Home » Жаңалықтар » Тілді үйренуге төте жол салар семинар

Тілді үйренуге төте жол салар семинар

Ақпан айының 10-жұлдызында Алматы қаласы, Жетісу ауданы №87 жалпы білім беретін мектепте «Жаңартылған білім беру бағдарламасы аясында қазақ тілі пәнін оқытуда қолданылатын тиімді әдіс-тәсілдер» тақырыбындағы аудандық семинар болып өтті. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдеріне арналған семинардың мақсаты жаңартылған білім беру бағдарламасы аясында қазақ тілі пәнін оқытуда қолданылатын әдістер мен тәсілдерді мектеп тәжірибесінде тиімді қолдану жолдарын анықтау және озық іс-тәжірибелерді сабақта қолдану болды.
Тілді үйретудің түрлі тәсілдерімен таныстырған семинар көпшіліктің көңілінен шығарлықтай дәрежеде ұйымдастырылды және жаңа әрі пайдалы ақпараттарға толы болды. Атап айтқанда, әдебиет бірлестігініңі жетекшісі Ноғаева А.З. «Мектептегі қазақ тілі мен әдебиеті пәні бірлестігінің жұмысын ұйымдастырудың негізгі түрлері» іс-шарасын, түрлі санаттағы мұғалімдер Жаңабаева С.А., Ергажинова К.А., Мергенбаева А.А., Кантуреева А.К. шеберлік сабақтарын өткізді.
Бұған қоса жоғары санатты мұғалім Жалелова Д.И. және бірінші санатты мұғалім Күзембаева Н.М. өткізген коучинг шаралардың семинардағы орны ерекше болды.

Жоғары санатты мұғалім Ноғаева А.З. өзінің «Орыс мектептерінде қазақ тілін оқытудың тиімді әдіс-тәсілдері» деп аталатын бағдарламасында оқушылардың ауызша және жазбаша тілін дамыту тәсілдерінің бірнеше түрі көрсеттті. Олар:
А) шығармашылық тапсырмалар;
Ә) Комплексті түрдегі үй тапсырмалары;
Б) Проблемалық сұрақтар;
В) Ситуациялық тапсырмалар;
Г) Ойын элементтері;
Ғ) Деңгейлік тапсырмалар;
Д) СТО технологиясы элементтері, ұстаздың айтуынша, аталған әдістердің жаңартылған білім беру талабы жағдайында тәлімгерлер мен шәкірттерге берер   пайдасы зор екен. Семинар барысында оған біздің де көзіміз жетті. Аудан мұғалімдері бас қосып, бар білгенін ортаға салған семинарда орыс тілді мектеп оқушыларына мемлекеттік тілді үйретудің ең тиімді, тұщымды деп танылған талай әдістер көрсетілді. Мектеп директоры Мылтықбаева Ұлар Аманбековна өз сөзінде: «Осы тектес семинарлар қазақ тілін меңгермеген оқушыларға тілді үйретудің түрлі тетіктерін тауып беруге көмектеседі. Біз тіл тұғырын бекемдеу мақсатында мұндай семинарларды жиі өткізуге тырысамыз»,- деді. Семинар соңында қатысушыларға арналған концерттік бағдарлама қойылып, жиын қонақтарын бір сергітіп тастады.

 

Дінмұхамед МҰХАМЕТЖАН

One comment

  1. Керемет! Семенар өте жақсы өтті. Рахмет!

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды. Required fields are marked *

*