Home » Білім және тұлға » Іздеген жетер мұратқа

Іздеген жетер мұратқа

«Жаныңда жүр жақсы адам» жобасы бойынша

    Біз әрдайым білім саласында жүрген адамдарды тарихта танытамыз.Бүгін оқып отырған сіз,сондай ғажап жанмен танысасыз. Кейіпкеріміз ОҚО, Қарабұлақ ауылындағы Сайрам аудандық № 4 мектеп-гимназиясының директоры Баялиев Улугбек Абдусаматович. «Білім айнасы» республикалық ғылыми-танымдық газетінің атынан, дәл осы күні дүниеге келген кейіпкерімізді туған күнімен құттықтап тілдесе отырып, тосын сый жасадық.

– Сұқбатты өзіңіз туралы бастап, ары қарай әңгімемізді өрбітсек.
– Мен Баялиев Улугбек Абдусаматович 1984 жылы 8 ақпанда (яғни дәл осы күні) ОҚО, Сайрам ауданы, Қарабұлақ ауылында зиялы отбасында дүниеге келдім. Әкем – дәрігер, анам –  тарих пәнінің мұғалімі болды. Міне, анамнан тәлім ала жүріп, менің де мұғалім болуға аңсарым ауып тұратын.
Жарқын болашақ деп дамылдаған Баялиев Улугбекті еске түсіріп көрейікші.
– Әрине ол кездер құдды кеше ғана болғандай көз алдымда. 1991-2001 жыл аралығында (бұрынғы Киров ) қазіргі  № 10 Қарабұлақ жалпы орта мектебін бітірдім. 2001 жылы тарих-география мамандығы бойынша М.Әуезов атындағы ОҚМУ (Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне оқуға түстім. Университетті сырттай оқып жүріп, өзім бітірген мектепке тәлімгер боп жұмысқа тұрдым. Бұған себеп болған сол жерде қанат қаққызған өзімнің ұстаздарым еді. Алғашқы еңбек жолым осылай басталған болатын.
– Ұстаздықтан директорлық дәрежеге көтерілу екінің біріне бұйыра бермейтін бақ. Жалпы, бұған жету үшін жүріп өткен жолдарыңыз туралы сөз қозғасаңыз.
-Иә, мен бұған дейін аудандық, облыстық деңгейде семинар сабақтар өтіп, баяндамалар жасадым. Мектеп әкімшілігі соны ескере отырып, марапаттап отырды. Айта кету керек, бастапқы да ІІ категориялы мұғалім болдым. Соған орай өзім жұмыс істеп жүрген мекеме үшін еңбек еттім. «Еңбек бәрін жеңбек»деген нақыл сөз бар емес пе? Нәтиже шығара бастадым. 2009-2010 жылдар аралығында ҰБТ бойынша өте жақсы жетістіктер болды. 5 оқушым Қазақстан тарихынан-25 балл жинап, Қазақстанның айтулы Университеттеріне оқуға түсті. Әріптестерім менің білім беру тактикама риза болды. 2013 жылы ІІ деңгейлік курс бойынша оқуды бітіріп қайттым. Бұл мен үшін маңызды курс болды. Облыс аралығында еңбек өтілімі 30 жылды көрсетіп тұрған мұғалімдермен бірге үйрену, бір жерде отыру үлкен мотивация әрі мақтаныш болды.

Содан кейін 2015 жылы директор орынбасары лауазымына көтерілдім. Биылғы жылы Қарабұлақ ауылында ашылған № 4 мектеп-гимназиясына осы аудандық мәслихат депутаттарының,ауыл әкімімен мектеп ұстаздарының ұсынуымен директор болдым. Бастапқыда бойымда қорқыныш болып, өз ұстаздарымнан көмек сұрадым, кеңес алдым. Ұстаздарым маған «сен әлі жассың. Басшылыққа бейімің бар. Білімің жеткілікті. Қайратың тасып тұр. Осы жұмысқа лайықтысың» – деп рухани күш берді. Осы қолдаудың арқасында қазір осы орында отырмын деп айта аламын.
– Жаңа мектепті жандандыру оңайға соқпаған болар?
-Иә, дөп үстінен түсіп отырсыз. Гимназияға оқушыларды конкурс негізінде қабылдадық. Бұл басында қиынға соқты, дегенмен жұмыс жемісін беріп жатыр. Бүгінгі күні мектепте 340 оқушы екі ауысымда білім алуда, 55 мұғалім оларға білім беруде. Мұғалімдердің көпшілі жоғары санатты.
-Сөйлеген сөзіңізге қарасам өмірге, еңбек етуге деген құштарлығыңыз көрініп тұр. Біз білмейтін бұнда қандай сыр бар?
Өмір бір рет қана келгендіктен әрбір күн қайталанбай өтуі керек. Әрбір нәрседен оң нәтиже күтемін. Бәлкім басқалардан басым жағым осы болар.
Сіз үшін мықты мотивация иесі кім немесе мотивацияны кімнен аласыз?
-Ерекше сұраққа ерекше жауап берейін. Мен үшін мықты мотивация иесі – Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев. Әсіресе, «Рухани жаңғыру-болашаққа бағдар» атты мақаласы осыған үлкен факт. Мақаланы түсініп оқыған болсаңыз тиімді тұстары көп. Мысалы «Сананың ашықтығы», «Туған жерге тағзым» осының бәрі елімізді дамыту үшін көтеріліп жатқан тың тақырып. Нұрсұлтан Назарбаев мықты саясаткер. 10-қаңтардағы жолдауын алып қарасаңыз да білім саласына қатысты жақсы жаңалықтар айтылды. Бұның өзі үлкен мотивация емес пе?

Сөз басында «жұмысым жемісін беруде» деп қалдыңыз. Осыған орай жеткен жетістіктеріңізді айта отырсаңыз.
-2014 жылы Сайрам аудандық білім беру бөлімінің алғыс хатымен;
2016 жылы «Жеті күн» республикалық қоғамдық-саяси газетінің бас редакторының марапаттауымен;
2016 жылы аудандық мәслихаттың мадақтамасымен;
2015-2016 жыл аралығында Облыстық мамандандырылған «Тау самалы» оқу-сауықтыру орталығының мақтау қағазымен;
2016 жылы ауыл әкімінің Алғыс хатымен;
2017 жылы «Нұр Отан» партиясы Сайрам аудандық филиалының Алғыс хатымен марапатталдым.
– Құттықтаймын! Дәстүрлі соңғы сұрағымызға да кезек келді. Сіз үшін ұстаз болу?..
– «Іздеген жетер мұратқа» – деген даналы сөз бар. Мен үшін ұстаз болу-әрқашан ізденісте болу дегенді білдіреді.
– Тамаша. Жоспардағы мақсаттарыңыз жүзеге ассын! Абыройыңыз тағы да артсын! Туған күніңізбен құттықтаймын! Мына қысқа ғұмырда қанат қағып, шарықтаңыз! Шын жүректен шыққан сөз… Орындала берсін деймін, ойлаған армандарыңыз!      

Жадыра Бағашар,
«Білім айнасы»,
ОҚО, Сайрам ауданы

One comment

  1. Перизат

    Керемет мотивация изденген жетер муратка

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды. Required fields are marked *

*