Home » Поэзия » Ақын Бақыт Исаеваның өлеңдер топтамасы

Ақын Бақыт Исаеваның өлеңдер топтамасы

НАУРЫЗ – ЖЫЛ БАСЫ

 

Қысқан аяз,

Ақпанның қары кетіп,

Келді Наурыз

Күн жылып, құстар жетіп.

У – шу асты

Аспанның тәтті үндер,

Жадыратты

Көңілді ғажап етіп.

 

Малдар төлдеп,

Бүршік жарып тал деген,

Көктер шықты,

Жайлап жаңа көктеген.

Айдынында

Өзен – көлдің, аққу – қаз,

Жағасы – ну,

Көк құрақпен көмкерген.

 

Жаңбыр жауып,

Найзағай ұрып көктен,

Жер босады

Көк мұздан күткен көптен.

Жылдың басы

Өзгеріп шыға келді,

Самал желі

Аймалап бетті өпкен.

 

Құлпырып

Келді Наурыз гүлді көктем,

Күнде күліп

Көгінен нұрын төккен.

Бәйшешектер

Қылтиып бүрін жарып,

Тіл жетпейді

Табиғат сұлу неткен!

 

 

ӘЖЕМ МЕНІҢ

 

Әжем менің

Асыл адам қымбатты,

Бір мен үшін

Сұлу, ғажап сымбатты.

Әжем менің

Құрақ ұшып аймалап,

Туған күннен

Еркелетіп сол бақты.

 

Мен әжемді

Өте жақсы көремін,

Жұмсағанда

Айтқанына көнемін.

Оңашада

Үйде қалсақ екеуміз,

Өлең айтып,

Би де билеп беремін.

 

Іш пысқанда

Айтып қызық ертегі,

Қыдырғанда

Бірге өзімен ертеді.

Үйде қалсам

Әжем мені ұмытпай,

Барған жерден

Кәмпит әкеп береді.

 

 

АНАШЫМ

 

Ақылмен аялаған,

Асылын аямаған.

Аялы алақаны,

Ардақты, аяулы анам.

 

 

 

АНАЛАРҒА

 

Сырға толы мөлдіреген жанарлар,

Махаббаттың падишасы саналар.

Құтты болсын қуанышты мереке,

Аққу қыздар, Ару қыздар, Аналар.

 

Ақындардың шумағынан табылар,

Мөлдір бұлақ тау суындай ағылар.

Мәңгі өшпес жырысыздар таусылмас,

Болашақта айтар талай әні бар.

 

О, Аналар от пен судан жаралған,

Бар әлемге шуақ болып таралған.

Бір әулеттің алтын қазық діңгегі,

Отбасының ұйытқысы саналған.

 

Жүрсеңдер де ұйқы көрмей ала таң,

Жүздеріңіз кер маралдай кербез паң.

Көңілі – гүл, көңілі – нұр солмайтын,

Қайсарлыққа жігіттердің өзі таң.

 

Сырға толы мөлдіреген жанарлар,

Махаббаттың падишасы саналар.

Құтты болсын қуанышты мереке,

Аққу қыздар, Ару қыздар, Аналар.

 

 Бақыт ИСАЕВА,

ҚР Мәдениет қайраткері,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі,

Жамбыл облысы, Шу қаласы

One comment

  1. Өлеңдеріңіз жатық әрі оқығанға жеңіл. Балаларға таптыртпас шығармалар екен. Рақмет.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды. Required fields are marked *

*