Home » Назарбаев Зияткерлік мектептері (Назарбаев Интеллектуальные школы) » Жаңартылған білім беру жүйесінің ерекшеліктері

Жаңартылған білім беру жүйесінің ерекшеліктері

«Бұған дейін жасалғандардың бәрін одан да
жақсырақ етіп жасауға болады».
Генри Форд

Қазақстан Республикасының білім саласына енген жаңартылған білім беру бағдарламасы — заманауи талаптарға сай болашақ ұрпақтың сұранысын қанағаттандыратын жаңа бағдарлама. Қазақстан 2030 стратегиялық бағдарламасы білім берудің ұлттық моделінің қалыптасуымен және Қазақстанның білім беру жүйесін әлемдік білім беру кеңістігімен байланыстыру арқылы сипатталады. Қазіргі таңда қазақ тілі – мемлекеттік тіл, қарым – қатынас тілі – орыс тілі және ағылшын тілі – ғаламдық кеңістікті тану тілін оқытуда жаңашылдықтарды әр сабақта жан-жақты қолданып, жаңаша оқытудың тиімді жолдарын тауып, жүйелі түрде қолдану – заман талабы болып отыр.

Оқытудың әдіс-тәсілдері өзгерді. Білім берудің мазмұны жаңартылып, жаңаша ой-пікір пайда болды. Осыған байланысты мұғалімдер алдында оқытудың әдіс-тәсілдерін үнемі жаңартып отыру және технологияларды меңгеру, оны тиімді қолдана білу міндеті тұр. Білім беру бағдарламасының негізгі мақсаты – білім мазмұнының жаңаруымен қатар, критериалды бағалау жүйесін енгізу және оқытудың әдіс-тәсілдері мен әртүрлі құралдарын қолданудың тиімділігін арттыруды талап етеді.

Барлық дамыған елдер өзінің бірегей жоғары сапалы білім беру жүйесіне ие. Негізгі мектеп үшін барлық мектептердегі оқыту стандарттарын Назарбаев Зияткерлік мектептерінің деңгейіне дейін жақсарту қажет. Жоғарғы мектеп түлектері қазақ, орыс және ағылшын тілдерін меңгеріп шығулары тиіс. Оқытудың нәтижесі сын тұрғысынан ойлау, өздігінен зерттеу және ақпаратты терең талдау дағдыларын меңгеруге тиіс. Негізінен жаңартылған білім жүйесі құзыреттілікке және сапаға бағытталған бағдарлама. Жаңартылған білім берудің маңыздылығы – оқушы тұлғасының үйлесімді қолайлы білім беру ортасын құра отырып сын тұрғысынан ойлау, зерттеу жұмыстарын жүргізу, тәжірибе жасау, АКТ – ны қолдану, коммуникативті қарым-қатынасқа түсу, жеке, жұппен, топта жұмыс жасай білу, функционалды сауаттылықты, шығармашылықты қолдана білуді және оны тиімді жүзеге асыру үшін қажетті тиімді оқыту әдіс-тәсілдерді (бірлескен оқу, модельдеу, бағалау жүйесі, бағалаудың тиімді стратегиялары) қолдану. Жаңартылған білім беру бағдарламасының ерекшелігі спиральді қағидатпен берілуі. Бағалау жүйесі де түбегейлі өзгеріске ұшырап, критериалды бағалау жүйесіне өтеді. Критериалды бағалау кезінде оқушылардың үлгерімі алдын ала белгіленген критерийлердің нақты жиынтығымен өлшенеді. Оқушылардың пән бойынша үлгерімі екі тәсілмен бағаланады: бөлім бойынша жиынтық бағалау (ББЖБ) және тоқсан бойынша жиынтық бағалау (ТБЖБ). Баланың жан – жақты ізденуіне ынталандырады. Критериалды бағалау жүйесі Филиппин, Сингапур, Жапония, Франция, Финляндия сынды дамыған елдерде пайдаланылады. Бұл бағалау жүйесінің артықшылығы – баланың ойлау қабілетін дамытып, ғылыммен айналысуына ықыласын туғызады. Қалыптастырушы бағалау күнделікті оқыту мен оқу үдерісінің ажырамас бөлігі болып табылады және тоқсан бойы жүйелі түрде өткізіледі. Қалыптастырушы бағалау үнемі жүргізіле отырып, оқушылар мен мұғалім арасындағы кері байланысты қамтамасыз етеді және балл не баға қоймастан оқу үдерісін түзетіп отыруға мүмкіндік береді. Жиынтық бағалау оқу бағдарламасының бөлімдерін (ортақ тақырыптарын және белгілі бір оқу кезеңін (тоқсан, оқу жылы, орта білім деңгейі) аяқтаған оқушының үлгерімі туралы ақпарат алу мақсатында балл және баға қою арқылы өткізіледі.

