Home » Бастауыш » Бастауышта білім мазмұнының жаңаруы аясында оқытудың пәрменді әдістерін қолдану ерекшелігі

Бастауышта білім мазмұнының жаңаруы аясында оқытудың пәрменді әдістерін қолдану ерекшелігі

Білім саласындағы түбегейлі өзгерістердің негізгі мәні-білімнің адам қабілеттерін арттырып, оларға өмірге мән беретін, сән беретін еркіндіктерді пайдалануда мол мүмкіндік ұсынатын негізгі тетік ретінде қарастырылуында. Қалыпты тәжірибеде меңгерілген негізгі дағдылар – оқи және жаза білу өз алдына жеке құндылықтар. Сонымен қоса, білімнің арқасында адам өз өмірін жақсарта алатыны белгілі. Білім әлеуметтік және экономикалық құнсызданудан зардап шегушілердің мүмкіндіктерін арттыруда орасан зор рөл атқарады. Барлығына қолжетімді жалпы білім қоғамдағы әлеуметтік және экономикалық кедергілерді жеңуде түбегейлі ықпал ете алады, сондықтан адам бостандықтарын іске асыруда оның маңызы зор.

Білім мазмұнының жаңаруы қағидасы «барлығына бірдей жарамды» үлгісінен «біреуіне жарамды» оқыту үлгісіне ауысу қажеттілігі болып отыр. Қазіргі ақпараттық дәуірде қалай оқумен қатар, қалай оқыту да зор мәселеге айналып отырғанда, артқа тартатын, дамуды тежейтін аталған үлгі өзін дәлелдей алмағаны аян. Бұрынғыша оқытуды, айталық лекция түрінде оқытып, соңынан тест алу арқылы қорытынды шығаруды жалғастыра берсек, бұл қазіргі заманда лайықты өмір сүру үшін қажетті дағдыларды меңгеруге септігін тигізе алмайтындығын бүгінгі күн талабынан көріп отырмыз.

Кең ауқымды дағдылардың негіздерін меңгерген оқушы тұлғасының үйлесімді қалыптасып дамуына қолайлы білім беру ортасын құру – жаңартылған білім берудің негізгі ұстанымдарының бірі. Осы орайда әдістемелік нұсқаулықтарда бастауыш сынып оқушысының оқуға деген қызығушылығын сақтап қалуға көмектесу үшін төмендегі мәселелерге назар аударған жөн:

  • Жайлы орта қалыптастыру – сыныптағы ахуал мақсатқа сай келіп, оқушыны белсенді болуға шақыратын, ынталандыратын, жайлы болуы керек. Оқу ортасының жайлы ахуалы әрдайым баса назарда болуы қажет.
  • Оқушылардың қызығушылығын ояту – нақты өмірден алынған, шынайы жағдаяттармен байланысты қызықты тапсырма беру. Көтермелеп, нұсқау беріп отыру. Оқу материалдарын оқушылардың шынайы өмірімен байланыстыра отырып, оқушылармен байланыс орнату. Оқу мақсаттарының анық болуын қадағалау керек, қауіпсіз жайлы орта қалыптастырып, қарым-қатынас орнатылып, оқушыларға деген сенім артуы қажет. Оқушылардың білімі мен тәжірибесін мойындап, оның маңызды екенін әр оқушы жете түсінуі керек.
  • Оқушылармен қарым-қатынас орнату – бір-біріне сенетін және өзара құрметтейтін қарым-қатынас, бұл оқушыларға өз әлеуеттерін толық жұмсауға мүмкіндік береді, соның арқасында олар тиімді білім алатын болады.
  • Оқушылардың не білетінін зерттеу – әдетте олар өздері ойлағаннан әлдеқайда көп біледі. Мұғалімдер оқушыларға өздерінің нені білетінін анықтауға және алдағы білімін соның негізінде құруға көмектесулері керек. бұл олардың өз күшіне деген сенімін арттырады. Оқу туралы танымдық теорияға негізделе отырып, бұл оларға өздерінің бар білімдерін толықтырып, жаңа білімдерін бұған дейін қалыптасқан құрылымға кіріктіруге мүмкіндік береді. Бұл оқушыларға нақты бір білімді өздері игергендігін сезінуге көмектеседі.
  • Тақырыпты ұсыну жолдарын түрлендіру – аудиал, визуал, оқылым/жазылым, кинестетикалық модельдер арасын теңестіріп, лекция оқуды мейлінше азайту керек.
  • Мүмкіндікті кеңейту – кеңінен ойланып, мүмкіндіктерді анағұрлым мол пайдалануға ынталандыру. Бұл оқушыларға жағдайды түсінуге жол ашады. Оқудың топтық/бірлескен тәсілдерін пайдаланған жөн. Топта жұмыс істеудің психологиялық салдары бар екенін, оларды ескеру қажет екенін естен шығармау керек, сондықтан тапсырма таңдарда топтың жұмыс істеу қарқынын және топ мүшелерінің ерекшеліктерін ескеру қажет. Сонымен қатар, бір топ үшін жарамды болған тәсіл екінші топ үшін жарамауы мүмкін екенін есте болуы керек.
  • Өзекті мәселелерге көңіл аудару – оқушыларға берілген тапсырмалар өзекті, бүгінгі күнмен байланысты болуы керек және де олардың өзектілігі түсіндірілуі керек. Бірнеше пәнді байланыстыратын, өмірден алынған, күрделі, тәжірибелік тапсырма таңдаған жөн. Оқушыларға өз оқу мақсаттарын белгілеуге мүмкіндік беру керек. Бір-біріне көмектесулері үшін өзара қадағалауды ұсынған абзал. Оқудың бірлескен және интербелсенді әдістерін пайдаланған дұрыс.
  • Диалогке шақыру – оқушыларға сабақ барысында өз пікірін білдіруге мүмкіндік берілу керек. Олардың пікірін пікірталасқа, мүмкіндіктерді кеңейтуге негіз етіп алуға болады. Оқушыларға білімді меңгертіп, оны меңгергенін ұғындыру маңызды.
  • Эмоцияға ерік беру – оқушыларға өз эмоцияларын еркін білдіруге мүмкіндік берілу керек. Оларды сабаққа белсенді атсалыстырудың жолы – еркіндік беру.
  • Технологияларды барынша тиімді пайдалану – жаңа не бар екенін анықтап, оны оқушылардың білімімен байланысты қолдану. Бұл сабақта міндетті түрде технологияларды қолдану керек деген сөз емес, олар оқушылардың өзара әрекеттестігін жандандырып, өзекті материал пайдалану үшін, адамдардың арасында өзара әрекеттестікті сақтап қалу мақсатында қолданылуы керек.
  • Кері байланыс ұсыну және жетістіктерді атап көрсету – оқуға ықпал ететін кері байланыс және бастапқы байланыс ұсынылу керек. Арқасынан қағып, көтермелеу адамға қанат бітіреді, өз күшіне деген сенімін арттырады.

