеу институттары мен тәжірибе шаруашылықтары біріктірілді. Осы жылдары 12 жаңа ҒЗИ құрылды және олардың саны 34-ке дейін өсті. Академияның толық мүшелері саны 4-тен 18-ге, корреспондент-мүшелері 6-дан 26-ға дейін артты. Ауыл шаруашылыгында жүргізілген реформаларды ғылыми қамтамасыз етудегі негізгі жетістік Ғани Әлімұлының басшылығымен дайындалған «Қазақстан Республикасы агроөнеркәсіптік кешенін 1993-1995 және 2000 жылға дейін дамытуды тұжырымдамалық бағдарламасы» болды. Бұл бағдарламаны республика Үкіметі мақұлдады және іс жүзінде қолдануға облыстық басқару органдарына ұсынылды.
Ғани Әлімұлының ғылыми зерттеулерінің негізгі бағыты Қазақстан аграрлық саласын дамытумен, оны реформалаудың теориялық базасын дайындаумен және нарықтық қатынастарға көшірумен әркез байланысты болды. Оның жұмыстарында сол уақыттар үшін меншік қатынастарын тиімді дамыту, жер қатынастарын тиімді дамыту, жер қатынастарын әрі қарай реформалау, сатылас және деңгейлес кооперацияларды дамыту, қаржы-несие. салық және баға жүйелерін жетілдіру, материалдық-техникалық қамтамасыз ету және қызмет көрсету, азық-түлік ресурстарын қалыптастыру, сыртқы экономикалық байланыстарды дамыту, ауылдың әлеуметтік мәселелерінің өзектілігі негізделді.
Ғани Әлімұлы қоғамдық Қазақ ауылшаруашылық ғылымдары академиясының негізін қалап, өзі осы ұйымның президенті болып сайланды. Бұл ұйым республика агроөнеркәсіп кешенін ғылыми қамтамасыз ету мен дамытуда айрықша рөл атқарды. Қазіргі уақытта оның қатары жаңа отандық және шетелдік белгілі аграршыл-ғалымдармен және жоғары білікті мамандармен толықтырылған.
Ғ.Ә. Қалиевтің зерттеу нәтижелері 300-ден аса ғылыми еңбектерінде, соның ішінде 10 монографияда жинақталған, олардың теориялық мәнділігімен қатар, ауыл шаруашылығы өндірісінде кеңінен қолдану маңызы бар. Жеке жарияланымдары мен ұсыныстарында, сондай-ақ Қазақстандағы экономикалық реформалардың белсенді қатынасушысы ретінде өз сұхбаттарында, теледидар мен радиолардағы сөздерінде, көптеген ғылыми баяндамаларында, Президент Н.Ә. Назарбаев пен республика Үкіметіне қызметтік жазбаларында Ғани Әлімұлы аграрлық реформаға жан-жақты талдау береді, елімізде біріншілердің қатарында оны жүргізу барысындағы кемшіліктердің объективті және субъективті себептерін көрсетіп келеді, оларды жеңудің нақты жолдарына назар аударады және негіздейді, ел алдында тұрған геосаяси міндеттер тұрғысынан нарықтық қатынастардың қалыптасуын анықтайды, мемлекеттің ойластырылған аграрлық саясатына жауап бере алатын атқарымдарды бөліп көрсетеді, олардың қатарында: елдің азық-түлік қауіпсіздігі, халықаралық нарықтағы интеграция, қоршаған ортаны қорғау, ең алдымен, ауыл шаруашылығын жүргізу негізі ретінде, топырақтың құнарлылығын сақтау, ел аумағында оңтайлы орналастыру, жер пайдаланудағы оның рөлі, жаңа жұмыс орындарын құру жер бетін эстетикалық жайластыру.
Ғани Әлімұлының іргелі жұмыстары Қазақстан ауылшаруашылық және экономикалық оқу орындарында оқу құралы ретінде де пайдаланылады. Аграрлық теория мен саясат проблемаларына бағытталған еңбектері ғылыми батылдығымен және жаңалығымен ерекшеленеді.
Ол қандай басшылық қызметте болса да өз ортасына сыйлы болды. «Басшылар екі түрлі  болады. Бірі өмірден өзін іздейді. Екіншісі ізін іздейді. Өзін іздейтін адам күнделікті тірлік күйбеңімен күн өткізіп, жоғарыға жал­тақтаумен, жағынумен, жиналыста пре­зидумға ұмтылумен өтеді. Екіншісі ол «халқым үшін, ертеңгі ұрпақ үшін қандай өнегелі іс атқардым» деп өмір­ден өз ізін іздейді» – деген халық дана­лығын өзінің берік ұстанымына айналдырып, ел үшін, тәуелсіз еліміздің ғылымы үшін тынымсыз еңбек ете білді. Жаратқан ниетке береді екен.
