Home » Білім және өнер » Би қимылының сыры

Би қимылының сыры

Қазақ биі – бишінің қозғалысы мен дене қимылы арқылы көркем образды бейнелейтін, ұлттық сахна өнері. Қазақтың халықтық би өнері ерте заманнан қалыптасқан, халқымыздың аса бай ауыз әдебиетімен, ән-күйлерімен, дәстүрлі тұрмыс- салтымен біте қайнасып келе жатқан ел мұрасы болып табылады. Халықтың көркемдік ойының бір көрінісі ретіндегі би өнері өзінің эстетикалық болмысында қазақ жұртының жалпы дүниетанымына сай арман-мұраттарын бейнелейтін қимылдар жүйесін қалыптастырған. Қазақ халқы ежелгі би өнерінің дәстүрі мен өрнегін сақтап, өзінің рухани қазынасымен ұштастыра отырып, ғасырлар бойы дамытқан. Қазақ биі көшпелі малшының тұрмыс-тіршілігін, табиғат көріністерін ұлттық таным-талғамға сай көркем бейнеледі. Халық табиғат таңғажайыптарын өзінің қолөнерінде, ән-күй, би өнерінде, тұрмыста қолданатын әртүрлі бұйымдарда да бейнелеп берген.

Әр халықтың ұлттық ерекшелігіне орай би өнерінің көркемдік бейнелеу құралдары мен мазмұны да әр түрлі болып келеді. Қазақ биі негізінен қол, бас, мойын, көз, иық секілді түрлі дене мүшелерінің қимылдарымен биленеді. Ал оны біз қиюын тауып, үйлестіре білсек, қазақтың ұлттық биінің және би қимылдарының өз ерекшелігі танылады. Қазақ биінің алғашқы болып іргетасын қалаған – Шара Жиенқұлова. Ол – туған халқының мол мәдени мұрасын болашаққа ұсынып кеткен ұлы ұстаз. Ұлы ұстаз Ш. Жиенқұлова күнделікті тіршіліктегі қимыл – қозғалыстарды би қимылдарына айналдырған. Осы қимылдарды қазіргі таңға дейін қолданып келеміз. Қазақ биі – халықтың тұрмыс-салтының айнасы. “Сырға”, “Толқын”, “Тұмарша”, “Айна”, “Білезік”, “Буын” осы қол элементтері қыздың нәзіктігін бейнелейді. Қазақ биінің қимылы мен әуені де, өте әсем,ырғағы жігерлі, мазмұны бай болып келеді.

Қазақ биі үстінде қолды қалай ұстаудың негізгі алты түрі (қалыптары) бар.
I. “Сәлем” деп аталады. Екі қолын алға созып, саусақ бастарын жоғары қаратады, алақаны ашық, шынтағы сәл бүгулі ұсталады.

  1. “Құс қанаты” деп аталады. Екі қолын екі жаққа жая, шынтағы сәл бүгулі, алақанын төмен қаратып, саусақтарын бос ұстайды.

III. “Қос мүйіз” деп аталады. Екі қолын басынан асыра көтеріп, ортаңғы саусағын бас киіміне тигізеді, екі шынтағын бүгеді.

  1. “Сәукеле” деп аталады. Сәукеле- қыздар үшін, ат үстінде- ерлер үшін. Оң қолын жоғары асыра басына көтеріп, сол қолын шынтақтан бүгіп көкірек тұсына иеді. Қолдың алақаны ашық болады. Ерлер қолдың алақанын жұмып, ат үстінде тізгін ұстағанды бейнелейді.
  2. “Сыңар мүйіз” деп аталады. Оң қолын жоғары көтеріп, сол қолын солға созады.Алақаны ашық болады.
  3. “Белбеу” деп аталады (ерлер үшін). Екі қолын шынтақтан бүгіп, белдіктен ұстайды.

Бұдан басқа қолдың толқынданған қимылдары: тізіліп жүру, ұлу тәрізді, бет ашар сияқты түрлері бар

Аяқтың қазақ биі үстінде байқалатын алты түрі бар.

Жүру әдістері.

  1. Табан жүріс. Екі аяқтың көмегімен еденді алма- кезек нық басып жүру.
    II. Өкше жүріс. Екі аяқтың өкшесімен кезек басып жүру. Екі аяқтың ұшымен кезек басып жүру.

III. Қос табан. Оң аяқпен алға екі табан басу, сол аяқ оң аяқтың артынан ілеседі. Дәл осыны керісінше қайталайды.

  1. Тоқылдақ. Екі аяқтың табанымен еденді кезек- кезек тебеді. Сырғанақ тоқылдақ оң аяқпен еденді бір теуіп алға сырғанайды да, сол аяқпен қайталайды.
    V. Секіртпе. Екі аяқпен алма- кезек секіреді. Қос аяқпен бір мезгілде секіреді, бір аяқпен секіреді.
    VI. Айналма. Бір аяқтың ұшымен айналады. Айналма шеңбер жасайды. Ұршықтай шыр айналады.

