Home » Балабақша » Табиғат – Адамзатқа Аманат Болатбаева Зергул

Табиғат – Адамзатқа Аманат Болатбаева Зергул

                                                                                                    
Мақсаты: Балалардың табиғат туралы білімін бекіту. Ойлау қабілеттерін дамыту. Ертегі арқылы балалардың табиғатқа деген сүйіспеншілігін арттыру, қайырымдылыққа, мейірімділікке, адалдыққа тәрбиелеу. Балалардың шығармашылық ойын дамыта отырып, дәстүрден тыс жапсыру әдісін қолдану. Ұжымдық жұмысқа баулу.
Көрнекіліктер: Жайлаудың, құстардың суреттері, үлестірмелі құралдар, жасыл түсті кілемше, түрлі түсті фетр, үнтаспа.
Билингвальді компоненттер: Табиғат- природа, күз-осень, құстар- птицы, жануарлар-животные, су-вода, ағаш-дерево.
Мотивациялық қозғаушылық:
(Топқа жапырақтармен билеп кіреді. )
Бүгінгі мерекеге өте әдемі, сұлу болып келіпсіңдер. Балалар, байқадыңдарма тобымызда табиғатқа байланысты әсемделген. Олай болса балалар, шаттық шеңберін құрып, қоршаған ортамен амандасып алайық.
2) Шаттық шеңбері:
Армысың, шапағатты Күн – Ана!
Армысың, қайырымды Аспан – Ана!
Армысың, мейірімді Жер – Ана!
Құт дарып бар әлемді жарылқа!
(Балалар тәрбиешімен бірге айтады.)

Балалар, сіздермен бірге шаттық шеңберін құрып, би-билеп жүргенімізде, біздің топқа қонақтар келіп қалыпты. Ал енді балалар, келген қонақтармен сәлемдесіп алайық. Сәлеметсіздер ме, здравствуйте, good morning.       Жарайсыңдар! Балалар, бүгінгі оқу қызметіміз, күнделікті оқу қызметіне қарағанда, өзгеше және қызықты өтілмек. Себебі, біздің топқа көп апайлар мен аналарымыз келіп отыр. Қош келдіңіздер дейміз. Балалар, бүгінгі оқу қызметін бастамай тұрып, өткен тақырыптарды еске түсіріп кетейік.

3) Сұрақ – жауаптар: ( Жылдам )

 – Бір жылда неше мезгіл бар?
Төрт мезгіл.
Қазір жылдың қай мезгілі?
Күз мезгілі.
  Күз мезгілінде неше ай бар және қалай аталады
 Үш ай бар. Қыркүйек, қараша, қазан.
  Күз мезгілінің ерекшеліктерін атандар?
Жапырақтар түседі, жемістер піседі, күн салқындап, құстар жылы жаққа ұшып кетеді.
Тамаша! Жарайсыңдар! Балалар, сіздер білесіздерме? Жылдың барлық мезгілінде біз табиғаттың сұлулығын, әсемдігін, ерекшеліктерін байқай аламыз. Сол үшін біз, әрқашанда табиғатымызды аялап, қастерлеп, ластамай және қорғап жүруіміз керек. Балалар, бүгінгі өтетін оқу қызметіміздің тақырыбы: «Табиғат – Адамзатқа аманат!» деп аталады. Ал енді балалар, оқу қызметіне жақсы жауап берулеріне шын жүректен тілектеспін.

 

Ұйымдастырушылық ізденістік:

4) Ойын: «Кім тез жауап береді?» ( Сиқырлы микрафон)

Балалар, қараңдаршы, менің қолымда сиқырлы микрафон бар. Осы микрафон арқылы сіздерге мен сұрақтар қоя отырып, ойын ойнаймыз. Ал сіздер, дұрыс әрі тез жауап берсендер, микрафон өзінің сиқырын көрсетеді. Ойынның аты  «Кім тез жауап береді?» деп аталады.