Жер бетіндегі ең бағалы құндылықтың бірі – ғылым. «Жаратушы ие Адам атаны ілімі арқылы періштелерінен даралаған. Егер ғылымнан да бағалы нәрсе болғанда, сонымен ерекшелейтін еді», – деген екен шығыс ойшылы Фахруддин ар-Рази.
Ғылым мен білім ғарыштық жылдамдықпен дамып жатса да, ғалымның хаты өлмейді. Оқу оқу, өнер тоқу, ұрпақ тәрбиелеп, маман даярлау – өміршеңдігін, бағасын жоймайтын қарекет. Тумысында Ғани ағамыз іскер әрі білгір ға­лым және талай ұрпақты ұядан  ұшырып, қияға қондырған айтулы ұстаз. «Білімді болу деген сөз – белгісіз нәрсені ашу қабілетіне ие болу деген сөз. Ал белгісіз нәрсені аша білу деген сөз – ол теориялық өнердің барлығына тән, ортақ жәйт» деп ғұлама әл-Фараби айтқандай, ғалым ағамыздың ғылым жолындағы еңбектері бір төбе. Себебі Ғани Қалиев жоғары білікті ғылыми кадрлар дайындау мәселелеріне үлкен маңыз беріп келеді. Оның жетекшілігімен 26 кандидаттық және 15 докторлық диссертация сәтті қорғалды.
Азамат ісімен, әрекетімен көрікті дейміз. Елдің елдігі мен егемендігін еңселі оймен ойлайтын адам ғана ақыл көзімен қараса керек. Ақыл мен парасат, білім мен мәдениет төрт құбыладай түгел болған жағдайда ғана адам заман тұтқасы бола алады. Ғани Әлімұлы сынды өр тұлғалы азаматтар қазақ тәуелсіздігінің алтын діңгегі, берік болаттай биік тұғыры екені анық.
Ғ.Ә. Қалиевтің өміріндегі елеулі асулы кезең – оның депутаттық қызметі. Ол нарықтық реформалар негізін қалаған көптеген заңдардың бастамашысы және қосарланған авторы: «Қазақ ССР-індегі шаруа қожалықтары туралы», «Қазақ ССР-індегі ауылдарды, селоларды және агроөнеркәсіптік кешенді дамытудағы басымдықтар туралы», «Мемлекеттік ауылшаруашылық кәсіп-орындарының мүлкін жекешелендіру ерекшеліктері туралы», ҚР Президентінің «АӨК-дегі мемлекеттік ауылшаруашылық, дайындау, қайта өңдеу және қызмет көрсету кәсіпорындарының мүлкін жекешелендіру бойынша қосымша шаралар туралы» Жарлығы, Министрлер Кабинетінің қаулысымен бекітілген «Қазақстан АӨК жүйесіндегі мемлекеттік ауылшаруашылық және басқа кәсіпорындар мен ұйымдардың мүлкін жекешелендіру бойынша ұсыныстар».
Өз баяндамаларында Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі сессияларында, оның комитеттері мен комиссияларының отырыстарында ел экономикасын басқарудағы әкімшілік-әміршілік жүйесін бөлшектеудің қажет екенін әбден пісіп-жетілген мәселе деп көтерді, шаруашылық жүргізудің нарықтық қатынастарына кешудің тиімділігін дәлелдеді, аграрлық реформа жүргізудегі барлық мәселелер бойынша ғылыми баяндамаларымен, ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевқа жазбаларымен шықты.
1991 жылы Ғ.Ә. Қалиев ҚазССР Президенті жанындағы экономикалық эксперт комитетінің мүшесі болып сайланды. 1992-93 жылдары республика Жоғарғы экономикалық Кеңесінің мүшесі, 1991-1996 жылдары Ғылым және Жоғарғы білім Министрлігі Коллегиясыньщ мүшесі, Жоғары аттестаттау комиссиясының мүшесі. ҚР ғылым, техника және білім саласындағы мемлекеттік сыйлықтар комиссиясы Президиумының мүшесі болды.
2000 жылдың қаңтарында қоғамдық бірлестік – Қазақстан социал-демократиялық «Ауыл» партиясын құрып,  бірінші Төрағасы болып сайланды. Партияның негізгі мақсаты – қоғамды демократиялауға бағытталған экономикалық және саяси реформаларды өмірге белсенді енгізу, экономиканың барлық салаларында нарықтық қатьнастардың негізделген формаларын жүзеге асыру, азаматтардың өмір сүру деңгейін жоғарылату, елдегі әлеуметтік әділдік пен тұрақтылықты бекіту болатын.