Кіріктірілген білім беру бағдарламасында математика пәнінің берілу жайы да өзгеше. Бағдарлама «Сандар», «Алгебра», «Геометрия», «Статистика және ықтималдықтар теориясы», «Математикалық модельдеу және анализ» бөлімдері бойынша математикалық білім, білік және дағдыларын дамытуға жағдай жасауға бағытталған. Оқу мақсаттары оқу жоспарында «Шиыршық әдісімен» орналастырылған және бір – бірімен тығыз байланысты. Бұл ұғым шиыршықты куррикулум идеясының негізіне салынған – «Әзірленген куррикулум оқушы соған сүйеніп, өмір бойы қажет болатын бүкіл формалды аппаратты толық игергенше өзінің негізгі идеяларына сан рет қайтып оралу керек…» Оқытудың әр түрлі кезеңдерінде пәнді әрқашан аса күрделі деңгейде және тереңдетіп оқу қарастырылған.

«Математика» пәнін оқытудың мақсаттары: математикалық тілді және негізгі математикалық заңдарды қолдану дағдыларын дамытуға ықпал ету; әр түрлі мәнмәтіндегі есептерді шығару үшін санды қатынастар мен кеңістіктік пішіндерді оқып білуге бөлісу; шынайы үдерістердің математикалық модельдерін құру және оларға талдау бере алу дағдыларын дамыту; логикалық және сыни тұрғыдан ойлау, шығармашылық қабілеттерді дамыту; коммуникативтік, әр түрлі дерек көздерінен ақпаратты іздеу және пайдалану дағдыларын дамыту; жеке жұмыс жасауға, сондай-ақ топпен жұмыс жасауға қажетті дербестік, жауапкершілік, бастамашылдық, табандылық және толеранттылық сияқты жеке тұлғалық қасиеттерді дамыту; қоғамның ілгерілеуі үшін математиканың маңыздылығын түсінуін қамтамасыз ету; математиканы оқыту үдерісінде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды (АКТ) қолдану дағдыларын дамыту.

Бүгінгі күні барлық елдер жоғары сапалы білім жүйесімен жұмыс істеуде. Өйткені қазіргі заманда елдің бәсекеге қабілеттілігі оның азаматтарының парасаттылығымен анықталады, сондықтан білім беру жүйесі болашақтың талабына сәйкес дамуы тиіс. Оқушыларды заманауи әдіс – тәсілдермен оқытып, ой – өрісі кең, саналы, еркін азамат етіп тәрбиелеу қажеттілігі де осы себептен туындап отыр. Оның үстіне білім берудің жүйесін қарқынды дамытқан бұл үрдістің жалпы білім беретін мектептерге де енгізіле бастауы көңілді қуантады.

Қорыта айтқанда, жаңартылған білім беру бағдарламасының мәні, оқушының функционалдық сауаттылығын қалыптастыру. Оқушы өзінің мектеп қабырғасында алған білімін шынайы өмірлік қажеттіліктерге асыра білуі керек. Сол үшін де бұл бағдарламаның негізі «Өмірмен байланыс» ұғымына құрылған. Ұстаздарға үлкен жауапкершілік міндеттелді. Оқушылардың бойына ХХІ ғасырда өмірдің барлық салаларында табысты болу үшін, қажетті дағдыларды дарыту үшін, мұғалімдер тынымсыз еңбектену керек. Жаңартылған оқу бағдарламасы аясында тек өз пәнін, өз мамандығын шексіз сүйетін, бала үшін ұстаз ғұмырын құдіретті деп санайтын білімді мұғалімдер ғана жұмыс істей алады. Үйренгеніміз де, үйренеріміз де көп Үнді халқының тарихи тұлғасы Махатма Гандидің «Егер сен болашақтағы өзгерісті байқағың келсе, сол өзгерісті уақытында жаса» деген ілімін негізге ала отырып, оқушы бойындағы қабілетті жетілдіріп, оқушыларды болашаққа жетелейміз.

Әлжанова Бақыт Қонысбайқызы,
Ақтөбе қаласындағы физика-математика бағытындағы
Назарбаев Зияткерлік мектебінің математика пәні
бірлестігінің жетекшісі, математика пәні мұғалімі

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды. Required fields are marked *

*