Home » Назарбаев Зияткерлік мектептері (Назарбаев Интеллектуальные школы) » Зияткерлік мектеп ұжымы Жолдауға қолдау білдірді

Зияткерлік мектеп ұжымы Жолдауға қолдау білдірді

 Семей қаласындағы физика–математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің ұжымы Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың халыққа арнаған биылғы Жолдауын құптайды. Ел келешегін бүгіннен айқындап, ортақ Отанымыз Қазақстанның дамуына темірқазық болатын тарихи құжат жарыққа шығысымен қолдау білдірген әртүрлі сала мамандары мен қызметкерлерінің, жұмысшылардың салиқалы пікірлері айтыла бастады.

Білім ошағының акт залына жиналған ұжым алдында мектеп баспасөз хатшысы Ермек Исабаев баяндама оқып, Жолдауда айтылған негізгі 10 міндетті жіктеп берді. Ол өз баяндамасында Елбасының бүгінгі Қазақстан қоғамы алдына қойып отырған 10 міндеттің әр қайсына жеке-жеке тоқталып, олардың біздің өмірімізде алатын орны жайлы өз ойын ортаға салды. Соның ішінде Ұлт Көшбасшысы бөле –жара атап өткен «Адами капитал – жаңғыру негізі. Білім берудің жаңа сапасы» атты тарауы бүкіл саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған ұстаздар сіздер үшін үлкен мәнге ие екендігін тілге тиек еткен Ермек Ережепұлы биылғы Жолдауынан кейін «еліміздегі білім беру саласын қандай өзгерістер күтіп тұр?», – деген сауалға жауап іздеп көрді.

Расында да, отандық білім Президент назарынан ешқашан тыс қалған емес. Биылғы Жолдауда осы салаға ерекше басымдық беріліп, оқушыларға берілетін тапсырмалар легі азаятындығы, 2018 жылдың 1 қаңтарынан мұғалім мәртебесін арттыру мақсатында білім берудің жаңартылған мазмұнына көшкен ұстаздардың лауазымдық жалақысы 30%-ға көбейетіндігі, 2018 жылы категориялар арасындағы алшақтықты арттырып, мұғалімдер үшін біліктілік деңгейін ескеретін категориялардың жаңа кестесі, 2019 жылдың 1 қыркүйегіне қарай мектепке дейінгі білім беру ісінде балалардың ерте дамуы үшін өз бетінше оқу машығы мен әлеуметтік дағдысын дамытатын бағдарламалардың бірыңғай стандарттары енгізілетіндігі, 2021 жылы орта білім беру саласында жаңартылған мазмұнға көшу аяқталатындығы, білім беру саласы инвестициялық жобалары мен экспорттық әлеуеті бар экономиканың жеке саласы ретінде қаралатындығынан бөлек бірнеше өзекті мәселелер сөз болды.

Елбасы Жолдауындағы әрбір тараудың сапалы орындалуы Қазақстанның дамыған 30 елдің қатарына уақытында енуіне септігін тигізбек. Ертеңгі ел тұтқасын ұстайтын азаматтар мен азаматшаларды тәрбиелеуді мойнына алған ұстаздарға жүктеген негізгі міндеттерден бөлек, Нұрсұлтан Әбішұлы Зияткерлік мектептер алдындағы тапсырмаларды тағы бір мәрте еске салды. Осы ретте Президент жаңартылған білім мазмұны дегеніміз – халықаралық стандарттарға сай келетін және Назарбаев зияткерлік мектептерінде бейімделуден өткен заманауи оқу бағдарламалары екенін атап өтті.

Жолдауды талқылау барысында мектеп директоры Бағдан Қайыржанов бұл жай ғана құжат емес, керісінше, біздің болашағымызды айқындап, қай бағытта дамуымыз керектігіне жөн сілтейтін бағдар екенін атап өтті.

Жалпы Жолдауға талқылауға дейін БАҚ арқылы өз ойын ортаға салғен әріптестеріміз аз емес. Мәселен, мектеп басшысы Бағдан Қайыржановтың республикалық «Білімді ел – Образованная страна», облысқа тарайтын «Семей таңы» газеттерінде пікірі жарияланса, директордың бейінді эксперименталдық жұмыстар жөніндегі орынбасары Райгүл Қайыркенова мен биология пәнінің мұғалімі Анар Советовалардың ойлары жергілікті «Semei’» телеарнасында көрсетілді.

«Төртінші өнеркәсіп революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты биылғы Жолдауға қатысты қолдау білдірем деген ұстаздар қатары аз емес. Алдағы уақытта олардың да ой – тұжырымдары баспасөз беттерінде жарық көреріне сенім бол.

Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы
Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды. Required fields are marked *

*