Бастауыш білім беру саласындағы жаңартылған білім мазмұны аясында ұсынылған әдіс-тәсілдер көп. Оқытуды саралауды үйрену үшін бірқатар дағдыларды меңгеру қажет. Әрбір дағды кәсіби шеберліктің бір қырын дамытады, әрі олар бір-біріне сүйенеді. Уақыт өте келе бұл дағдылар әрбір мұғалімнің жұмысының ажырамас бөлігіне айналуы мүмкін. Дегенмен, оқытудың кез келген жаңа тәсілін игеруге, оған машықтануға уақыт керек. Оқушылар үшін қай тәсілдің қолайлы, оңтайлы екенін, ал қай тәсілдің кері ықпалы бар екенін анықтау арқылы біз өзіміз де үйрене отырып, оқыту тәжірибемізді жетілдіреміз. Бастапқыда бұның бәрі де соншалықты ауыр болып көрінгенімен, ең бастысы бірінші қадам жасау. Бір мезгілде бір ғана тәсілді қолданған жөн. Мұғалім өзіне, өзінің мәдени деңгейіне, оқыту стиліне лайықтап әдіс-тәсілдерді бейімдейді. Содан кейін екінші тәсілді қосу керек. Осылай дами келе мұғалім оқытуды саралауда машықтанып, өзін ыңғайлы сезінетін болады, әрі оқушылардың үлгерімін арттыруда бұның қаншалықты тиімді екенін мұғалімнің өзі де көре алады. Нәтижесінде мұғалім оқытуды саралау «бірқатар жаттығулар» емес екеніне көз жеткізеді. Бұл – әрбір оқушы өзі үшін оңтайлы қарқынмен білім алатын сыныптағы оқушылар тобын оқыту мен бағалауды жоспарлау жолы.

Бастауыш білім беру саласындағы жаңартылған білім мазмұнын толықтай түйсіну бір-екі жылдың ғана еншісінде емес. Жаңа мазмұнға бойлаған сайын жаңа бір ұғым, жаңа бір мазмұн қабылдайсың. Бастауыш сынып мұғалімдері біліктілікті арттыру курстарынан өтіп, шеберліктерін шыңдауда. Өкінішке орай, бүгінгі күн тәжірибесінде орын алған бір олқылық – жаңа бағдарлама ұсынған пәрменді әдіс-тәсілдердің аз пайызы оқытуда жүйелі түрде қолданылуда. Жаңа тәсілдердің әлі де болса бірқатар ұтымды да тиімді түрлері өз қажетіндегідей үрдістен қалыс қалуда. Және де мұғалімдер тарапынан тәсілдердің жеңіл түрлерімен шектелу жағдайы көп орын алуда. Мысалы, «Бас бармақ», «Бағдаршам» стратегиялары жиі қолданыста. Ал «Lesson study», «Қара жәшік» сияқты басқа да пәрменді тәсілдер тәжірибеде зерделеніп, көпшілікке таратылу үрдісі қалыптаспай отыр. Ендігі кезекте бастауыш білім беру жүйесіндегі оқытудағы жүйелі-әрекеттік ұстанымды жүзеге асыру үшін жаңа бағдарлама қарастырған пәрменді әдіс-тәсілдерді зерттеп, танып, тәжірибеде машықтап, ұтымдыларын көпшілікке ұсыну жұмыстарын жандандыру қажеттілігі туындап отыр.

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. «12 жылдық білім» – Республикалық ғылыми-әдістемелік және ақпраттық-сараптамалық журнал №2, 16-19 б.
  2. Білімді ел – образованная страна – Республикалық қоғамдық-саяси газет №4 30.01.2018, 13-б.
  3. ҚР педагог қызметкерлерінің біліктілігін арттырудың деңгейлі бағдарламасының негізінде әзірленген үлестірмелі материалдар жинағы – «Педагогикалық шеберлік орталығы» 2017 ж.

    Уатаева Гүлмира Сұлтанмұратқызы,
    Е.А. Бөкетов атындағы ҚарМУ-дің магистрі

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды. Required fields are marked *

*