Сонымен қатар жүріс түрлеріне: кербез жүріс,құбылма жүріс, сақ жүріс, өкше көтеру,өкше кезек, өкшелеу, кезекті адым, кібіртік адым, шапшаң қадам жатады.Қазақтың би қимылдары алуан түрлілігімен ерекшеленеді: шалқақтау, сылаң қағу, ирек, сылқылдақ, табақ тарту, сәндену,шыр айналу, ұршық, бұраң бел, теңселу, қол бұрау, малдас құру, қосаяқ, қызғалдақ,қыз қылығы,мақтаншақ, оймақ,өкшелеу, өрме,иірім, жайдары аяқ, жаулық, , жүре отырыс, иілу, қайшылау, қамтыма, үшбұрыш, зигзаг секірулер, бұраң бел , желдірме би қимылы, белдеме, буын ойнату, бүктелме, дүрсілдету, еспе, ақселеу, алқотан т.б.Қазақтың халық билері қимылдарының әр алуандылығы таң қалдырмай қоймайды.Оның қыр-сыры көп.Мәселен, табиғат құбылыстарына байланысты би қимылдары: толқын, жел, самал. қайнар бұлақ, найзағай, кемпірқосақ, құйын, жел ойнаған, бұрқасын т.б. Аң-жануарлар, құс бейнелері мен қимылдарына байланысты би қимылдары: ат шабыс,тізгін тарту, ботагөз, бота мойын, қошқар мүйіз, киік мүйіз, бұғы мүйіз, сыңар мүйіз,ирек, қос жылан, құс тұмсық, жорға, қос өркеш би қимылдары, құс қанаты, айдаһар ирек, қаз кескіні, қаз мойын т.б.

Күй қандай тақырыпқа арналып жазылса, сонымен бірге осы күйлерге байланысты да би қимылдары бар, мысалы «Айжан қыз»,»Қос алқа»,»Сарыарқа» билерін айтамыз. Құрманғазының «Сарыарқа» күйін тыңдағанда кең далада жосылған арғымақтардың шабысы,қыз қуу ойыны көз алдымызға келеді.Осы «Сарыарқа» күйіне «Қыз қуу» би қимылы шығарылған.  Ертеде қазақтың ұлттық би өнерін киіз үйде билейтін болғандықтан алуан түрлі дененің қозғалыстары мен бет-әлпет құбылулары арқылы билеген,яғни мимика.Мысалы: « Бүркіт биі», «Аю биі», «Өрмек тоқу», «Киіз басу», «Ортеке» билері осындай әдіс -тәсілдермен орындалған.

Кейбір жекелеген би қимылдары жансыз заттарды, тұрмыстық құрал-саймандар мен киіз үй бөлшектерін бейнелеуден де туған. Мәселен, киіз үй төбесі,айна,ағаш,керуерт,ұршық,т.б. беріледі. Сонымен қатар, «Киіз басу» биіндегі жүн түту, жүн сабау, киіз қарпу би қимылдары нағыз іс-әрекетті бейнелеуден туса, жіп ширату, жіп орама, еспе би қимылдарының қолөнерге байланыстылығы білінеді.

Қазақ биінде орындалатын әр қимылдың алатын орны және өзіндік мағыналары бар. Атап айтқанда «Қошқар мүйіз», «Кереге көз», «Сыйлық», «Үлкен сыйлық», «Қызғалдақ», «Білезік», «Бота мойын», «Айна», «Сәндену» тағы басқа қимылдар қыздардың орындауында кездеседі. Әр қимылды бидің мағынасына қарай би қойылымдарында қолданып отырған (образға, сюжетке байланысты). Жоғарыда айтылған қимылдарды қыздың сұлулығын, нәзіктігін, еркелігін табиғатпен байланыстырып қолдануға болатындығын көріп жүрміз.

