Home » Бастауыш » «Тәрбиеші» деген атаудың өзі абырой

«Тәрбиеші» деген атаудың өзі абырой

Балабақшаның ұжымына үйренісіп кету Рахымбаева Гүлнұр Бижанқызына қиын болмады. Жастайынан жауапкершілікке, байсалдылыққа үйренген кейіпкеріміздің еңбек өтілі небары 8 жыл. Әйткенмен сол 8 жылдың ішінде педагогика саласында еңбек етіп, мектепке дейінгі балалармен жүргізген жұмыстың қыр-сырын меңгерген тәрбиешіге ата-аналардың алғысы шексіз. Осы тұста оқырманның көкейінде «неге?» деген сауал туындаса, мақаланы соңына дейін оқуға кеңес береміз!

 «Жүзі жылыдан түңілме» дейтін ата-бабамыз, әрбір жұмыр басты пенденің жүзіне қарап адам таныса керек. Рахымбаева Гүлнұр Бижанқызының да жүзі жылы көрінді. Өйткені, газеттерімді құшақтап Тараз қаласындағы №34 «Бақыт» балабақшасына кіріп келгенімде жылылық танытқан дәл осы кейіпкер. Мекеменің басшысы, Тараз қалалық білім бөлімінің кезекті жиынына кеткен. Республикалық «Білім Айнасы» газетінің мақсатымен, идеологиясымен педагогтарды таныстырдым. «Қыздар, барлығымыз «Білім Айнасы» газетінің семинар-тренингіне қатысайық!, – деп жымиып: Біліктілігімізді арттыру өзімізге қажет!», – деп балаларға оралды.

Жамбыл облысы, Талас ауданы Ойық ауылында туып өскен кейіпкеріміз 9 жылдық мектепті туған ауылында бітіріп, 10-11 сыныпты Жамбыл ауданы Аса ауылында оқыды. Бұл 1996 жыл. Мектеп бітірген соң жастайынан тұрмысқа шығып, 2000 жылы Тараз қаласындағы «Парасат» колледжінің «бастауыш сынып мұғалімі» мамандығы бойынша оқуға түсіп, 2003 жылы аталған мекемедегі оқуды тәмамдайды. Аяулы жар, мейірімді ана атанып, балаларын қатайтып 2010 жылы қаңтар айында педагогика саласына келеді. Яғни Гүлнұр Бижанқызы Тараз қаласындағы №34 «Бақыт» балабақшасына тәрбиеші ретінде қызметке орналасады.

«Адал еңбектеніп, балаларға танымдық әрі қызғылықты ашық сабақтарды өтіп жүргеніме 8 жылдың жүзі болыпты, бірақ осы жылдардың ішінде «тәрбиеші» деген атаудың өзі мен үшін үлкен абырой», – дейді балабақша ішілік сайыстарға, қалалық байқауларға қатысып жүрген педагог Гүлнұр Бижанқызы. Ол өзінің мейірбандылығымен, балаларға деген сүйіспеншілігімен өз ісінің хас шебері. Бұған дәлел мекеме ішіндегі сайыстарда «Жыл тәрбиешісі» атанып, жетістікке жетуі. Әрине, бұл кішігірім жеңіс, бірақ жемісті жеңіс!

«Балабақшаның меңгерушісі Сейдазимова Гүлмира Қапанқызына да үлкен алғысымды айтамын. Ол әрдайым мықты, шыншыл маман. Әдіскер мен тәрбиешілерге жан-жақты көмек көрсетіп, рухани қолдау білдіретін басшы», – дейді кейіпкеріміз өзі қызмет етіп жүрген мекеме меңгерушісі туралы.

«Мұғалім ісі сырттай қарапайым болғанмен – тарихтағы ең ұлы істің бірі» деп педагог К.Д. Ушинский айтқандай, Тараз қаласының шалғай аумағында орналасқан балабақшаның педагогтарының ісі қарапайым көрінгенмен, балаларға деген сүйіспеншілігі өте жоғары деңгейде. Өйткені ата-аналардың айтуы бойынша мұндағы тәрбиешілер өзгенің баласына өзімнің балам деп шын жанашырлық танытады.

Ата-ана ретінде өз пікірімді айта кетсем: «Балабақша балаларға қолайлы, себебі тәрбиешілері де жылы жүзді, өз ісінің мамандары, осы Гүлнұр Бижанқызының тобында қызымыз бар, бақшаға келгелі ән мен тақпақтарды, ертегілерді үйреніп, қызығушылығы артуда. Ойыны да біліммен ұштасқан», – дейді Тараз қаласы Шөлдала шағын ауданының тұрғыны Байтанова Ағилаш.

Жақсының жақсылығын айтып, халқымызға адал қызмет ету әрбір қазақтың борышы. Ал Рахымбаева Гүлнұрдың жақсылығын көріп мақалаға титтей өз үлесін қосқан №34 балабақшаның ересектер тобының тәрбиешісі Нұржауова Бағила былай дейді: «Гүлнұр әпке, әрдайым жұмысқа келгенде жылы жүзбен келеді, сабақтары да өте қызықты, әрдайым жинақы жүреді. Балалармен сабақты өткізгенде ойын түрінде ұйымдастырып, жаңа технологияларды тиімді пайдаланып, қоғамдық іс-шараларға белсенділікпен қатысады. Ертеңгіліктерде кейіпкерлердің рөліне еніп, жоғары деңгейде сомдап шығарады, құдды бір әртіс пе деген ойға қаламыз».

P.S. Міне, аталған мекеме мен қызметкерлердің шынайы ішкі дүниесі мен еңбектерін көріп, мәз-мейрам болып қайттық. Өйткені 100 бүлдіршінге арналған Тараз қаласындағы № 34 «Бақыт» балабақшасы қарадомалақтарға ыңғайлы, меңгерушісі мен ұстаздары мейірімді. Ал, кейіпкеріміз Гүлнұр Бижанқызы Рахымбаеваға тоқталып өтсек, ол «тәрбиеші» деген қызметті мақтан ететін кішіпейіл ұстаз!

Жансая Пернебай,
«Білім айнасы»,
Тараз қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды. Required fields are marked *

*