Home » Ашық сабақтар » Ойна. Ойла. Зер сал.

Ойна. Ойла. Зер сал.

Құрметті балалар!

«Қатарларыңмен күліп ойнап,

Балалық балдәуренді мұңсыз тойла.

Сегіз қырлы, бір сырлы азамат боп,

Білім, ғылым, өнерге терең бойла», – деп Бақыт Исаева апаларың жырлағандай, жаңғыру заманына сай білімді, ақылды болу әрбір баланың арманы. Сондықтан терең ойланып, зерделі зерек болып, сергек сезімді болу керек-ақ. Ол үшін психолог апайларымыздың кеңестерін тыңдап, жаттығуларын жасасақ жеткілікті.

Ең алдымен бойымызға сенімділік орнатайық, өзімізге деген сенімді жоғалту арқылы көп қиыншылыққа тап болуымыз мүмкін. Бұл қиыншылықтар сабақ кезінде, тіпті достармен бірге өткізген қызықты сәттерден ләззат алуға кедергі жасайды. Осындай жағдайға тап болмас үшін, өзіңізге сенімділікті қайтарудың жолдарын іздеңіз.

Өзіңді бағала – әдетте өткен өмірге өкпесі бар адамдар сенімсіздік танытады. Алайда материалымыздың басты тақырыбы бұл емес. Өзіңіздің осал тұстарыңызды мойындай отырып, қай жағынан мықты екендігіңізді де анықтағаныңыз жөн. Не нәрсені ұнатып, ұнатпайтындығыңызды білу арқылы мінезіңізге толық сипаттама бере аласыз. Сонда ғана өзіңізді жеңе аласыз.

Күн тәртібін үш бөлікке бөл – сабаққа дайындық, спортпен айналысуға, таза ауада серуендеуге, би алаңына баруға, 8 сағаттан кем ұйықтама және қажет болса, түсте демалып ал

Сабаққа арналған орын – жұмыс кеңістігін дұрыс ұйымдастыр. Үстел үстіне сары және күлгін түстен суреттер мен заттар қой, өйткені ол интеллектуалдық белсенділікті арттырады.

Көзге арналған жаттығу – сабаққа дайындалу кезінде көзге ауырлық түседі. Егер көзің шаршаса, онда ағзаң шаршайды. Мұндайда үй тапсырмасын орындауға күшің жетпейді. Сондықтан да көзіңнің демалуына жағдай жасау қажет.

–   кезегімен жоғары-төмен (25 сек), оңға-олға (15 сек) қара;

–   көз қарашығыңмен аты-жөніңді жаз;

– ұзақтығы бір затқа 20 секунд, сосын алдыңдағы қағазға 20  секунд көзіңді тік;

–   сағат тілі бойынша оған кері етіп, көз қарашығыңмен және квадрат, үшбұрышты сал.

Арнайы жаттығулар – сөзжұмбақтар шеш және өзің құрастырудыда үйрен, ойша санау (тура- кері, жұптап- тақ), логикалық сұрақтарды шешу және ойындар ойна, өлеңдер жаттау(күніне бір шумақ), шет тілдерін меңгеру – миды жұмыс істетуге арналған ең тиімді әдістер. Бұлар – пайдалы әрі жеңіл тәсілдер. Тапсырмаларды өз жасыңа лайықты, күніне 2-3 тапсырма орында, 15- 20 минутыңды арнауға тырыс.

Физикалық белсенділік. Жаяу жүру, жүгіру мен билеу – денені жаттықтырып, есте сақтау қабілетін жақсартатын әдістің бірі. Мұндай белсенділік есте сақтауға әсер ететін жасушалардың пайда болуына септігін тигізеді.

Дауыстап айту – жаттауларды, мәтіндерді дауыстап оқы себебі тез есте қалады, миымызда ұзақ сақталады. Егер біз телефон нөмірін, мекен жайын немесе біреудің аты жөнін дауыстап айтсақ, миымыз оны жаттап алады. Бұл жазып алу әдісінен әлдеқайда тезірек жүзеге асатын құбылыс.

Ұйқы – денсаулық кепілі. Ұйқысын қандыратын адамдардың өмірі ұзақ болады. Ұйықтап жатқан кезде ағзамыз босаңсып, демалады. Жасартатын гормондар қызметі тездетіледі. Ұйқысы қанған ағза ақпаратты 2 есе жақсырақ есінде сақтайды.

