ОТАН

 Айтшы достым,

Білесің бе, Отан деген немене,

Естігенде

Бойыңды бір қайрат – жігер жеңе ме?

Отан деген,

Жалғыз сөздің  астарына мән беріп,

Терең оймен

Мағынасын зерттеп білгің келе ме?

 

Білгің келсе

Жақында дос, отыр менің қасыма,

Именшектеп

Ұялмай сен, қайратты бол жасыма!

Отаныңның

Қырын – сырын білу үлкен қасиет,

Көз жүгіртші

Саналы оймен даласына, тасына.

 

Отан деген,

Басталады үйдегі ошақ басынан,

Ата – ана,

Туған – туыс, дос – жаранның қасынан.

Кіндік қаның

Тамған мынау сен өмірге келгенде,

Туған жердің

Топырағы, аунап өскен жасыңнан.

 

Отан деген,

Оттан ыстық қасиетті шаңырақ,

Бауырында

Туып өскен баласына көңілі – ақ.

Аңдар, құстар

Неше түрлі кең даланы жайлаған,

Қалың орман

Өрік, алма, жемісі мол саябақ.

 

Отан деген,

Ашық аспан бұлты көкте қалқыған,

Жазирасы

Гүлге толы жұпар иісі аңқыған.

Көз жеткісіз,

Жолдары ұзақ шұбап жатқан қыр асып,

Өзендері,

Көлге ұласып, құмы күнге балқыған.

 

Отан деген,

Бірлік, тірлік, ерлік, елдік нышаны,

Ынтымақтың

Туын ұстап ашық болған құшағы.

Отанында

Аққу – қазы суда жүзсе еркелеп,

Бозторғайы

Емін – еркін көкке ұша алады.

 

Тәуелсіз ел,

Қазақстан болашағы, ұланы,

Туған жердің

Көгінде самғап ұшар қыраны.

Отаныңның

Ұлылығын терең ұғып әрқашан,

Ұлттық намыс,

Қайратыңмен сақшысы бол қырағы.

 

Ұлы Отанның

Қасиетін бағалаңдар қадірлеп,

Жастайынан

Жүректерің сүйіп өссін елжіреп.

Күн нұрындай

Шұғылалы шуақ беріп Көк Байрақ,

Көк тәңірі

Сияқтанып тұрсын көкте желбіреп! 

 

   

ҚАДІРЛЕ ҰРПАҚ, ҚАСТЕРЛЕП АНА ТІЛІҢДІ

 Үйреніп, жаттап

Білсеңде қанша шет тілді,

Болсаң да мықты,

Ақыл – ой терең білімді.

Анаңның ақ сүтімен,

Қанымен келген бойыңа,

Қадірле ұрпақ,

Қастерлеп ана тіліңді!

 

Өмірге келіп,

Ашқанда дүние есігін,

Ата – анаң тербеп,

Күндіз – түн сәби бесігін.

Ана тілімен

Аялап сені аймалап,

Ана тілімен

Азан шақырып қойған есімін.

 

Ана тілің,

Біле білсең бұл арың,

Ана тілімен,

Сөйлей білу де зор дарын.

Ана тілін,

Ардақтайды өзге ұлт,

Сенбесең сен,

Аралап көр жер шарын.

 

Бермеген намыс,

Ет кессең де етінен,

Өмірден өткен

Бабалар өжет шетінен.

Ана тілімен,

Ұрандап жауға аттанып,

Хас батырлар,

Қайтпаған алған бетінен.

 

Болашақтың

Қолында тұрған бар кілті,

Сендерсің ұрпақ,

Алдағы өмір үміті.

Ана тілі –

Ұлтыңның үлкен құжаты,

Айнасы терең,

Қарасаң ойлап сен жіті.

 

Тәуелсіздік алған

Қазақстандай жеріңді,

Байтақ дала,

Төсінде жүрген еліңді.

Сүйгенің рас болса

Ұлтыңның ары, намысы,

Қадірлеп ұрпақ,

Қастерлеп ана тіліңді!

 

   ҚҰРМЕТТЕ АТА – АНАҢДЫ

 Мәпелеген жасыңнан,

Ақыл айтса ата – анаң.

Нәр ал әрбір сөзінен,
Болсын биік ой санаң.

 

Өмірдің қарап парқына,

Көз таста алды – артыңа.

Аулақ бол өсек – аяңнан,

Жамандықтан тартына.

 

Бақ, Дәулет, Бақыт еңбекте,

Еңбек үшін еңбекте.

Жемісін жина бейнеттің,

Шыбықтай алып сен екте.

 

Өмір деген ол күрес,

Аласың білсең мол үлес.

Құрметте ата – анаңды,

Қасыңда мәңгі бір жүрмес.

 

   КӨРЕМІН ЖАҚСЫ КӨКТЕМДІ

 Ызғары кетіп қыстың да,

Күн нұрын төкті көктегі.

Тоңдары жібіп, жер босап,

Соғып тұр самал жел лебі.

 

Қиқулап құстар әндетіп,

Оралған қайтып көп легі.

Осындай ғажап айнала,

Көремін жақсы көктемді.

 

Тай – құлындары жарысып,

Қаптатқан қырға төлдерді.

Қып – қызыл шоқтар алаулап,

Жайлаған жасыл белдерді.

 

Ақ – сары гүлді ағаштар,

Бүршігін жарып көктеді.

Осындай әсем сұлулық,

Көремін жақсы көктемді.

 

Тау – тастан аққан бұлақтар,

Аралап талай жерлерді.

Аққу – қаз, үйрек, тырналар,

Жағалап өзен көлдерді.

 

Жаңбырда жауып сіркіреп,

Жер – Ана қалды бір түлеп.

Осындай тірлік – тіршілік,

Көремін жақсы көктемді.

  Бақыт ИСАЕВА,
ҚР Мәдениет қайраткері,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі,
Жамбыл облысы, Шу қаласы

3 пікір

  1. Ақмарал

    Бақыт, Отан деген өлеңіңіз маған өте ұнады. Бір деммен оқып шықтым. Рақмет

  2. Гүлшара

    Шіркін-ай не деген өлең десең ші!
    Қаншама мән мен мағынаға толы өлең!
    Әсіресе бүгінгі күннің жастарына мол рухани азық болар дүние!.. Кеңінен насихатталса екен дейміз!
    Бақыт апай, жырларыңыз рухқа бай ой-өрісті шығармалар екен! Ұзақ ғұыр шасаңыз! Рахмет!

    Жоба жетекшілеріне өтініш, Кеңінен насихаттап мол мғлұмат берсеңіздер екен.

  3. Ғажап шығармалар екен. Әсіресе ОТАН өте ұнады! Шығармашылық табыстар тілеймін!

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды. Required fields are marked *

*