Қазақ халқының би өнері халықтың поэтикалық, музыкалық шығармашылығымен, фольклормен тығыз байланыста қалыптасып дамыды. Ишарамен, ыммен (мимика) айту әдісін, халықтың дәстүрлері мен салттарын кең қолдана отырып, хореографиялық қимылдың алғашқы элементтерін пайдаланып, жастарға мінез-құлықтың нақты мөлшерін үйретеді. Мысалы: «Қазақстан хореографиясының тарихы» атты кітапта «Тәжім» қимылына толықтай тоқталып өткен. Қызды ұзатуға байланысты салттың тәлімдік үлгісі мол. Музыкамен, қалыңдық өзі қосыла билейтін қимыл-әрекеттер «Қыз таныстыру», «Сынау», «Жар-жар», «Қоштасу», «Беташар»  тәрізді би қойылымдарында салт-дәстүрді көрсету үшін қызығылықты-ақ. Бұл дәстүрлердің әрқайсысының өзінің орындалу уақыты, өз мақсаты бар және ақыл айту, тәрбиелеу, тілек тілеу тәрізді тағылымы мол дәстүрлерді көрсетеді. Қыз ұзату салты, өз кезегінде, өмірінің жаңа кезеңін бастаған қыздың белгілі бір әлеуметтік мәртебесін білдіреді.

Осы әдемі қимылдардан кейін қалыңдық міндетті түрде белгілі бір адамның алдына келіп иіледі. «Тәжім ету-халық санасына өте әсер ететін сипаттардың көрсеткіші. Ұлттық тәжім ету қоғамның моральдық қалпын бейнелейтін мінез-құлық мөлшерлерінің барлық этикасын өзіне жинақтаған»,-деп көрсетілген «Кочевники-эстетика» атты ғылыми жинақта.

Бұл тәжім ету қимылы кішіпейілділікті, келісуді, кешіруді де білдіре алады. Тәжім ету – ұяң мінез, қимастықты білдіреді. Қазақ биінің қай қимылы болмасын, қарап отырсаңыз тұрмыс-тіршіліктен, табиғаттан, өмірден алынған. Мысалы, қыздардың қимылында көп кездесетін «Білезік», «Қос алқа», «Қызғалдақ», «Қайнар бұлақ», «Жалын», «Тұмар», «Айна», «Бұраң бел» т.б. би қимылдарында өзіндік мағына бар.

Қыздардың қарапайым қолына таққан білезігінен тұратын биді көрсетуге болады. Тек осы қос қолға таққан білезікті насихаттап, білезік арқылы әртүрлі қимылдар жасауға болатынын анықтауға болады. Жалт-жұлт еткен білезікті және алқа, сырға, шолпы т.б әшекей бұйымдарды мәдениетті түрде, өз ережесімен сахнада би тілінде қолдану әдісі композициялық қойылымдарда орын алып отыр. Бұл балетмейстердің үлкен тапқырлығы, шеберлігін қажет етеді. Әрине музыка ырғағымен, сол әшекейлерді би тілімен насихаттауда сахна төрінде киім үлгісі де биге лайық болуы шарт. Қазақтың қол қимылдарын жасау, орындау барысында жеткілікті түрде нақтылық қажет. Қазақ биінің қол қимылдарында, сонымен қатар, «Толқын», «Орама толқын», «Шынтақ толқын», «Орама», «Орама өрнек», «Жалын», «Бидай боз», «Қосшынтақ», «Беташар» тағы да басқа өрнектер түрінде болып келуінің өзі басқа халықтардың қол қимылдарынан ерекшеленетін өзгешелігі деп санаған жөн. Сонымен қатар, «Бүктелме», «Ырғақты қадам», «Айдаһар иірілу» және тағы өзге дене қимылдарының атаулары бар. Дегенмен, аталған қол және дене қимылдары мән-мағынасын жоғалтпастан, заман ағымына еріп, құбылып отыруы мүмкін. Біртуар талант, қазақ биінің Падишасы – Шара Жиенқұлова апамыздың сөзімен айтсақ: «Исскустваның басқа түрлеріндей хореография өнері де диалектикалық құбылыс сияқты, үнемі өзгеріп, дамып отырады».

Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Т.Ш. Бақтыбаев «Қазақ биі – ұлт болашағы» атты еңбегінде былай дейді: …«Би – эстетикалық құрал, ол сөзсіз дене сұлулығына тәрбиелейді. Әрі халық билерінің өздеріне тән ерекшеліктері би қойылымдарында, іс – қимылдарында көрініп тұруы керек. Би өнері қазақ халқы үшін тәрбие құралы, мәдениет жаршысы, тіптен қазақ тарихы десек те болады»,-деп жазды

Елбасымыз «Рухани жаңғыру» мақаласында айтылған үш басты негізге сүйенсек, біріншіден, біздің ұрпағымыз денсаулығы да, рухы да мықты ұрпақ болуы қажет, екіншіден, өз ісіне аса жауапты, білімді, бәскеге қабілетті,үшіншіден, өз Отанын, елін сүйетін, ана тілін, ата салт-дәстүрін, ұлттық өнерін құрметтейтін рухани бай ұрпақ болуға тиіс. Ұлттық биіміздің оқушыларға тәрбие беруде мәні зор болмақ.

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды. Required fields are marked *

*