Тамақтану – витаминге толы, уақытымен болу керек. Тамақтанғанда грек жаңғағын, сүт өнімдерін, балықты, етті, көкөністі, жеміс-жидекті, шоколадты қолдану керек. Күнделікті тамақтану мәзіріне жүзім шырынын қоссақ, есте сақтау қабілетіміз 20%-ға жақсарады. Жүзім шырыны күлгін түсті болуы керек. Оның құрамында миды жасартатын антиоксиданттар көп. Дұрыс тамақтану есте сақтауға тікелей әсер етеді. Ең алдымен, пайдалы дәрумендер жеп, уақытымен тамақтану керек

Үлкен материал қорын қалай есте сақтау керек – материалды сұрақтар бойынша қайтала. Алдымен еске түсір және міндетті түрде білетініңді барлығын қысқаша жаз, сосын даталар мен фактілердің дұрыстығын тексер. Кітапты оқу кезінде жауаптың тірек пунктері мен негізгі ойларды сыз. Кішкене қағаздарға әрбір сұраққа жауаптың қысқаша жоспарын құруды үйрен. Сабаққа барар алдында үй тапсырмасының қысқаша жоспарын қарап шық. Миды үнемі жұмыс істетіп тұрсаң, есте сақтау қабілетің де жақсарады.

Ойды жаттықтыру үшін

– ақылды болғың келсе парасаттылықпен сұрақ қоюға, мұқият тыңдауға, салмақты жауап беруге үйрен.

– білімді ойлаусыз игеру мүмкін емес, білімсіз ойлау да мүмкін емес.

– ойлауды дамыту – бұл өз ақылыңды байыту. Білім қайнары әртүрлі болуы мүмкін: мектеп, кітаптар, теледидар, адамдар. Олар заттар мен құбылыстар, адамдар туралы хабарлар береді.

– ойлау сұрақтардан басталады. Барлық ашылулар «Неге?» және «Қалай?» деген сұрақтар арқылы жасалынған. Сұрақ қоюға, оған жауап табуға үйрен.

– ойлау – дайын стандартты шешімдер керекті нәтижеге жетуге мүмкіндік бермегенде белсене түседі. Сондықтан ойлауды дамыту үшін зат немесе құбылысты жан-жақты көре білу әдеттегіден жаңаны байқай білу іскерліктерін қалыптастырады.

– затта немесе құбылыста түрлі белгілерді байқау, ойлау қасиетіне қажет заттар немесе құбылыстарды өзара салыстыру қабілетін арттырады.

–  адам объектінің белгілерін неғұрлым көп байқаса, оның ойлауы соғұрлым жетіледі. Бұл іскерлікті зеріктікке, аңғарымпаздыққа арналған ойындарда, логикалық есептер мен басқатырмаларды шешкенде жаттықтыруға болады.

– ойлау мен сөйлеу бөлінбейді. Ой дамуының міндетті түрдегі шарты – оқығанын еркін жеткізу, пікір-сайыстарға қатысу, жазба сөйлеуін белсенді қолдану, өзің аяғына дейін түсінбейтініңді басқаға айтып беру.

Релаксация – терең тыныс алып тыныштандыру жаттығулары, массаж- зейінді бір арнаға жинақтау, есте сақтауға әсер етеді.

Ашуланған кезде не істеуге болады:

Қағазды жұмырлау және жырту.

Боксерлік алмұртты және жастықты ұру.

Аяқпен жерді ұру.

Ватман қағазынан жасалған «стақаншықты» бар дауыспен айғайлауға пайдалану.

Қағазға айтқыңыз келген сөздерді жазып, оны мыжып, лақтырып жіберіңіз.

Өзіңе ереже ретінде ал:

Әрекет етпес бұрын, өзіңе «тоқта» деп айт.

Әрекет етпес бұрын, терең демалып 10-ға дейін сана.

Ерекше төбелескіш балаларға: әрекетке көшпес бұрын жұдырығыңды қатты түй де оны қайта босат. Осылай 10 рет істеуге болады.

Үлкендермен сыпайы сөйлес.

Заттарыңа ұқыпты қара.

Қорытынды сөз. Ашуға бой алдырма, әрқашанда өзіңді ұстай біл. Жақсылық көрсең қуан, жамандық көрсең мән берме. Барлығы өзіңе байланысты. Сондықтан әрбір қиындықты әрқашанда жеңе білуге тырыс. Өмірде өз орындарыңды тауып, биік мақсаттарға қол жетулеріңе тілектеспін, барлығыңа жақсылық тілеймін.

Катифова Р.К.,
Еңбекшіқазақ ауданының
№8 педагогикалық-психологиялық коррекциялық
кабинетінің педагог-психологы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды. Required fields are marked *

*