Home » Баяндамалар » Жаңаша оқыту – заман талабы

Жаңаша оқыту – заман талабы

Жаңаша оқыту – заман талабы. Оқыту үрдісінде өзгеріс   енбейінше, нәтиже болмайтынын өмір көрсетіп отыр. Сол себепті әрбір сабақты жаңаша әдістермен оқушының санасына ұялайтындай етіп өткізуіміз керек.

Қазіргі мектеп-барлық адамға ашық мектеп. Ол өзінің барлық бітірушілеріне бірдей құқық береді. Сонымен бірге кез келген мектеп пәндерін терең игеруге көмектеседі, сабақтарды алуан түрлі әдістермен жүргізуге құқық береді. Өскелең ұрпақты оқыту міндеттеріне байланысты мұғалім ерекше әдістемелік құралдарды игерген, түпкілікті психологиялық-педагогтік дайындығы бар мұғалім болуы шарт. Әрбір мұғалім өзінің жеке қасиеттеріне жауап беретін өзінің әдістемесін табуы тиіс. Сондықтан барлық мұғалімдер әр түрлі педагогикалық курстардан жиі өтіп, жаңа технологияны меңгеруі керек.

Білім өзінің мәніне қарай болашаққа қызмет етеді. Білім жүйесі жоғары дәрежеде қоғамның әлеуметтік-экономикалық үрдісіне ықпал етеді. Білім берудің болашағы баршаны толғандыруы тиіс. Өйткені білімсіз, ғылымның дамуынсыз болашақ жоқ.

Қай заманда болсын, балаға білім беру ісі елеулі орын алып, онымен щұғылданатын мамандарды ізденіске итермелеп отырған. Еліміздің тәуелсіздігін алып, ұлттық дамудың сара жолына түсу, білім беру ісін жолға қоюды талап етіп, әлеуметтік маңызды жұмыстарды орындауға ықпал етті.

Уақыт талабы оқушыларға сапалы білім берумен қатар олардың шығармашылық қабілетін, ақыл-ой белсенділігін дамыту міндетін қойып отыр. Бұл оқытудың әдістерін жетілдіруді, кемелдендіруді көздейді.

Білім және ғылым қызметкерлерінің ІІ съезінде елбасы Н.Ә. Назарбаев: «Мұғалімдер- қоғамның ең білімді, ең ойшыл, білгілеріңіз келсе, ең «сынампаз» бөлігі болып табылады. Білім саласы, қызметкерлерінің отаншылдығы халықтың басқа буындарымен салыстырғанда анағұрлым ауыр қиындықтарды бастан кеше отырып, жастарға өзінің бойындағы бар білімін беріп қана қоймай, оларды адамдық, адалдық, тазалық, гуманизм, Отан сүйе білу секілді асқақ сезімдерге тәрбиелеуімен де танылады»-деп, ұстаздардың қоғам өмірінде алатын орны мен атқарып отырған асқаралы міндеттердің айрықша маңызын ашып көрсеткені мәлім.

Оқу-тәрбие үрдісін ұйымшылдықпен жүргізуде – мұғалім басты тұлға. Осындай талапқа сай қызмет істеу үшін алдымен мұғалім өзінің теориялық және әдістемелік білімін ұдайы толықтырып, үздіксіз ізденуі, өз мамандығын барынша жетілдіру және қызметі саласындағы жаңалықтар мен озық тәжірибені үнемі пайдалануы тиіс. Сонда ғана мұғалім қызметі бүгінгі күннің талабына сай болады.

Үздіксіз іздену – бүгінде мұғалімдерге қойылып отырған басты талаптардың бірі-әдістеме саласындағы ғылыми жаңалықтар мен озық тәжірибені жетік игеру. Оларды өзінің күнделікті қызметінде пайдалана білу, осы орайдағы мұғалімнің шығармашылық еңбегі, ең алдымен сабақпен байланысты.

Демек, сапалы, тиімді әрі нәтижелі жүргізген әрбір сабақ – ұстаздың тынымсыз еңбегінің айғағы. Биология пәнін оқыту үрдісінің негізгі мақсаты арнайы педагогикалық әдістерді жүйелі түрде пайдаланып, оқушылардың интеллектік, шығармашылық ойлауын, ғылыми көзқарасы мен белсенділігін қалыптастыру, өз бетімен білім алу дағдыларын дамыту болып табылады.Оқушылардың өз бетімен жұмысын қалыптастыру оқушының пәнге деген қызығуы мен қажеттілігінен туады. Дегенмен, білім беру жүйесінде әлі де қалыптасқан ескі дәстүр жалғасып келеді. Ал ол жүйенің өте тиімсіз екені мұғалімдердің көпшілігінің білім-білігінің төмендігімен қатар, пәндік және логикалық білімінің өте таяздығынан анық көрінуде. Сондықтан заман талабы білім беру саласында жаңа өзгерістерді қажет етіп отыр.

