Home » Оқу-әдістемелік материалдар » Сөздік арқылы тіл дамытудың маңыздылығы

Сөздік арқылы тіл дамытудың маңыздылығы

Өзге ұлт өкілдері мен тіл білмейтін қазақ ұлты өкілдеріне қазақ тілін үйретуде тіл дамыту жұмыстарының маңыздылығы зор. Мұндай жұмыс түрін мақсатты түрде өткізу оқушының жазу және сөйлеу тілінде белгілі бір дағдының қалыптастыруына түрткі болады. Тіл дамыту арқылы оқушылардың тілдік қарым-қатынасы жолға қойылады, білімі дамиды, танымы тереңдейді. Тілді оқыту үдерісінде тіл дамыту жұмысын ұйымдастырудың негізгі мақсаты-оқушының ауызша және жазбаша ойын грамматикалық жағынан дұрыс бере білуге үйрету. Сондай-ақ сөздік сандық жағынан өсуі, игерілген сөздер сапалық тұрғысынан жетілдіру мақсаттың бір бөлшегі болмақ.

Әдіскер-ғалым Р.Әбдісүлейменованың айтуынша, тіл дамыту жұмысының аясы өте кең және мына бағыттарды қамтиды:

орфографиялық дағдыны меңгерту;

сөздік қорын байыту;

жаңа сөздерді үйрету;

жазбаша сауаттылық пен дұрыс сөйлеу мәдениетін қалыптастыру

Тіл дамыту сабақтары сөйлеу әрекеті түрлері бойынша берілген жаттығу.

Тапсырмалар арқылы жүзеге асады. Әйтсе де, жоғарыда аталған мәселелердің барлығының шешімі сабақ үстінде сөздіктерді пайдалану арқылы табылары сөзсіз. Бір қуанарлығы, соңғы жылдары мектеп кітапханалары сөздік түрлерімен молынан қамтамасыз етілуде. Бұрындары қазақ тіліндегі тіл үйренуге қажетті сөздіктердің бір-екеуі ғана кітапхана сөресінен орын алып жатса, қазір бұл мәселе өз шешімін тапқан.Осы мүмкіндікті пайдаланып,әр мұғалім сабақтарда оқушының сөздікпен жұмыс жасау дағдысын қалыптастырса,тілі дамыту мәселесінің бір шешімі болмақ.

Біздің ойымызша, қазақ тілі сабағында ортабуын оқушыларынан бастап тіліміздің байлығынан насихаттай білу керек. Осы ретте мына бір ақпаратты оқушы құлағына сіңірудің артықтығы жоқ. Бір ғана он томдық «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігіне» барлығы 91,5 мың лексикалық бірлік кірген екен. Оның ішінде 67 мың сөз және 24,5 мың фразеологиялық тіркес бар екен. Бұл – үлкен байлық. Жалпы кез келген аудиторияға тіл үйрету тәжірибесінде оқыту мәселесі белгілі бір стандарт төңірегінде іске асады. Мұғалімнің міндеті – стандартты басшылыққа ала отырып, оқушыларды жүйелі сөйлеуге машықтандыру. Баланың таным қабілеті артқан сайын оның сөйлеуіне қажетті сөздер саны да өсіп отыр. Осыдан келіп жаңа сөздерді үйретіп, оқушының сөздік қорын байытудың маңыздылығы артады. Ал мұғалімнің алдында сөздік қордың байытудың жолдары мен сөздерді меңгерудің ұтымды жолдарын анықтау, оқушының үйренген сөзін күнделікті белсенді қолданысқа түсіру, оның қанша сөз меңгергенін анықтау сияқты жаңа міндеттер туындайды. Қанша сөз меңгергенін анықтау демекші, шет тілдерін оқыту тәжірибесінде осы мәселенің маңызы өте зор. Тілді үйретудің белгілі бір деңгейінде стандарт бойынша лексикалық минимумның белгілі бір шегі бар. Бірақ бұл сол шекпен шектеліп қалу дегенді білдірмесі анық. Сонда мұғалімдер үшін осы бір жаңа міндетті жүзеге асырудың, яғни, оқушының стандарт бойынша ғана емес, оған қосымша қанша сөз меңгергенін анықтаудың қажеттігі туындайды.

Оқушының сөздік қорын байыту мәселесі сөздік жұмысын жүргізу арқылы жүзеге асады. Өйткені осы сөздік жұмысы арқылы оқушының тілі дамып, тілдесімге түсу белсенділігі артады. Сөздік жұмысын жүргізгенде жаңа сөзді меңгерту үшін мына мәселелер басты назарда болады:

жаңа сөздерді жаттату;

үйренген сөздің аудармасын білу;

үйренген сөзді сөйлеу тілінде белсенді қолдану;

үйренген сөзді жазу тілінде белсенді қолдану;

үйренген сөзбен сөйлем құрату;

үйренген сөзді формалық жағынан түрлендіріп қолдана алу;

жаңа сөздерді қатыстырып сөздік диктант жаздыру;

жаңа сөдерді тірек ретінде беріп мәтін құрату

Сөздік арқылы сөздік қорды дұрыс қалыптастыру оқушының тілдесімге түсе алу қабілетін,тілдік қарым-қатынасты реттейді. Тілдесу үшін тілдік қолданысқа керекті лексикалық құралдарды үйренбесе, тілдік қарым-қатынас та жүзеге аспайды. Негізінен, оқушыладың сөздік қоры сөзді белсенді түрде қолданған және   қажетіне қарай нақты қолдану арқылы жетіліп отырады. Тілді енді бастап меңгеріп жатқан өзге ұлт өкілдері үшін қазақша сөйлеп кетуде грамматикалық жүйені жеткілікті меңгермеу бір себеп болса, екінші себеп сөздік қордың аздығына байланысты. Сөздіктердің ең белсенді қолданылатын екітілдік сөздік, яғни,орысша-қазақша немесе қазақша-орысша сөздік болса,одан кейін түсідірме сөздік және синонимдер сөздігі, орфографиялық сөздіктер қолданылады. Сөздік жұмысын жүргізгенде жүйелік ұстанымы басшылыққа алынады. Оқушылар үшін үлкен бір тақырыптың аясындағы шағын тақырыптар бойынша әр сабақ сайын жаңа сөз үйреніп отырудың маңызы зор.

Ойымызды жинақтап келгенде, тілдік оқытудағы басты мақсат оқушының белгілі бір деңгейінде тілдік қарым-қатынасқа түсе алуына қол жеткізу. Бұл мақсатқа жүйелі әрі тиянақты түрде сөздікпен жұмыс істеу арқылы қол жеткізуге болады. Себебі лексикалық шекті жеткілікті меңгерудің ең негізгі діңгегі сөздікпен жұмыс істетуде жатыр.

Кадауова А.С.,
№59 ЖББОМ қазақ тілі мұғалімі

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды. Required fields are marked *

*