Home » Білім және тұлға » Ұжымын өрге сүйреген білікті басшы – ел мерейі

Ұжымын өрге сүйреген білікті басшы – ел мерейі

«Жаныңда жүр жақсы адам» жобасы бойынша

  Бүгін тағы бір жақсының жақсылығын айту үшін қолыма қалам алдым. Мұғалімнің мәртебесі төмендеген бүгінгі қоғамда ұстаздың көп жұмысы көзге көріне бермейді. Көрінсе де, елемейтіндер жетіп жатыр. Сол ұстаздар еңбегінің еселенуі үшін күш салып жатқан басшының бірі – Назгүл Ахметқызы Беисова.

Мектептің бас педагогы 1987-1991 жылдар аралығында Панфилов педагогикалық училищесінде білім алған. Кейіннен жоғары білімін сол кездегі Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінде 2000-2003 жылдар аралығында «бастауыш оқыту педагогикасы мен әдістемесі» мамандығы бойынша жалғастырады.

Еңбек жолын Алматы облысы, Сарқан ауданы, Екіаша орта мектебінде бастауыш сынып мұғалімі болып бастаған. Қаншама шәкірттің қолына қалам ұстатып, білімнің шамшырағын жаға білген ардақты ұстаз. Білім жолына баулыған оқушыларының алдыңғы қатары бүгінде ел дамуына үлес қосып жатыр. Алдында отырған оқушыларын өз перзенттерінен кем көрмейтін аяулы ұстаз оларға өмір сабақтарын да үйрете білді. Ісіне деген құштарлығын байқаған мектеп басшылығы Назгүл Ахметқызын директордың оқу ісінің орынбасары қызметіне тағайындайды. Уақытының көп бөлігін жұмыс орнында өткізетініне еш өкінбейтінін жеткізген педагог керісінше өз жұмысынан ләззат алатындығын айтты. Ұжым қызметкерлерінің сөзінше, қызмет жолындағы мәнсабы биіктеген сайын адамгершілігі мен қарапайымдылығынан тайған емес. Қызмет жолындағы лауазымы Қарауылтөбе орта мектебінің директоры, Сарқан аудандық білім бөлімінде әдістемелік кабинет меңгерушісі қызметіне дейін жоғарылады.

Бүгінгі күні өзінің еңбек жолын бастаған қара шаңырақ Екіаша орта мектебінің директоры. 439 шәкірт білім алатын оқу ордасы мен жетпіске жуық мұғалім қызмет атқаратын үлкен ұжымды басқару оңай іс емес. Десе де, қол астындағы қызметкерлері мен оқушылар білікті басшының жетекшілік етуімен республикалық талай сайыстарда топ жарып келеді. Білім мен тәрибені, Отан мен отбасыдағы істерді қатар ұштастыра білгендігі үшін талай марапатқа ие болған білікті басшы, білімді ұстаз. Ұстаздық жолдағы еселі еңбегі еленіп, «ҚР Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалімен марапатталған. Алматы облысының Құрмет грамотасы да Назгүл Ахметқызының төккен терінің жемісі. «Мұның бәрі менің ғана емес, бүкіл ұжымның жетістігі», – деп бас педагог сөз қосты. Ұжымы басшысын, басшысы ұжымын сыйлай білетін білім ордасына көңіліміз толды. Қаталдық бар жерде тәртіп бар. Тәртіп болса, жұмыстың тоқтамайтыны белгілі. Жұмыс жүйелі түрде жүріп жатса, білімнің ұшқыны бар деген сөз. Демек, ұстаздар да, оқушылар да өз уақытын құр өткізіп жүрмегендігі белгілі. Білім жолында 30 жылдық тәжірибесі бар Назгүл Ахметқызының еңбегіне жеміс, шығармашылық істеріне табыс тіледік!

 Нәзира Қасымбек,
«Білім айнасы»,
Алматы облысы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды. Required fields are marked *

*