Білімнің жаңа мазмұнын жүзеге асыру үшін жаңа технологиялар қажет-ақ. Жаңалықты меңгеру мен жүзеге асыруда дұрыс түсінбеушілік ұйымдастырушыға әр түрлі кедергі жасайтыны белгілі. Жаңартылған білім мазмұнын жүзеге асырып, жаңалықтың жаршысы болып жүрген ұстаздар да мектебімізде жеткілікті. Әйтсе де жаңалықты бірден игеріп кету де оңайға соғып отырған жоқ. Менің ойымша, ол үшін мектеп басшылары жаңашылдықтың көшбасшысы болып, мұғалімдерді соңдарынан ерте білуі қажет.

Сындарлы оқыту бағдарламасы – әлемнің бірқатар озық елдерінде сыннан өткен бағдарлама. Бүгінгі күнде Қазақстанның барлық мектептері осы бағдарламаның теориясымен танысып, түрлі әдіс-тәсілдерін сабақта қолданып жүр. Оқушы мен мұғалім, оқушы мен оқушы арасында диалог орнатып, ЖАДА қалыптастыру, оқушыларды жас ерекшеліктеріне сай оқыту бағдарламаның негізгі идеялары. Бағалаудың жаңаша әдістерін оқып үйренген мұғалімдеріміз күнделікті сабақта бағалаудың сан түрлі әдістерін қолданып жүр. Оқушылардың өздері де бірін-бірі бағалау, өзіндік бағалау, өзара бағалауға қалыптасып келеді.

Бұл бағдарлама жаңа буын оқулықтарының талаптарын жүзеге асыруда оқушылардың білім деңгейін көтеруде, балаларды шығармашылыққа баулуда, ойларын еркін айтуда тез арада дұрыс шешімдер табуға атсалысатын бірден-бір тиімді бағдарлама деп есептеймін.

Сындарлы оқыту теориясының модульдерін үйрету және үйрену үшін уақыт пен тынымсыз еңбек керек. Оқушыларға топтық, жұптық, жеке жұмыстар барысында сыни ойлай білуге, ойын ашық әрі еркін айтуға көп мүмкіндік беріледі. Әр түрлі идеялар мен пікірлерді қабылдау, үйрену барысында оқушылардың белсенді іс-әрекетін әрдайым қолдап отыру да маңызды. Кейбір оқушылар түсіп қалған қолайсыз жағдайларды әжуаға айналдырмау, оқушылардың бір-бірінің жауабына жасаған сынының дәлелді, дәйекті болуын талап ету-бағдарламаның басты талаптарының бірі болып саналады.

Қорыта айтқанда, жаңа бағдарламаның мәні, баланың функционалдық сауаттылығын қалыптастыру. Оқушы өзінің мектепте алған білімін өмірінде пайдалана білуі керек. Сол үшін де бұл бағдарламаның негізі «Өмірмен байланыс» ұғымына құрылған. Ұстаздарға үлкен жауапкершілік міндеттелді. Оқушылардың бойына ХХІ ғасырда өмірдің барлық салаларында табысты болу үшін, қажетті дағдыларды дарыту үшін, мұғалімдер тынымсыз еңбектену керек. Жаңартылған оқу бағдарламасы аясында тек өз пәнін, өз мамандығын шексіз сүйетін, бала үшін  ұстаз ғұмырын құдіретті деп санайтын білімді мұғалімдер ғана жұмыс істей алады. Үйренгеніміз де, үйренеріміз де көп Үнді халқының тарихи тұлғасы Махатма Гандидің «Егер сен болашақтағы өзгерісті байқағың келсе, сол өзгерісті уақытында жаса» деген ілімін негізге ала отырып, оқушы бойындағы қабілетті жетілдіріп, оқушыларды болашаққа жетелеп, жақсы істі бастағалы отырмыз. Жаңартылған білім – болашақтың кепілі.

Жұматаева Мақпал,
Қызылорда облысы
Жаңақорған ауданы
Қаратөбе ауылы
№229 орта мектеп

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды. Required fields are marked *

*