Ғани ағаның жан-жақты жоспарлы ғылыми шығармашылық қызметі Қазақстанда да, шетелдерде де жоғары баға алды, оған дәлел – оның ҚР ҰҒА-ның, Ресей ауылшаруашылық академиясының, Украина Ұлттық аграрлық академиясының академигі, Теннеси (АҚШ) қаласы мен штатының Құрметті азаматы болып сайлануы. Ғани Әлімұлының «Қазақстан Республикасының ғылымы мен техникасына еңбек сіңірген қайраткері» атағы бар, агроэкономикалық ғылым саласындағы сіңірген еңбегі үшін «Парасат» (2002 ж.), «Барыс» ордендерімен (2014 ж.), «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін», «ҚР Парламентіне 10 жыл» (2006 ж.), «Тыңға-50 жыл» (2004 ж.), сонымен қоса бірнеше естелік және мерекелік медальдармен марапатталған.
Ғ.Ә. Қалиев Қазақстан және Ресей, басқа да ТМД елдерінің ғалымдарымен тарихи қалыптасқан байланыстарын ерекше құрметтейді және бағалайды, экономист-ғалымдармен жеке байланыстарын тұрақты түрде қолдап отырады.
«Нағыз бақыт – еркін, азат болу, ақиқатты айту, ештеңеден, ешкімнен тайсалмау, тек осылай өмір сүру керек! Адам – осындай болғанда ғана адам!». Бұл – Алаш рухының қасиеті қонған киелі Семей топырағының тумасы, абайтанушы, ғалым, Қазақ ССР-нің алғашқы Әнұранының  авторы  Қайым Мұхамедханұлының ұлағатты сөзі. Ғани ағамыздың көпке аян қайсар мінезі, әділдігі, ол кісінің өз ұлтына, кәсібіне, қызмет атқарып жүрген шаңырағына деген адалдығы мен туралығы туралы есті естеліктер өте мол.
Академик Қалиев ата-баба қанымен дарыған барлық жақсылық пен еңбекқорлықты бойына жинап, даналықты көкірегінде сақтап, осыдан туындаған ұстаздық, ғалымдық, азаматтық, қайраткерлік қажыр-қайратын жас ұрпаққа арнаған қайсар жан. Оның  ілім қуған өмір жолы, отандық ғылымды дамытуға қосқан еңбегі, қарымды қабілеті мен азаматтық болмысы, биік парасаты өсер ұрпаққа үлгі-өнеге болып келеді.
«Сен дүние есігін ашқанда жылап кел­дің, басқалар қуаныштары қойындарына сыймай күліп қарсы алды. Кейін өзің бұл жалғаннан күліп кетіп, басқалар жылай­тын­дай өмір сүр», – дейді қытай ғұламалары. «Всег­да выбирайте самый трудный путь – на нем вы не встретите конкурентов», – деген Шарль де Голль сөзі де қытай даналы­ғы­мен үндес. Өмірдің мәні – мансапта емес, мақсатта. Ұзақ жасау – бақыт, әрине. Десек те, Алла Тағаланың аманатқа берген аз өмірінде халыққа қалтқысыз қызмет етіп, ел айта жүрер айтулы еңбек жасаудан, ұлт­т­ың ұлы, халықтың құлы болудан асқан бақ бар ма?!
«Өзін ойлаған – құлқынның құлы, халқын ойлаған – ұлы» деген дана халқымыз. Ғани ағамыз халқын ой­ла­ған қайраткер!
«Адамның басшысы – ақыл, жетекшісі – талап, шолушысы – ой, жолдасы – кәсіп, қорғаны – сабыр, қорғаушысы – мінез, сынаушысы – халық» деген Саққұлақ шешен бабамыз. Ғани Әлімұлының биік болмысын, табиғатын, тума талантын тарқататын да айшықтайтын түйін осы.
Бір сөзбен айтқанда, Ғани ағамыз өмірде де, ғылымда да айқай-шусыз, дау-дамайсыз, ақырын жүріп, анық басып, арық айтып, семіз шығып, ауқымды істер тындырып келе жатқан бойында рухы, жүрегінде иманы  мол жан.
Ұлтымызда «алтын сүйген азады, халқын сүйген оза­ды» деген аталы сөз бар. Халқын сүйіп, талантымен әлемге та­ныл­ған Ғани Әлімұлының өмірі жасқа ғана емес, жасамысқа да үлгі. Адамгершілікті ар тұтқан, адалдық жалауын желбіретіп жүрген ағамызға бүгінгі қоғам, қауым тарапынан көрсетіліп жатқан шексіз құрметтің  түп себебі, міне осында деп білеміз.
Ендеше, бүгінгі мерейлі жасыңызға құтты болсын! Елге сіңірген ерен еңбегіңіздің мол зейнетін көріп, құрметке бөлене беріңіз жаны жомарт, жолы даңғыл, жайсаң Аға дегіміз келеді!

Қайрат САҚ,
Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры,
Журналистика және саясаттану факультетінің деканы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды. Required fields are marked *

*