ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӘН БӘЙГЕСІНЕН ОЛЖАЛЫ ОРАЛДЫ

Семей қаласындағы физика–математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде білім алатын оқушылар тек мектеп бағдарламасындағы пәндерге ғана басымдық береді десек, қателескен болар едік. Жаһандану дәуірінің көшіне ілесер, жаңа заман тұлғасын қалыптастырып, болашақты іргесін бүгіннен қалап келе жатқан білім ошағында шәкірттің рухани -мәдени дамуына да ерекше көңіл бөлінеді. Мектепішілік түрлі үйірмелер үздіксіз жұмыс жасап, әр баланың қарым–қабілетіне қарай тасада жатқан талантының жарқырап көрінуіне күш салып келе жатқан ұстаздар қауымының еңбегі өлшеусіз.

Мәселен, әнге жаны құмар болашақ жарық жұлдыздардың басын қосып, оларға сыйқырға толы сазды әуенннің сан түрлі сырларын үйретуде «STAR» вокалдық студиясының атқарып отырған жұмысы мақтауға тұрарлық. Студия тәрбиеленушілері қалалық, облыстық, республикалық ән байқауларды айтпағанда, халықаралық сайыстарда топ жарып жүр. Жуырда аталған студияның Айдана Жалелова, Алтыния Ғазизова, Малика Жантасова, Даяна Мақұлбаева есімді шәкірттері «Таңғы Шұғыла» шығармашылық фестивалінің аясында өткізілген «Зимний звездопад» халықаралық сайысында түрлі аталымдар бойынша жеңіске жетіп, мектеп абыройын асырды.

– Көптеген адамдар біздің мектептің атауына қарап оқушыларды біліммен ғана қаруландырады деген жансақ пікірде. Бұл жайында ара-тұра естіп қаламын. Алайда бұл үлкен қателік. Өйткені, біз алдымызға келген оқушыға озық үлгідегі білім берумен қатар оның тұлғалық дамуына да ерекше назар аударамыз. Мысалы, соңғы 7 жылдан бері тұрақты түрде жұмыс жасап келе жатқан «STAR» вокалдық клубы талай әншінің мектеп қабырғасында жүріп –ақ танылуына жол ашты. Солардың бір шоғыры Айдана, Алтыния, Малика, Даяна сынды шәкірттерімізбен жалғаса береді. Ал Өскемен қаласында өткен бұл сайысқа алғаш рет қатыстық. Соған қарамастан айымыз оңынан туып, жүлделі оралдық. Ендігі меже – осы деңгейден түспеу, – дейді музыкалық көркемдік жетекші Руслан Қасенов.

Ән әлемінде жаңа таланттардың танылауына жол ашып, музыка мәдениеті мен өнерінің дамуын басшылыққа алған халықаралық байқау 2 күнге созылып, оған 3-50 жас аралығындағы әуесқой әншілердің нағыз сайыс алаңына айналды. Жас ерекшеліктеріне қарай бірнеше топқа бөлінген үміткерлер вокал, би, актерлік шеберлік, аспаптағы шығармашылық, көркем сурет, хор, киім үлгілері аталымдары бойынша «Кім үздікті?» анықтады.

Сайыс шарты бойынша шынайы дауыста ән шырқаған семейлік өнерпаздардың арасынан Айдана Жалелова «Эстрадалық вокал», Алтыния Ғазизова «Классикалық ән», Малика Жантасова «Заманауи вокал» аталымдары бойынша Гран-при жүлдегерлері атанды. Мектебіміздің 8-ші сыныбында оқитын өнерлі қыздар арнайы мақтау қағазы мен Кубокке ие болды. Ал 7-ші сынып оқитын тағы бір үміткеріміз Даяна Мақұлбаева 10-12 жас аралығындағы «Эстрадалық вокал» аталымында 1-ші орынға ие болып, мақтау қағазы мен алтын медальмен марапатталды. Осы дарынды балалардың талантын ұштап, шығармашылық тұлғаны дамыту саласындағы толағай табысы мен қажырлы еңбегі үшін жетекшілері Руслан Қасенов ұйымдастырушылар тарапынан алғыс хат алды.

Ұйымдастырушылар сөзіне сүйенсек, бас жүлде алған шәкірттерімізбен жетекшісінің есімдері фотосуреттерімен бірге алдағы сәуір айында 10 мың данамен жарық көретін «Ай, сәулем-ай» журналында басылып шығатын көрінеді. Бұл да біз үшін үлкен мақтаныш.

Ежелден ән мен жырға құмар, қазақ әдебиеті мен мәдениетінің кіл мықтылары дүниеге келген қасиетті топырақта олардың ізін жалғастырушылардың біздің арамыздан шығуы зияткерлік мектебіміздегі білім мен тәрбиенің қатар сәтті жүргізіліп келе жатқандығының куәсіндей.

Ермек Исабаев,
Семей қаласындағы физика – математика бағытындағы
Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз хатшысы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды. Required fields are marked *

*