  1. «Қандай үй жануарларын білесің, олардың төлдерін ата?» Сиыр-бұзау, жылқы-құлын, түйе-бота, қой-қозы, ешкі-лақ.
  2. «Қандай үй құстарың білесің, ата?» Әтеш, тауық, қаз, үйрек, түйеқұс
  3.  «Жемістер қайда өседі, оларды ата?» Ағашта. Алма, алмұрт, шабдалы, өрік, шие,апельсин, мандарин.
  4. «Көкөністер қайда өседі, оларды ата?» Жерде. Қызанақ, қияр, картоп, пияз, сәбіз, орамжапырақ
    – Дұрыс! Керемет! Өте жақсы балалар.

5) Таң қалу

– Ой, балалар, ненің дыбысын естіп тұрсыңдар?

–  Құстардың дыбысы.

Ол дыбыс қайдан шықты? Тыңдайықшы. Міне таптым. Мына әдемі пердені ашып көрейік, сол жақтан құстардың дыбыстары естіліп тұр. Балалар, бізге қандай әдемі, түрлі-түсті құстар қонаққа ұшып келіпті. Мен құстардың тұмсығынан керемет гүлдерді, жүректерді байқап тұрмын. Осы гүлдер мен жүректерді алып көрейікші, нелер жасырылған   екен.

Жұмбақтар:
Таңмен көзін ашады,
Әлемге нұрын шашады. (Күн)

Көзге ілінбейді,
Жұтсаң білінбейді. (Ауа)

Қараңғыда жымыңдайды, жанады,
Жарық түссе, бірден сөніп қалады. (Жұлдыз)

 Тереземіздің әйнегін жуады,
Бірақ сүртпейді. (Жаңбыр)

 Еш тесiкке тұрмайды,
Ол жоқта жер құрғайды. (Су)

Аспандағы көлеңке,
Жерге суын шашады. (Бұлт)

6) Балалар, осылардың барлығын бір сөзбен айтқанда не деп айтамыз?
– Табиғат.

– Дұрыс.

Олай болса балалар, сіздерге мен  «Табиғат деген не?» әңгімесінен қысқаша үзінді оқып берейін.

Бір күні жануарлар жиналып алып, осы «Табиғат деген не өзі?»,- деп бір – бірімен сөз таластырыпты. Сонда бақа тұрып:
– Табиғат дегеніміз телегей теңіз су,- депті.
Сонда Аю айтыпты, менде талай жерде болдым, мен де білемін:
– Табиғат деген орман,- депті.
Осы кезде түйе тұрып:
– Ол құм, тікенек шөп,- депті.
Сонда құстар шулап:
– Әрине ол, таза ауа, ашық аспан, дәнді дақылдар депті.
– Жер, жер деп жар салыпты Киік.

Балалар, тірі табиғаттың бізге беретіні өте көп екен. Табиғатты қастерлеп, қорғап, ластамай, аялап күту әрбір адамның міндеті болып есептеледі. Ал сіздер, табиғат туралы не айтар едіңдер? Олай болса балалар, табиғат туралы, қоршаған орта туралы, не білетінімізді, өз ойларымызды, ортаға салайық.

Эмиляна:    Табиғатпен Адам бір – бірімен байланыста болады.
Антон:  Адамның табиғатсыз тіршілігі жоқ.
Нұрдастан: Бізді қоршағанның бәрі – табиғат, ол жазира дала, биік таулар, көгілдір көлдер, мөлдір өзендер мен бұлақтар.
Шора: Ауасыз, күнсіз, сусыз өмір сүре алмаймыз.
– Дұрыс. Әрине балалар, біз табиғатсыз өмір сүре алмаймыз, табиғатта бізсіз өмір сүре алмайды. Әңгімені қорытыңдылай келетін болсақ балалар, Жерде, Табиғатта – біздің Анамыз.

8) Таңғажайып сәт. Балалар,естідіңдер ма? Біреу есікті тақылдатқандай болды. Мен барып көріп келейін. Ой, қызық болды балалар, есіктің алдында ешкім жоқ, бірақ, біздерге әдемі, үлкен ашық хат қалдырыпты. Бұл қандай ашық хат,

қайдан пайда болды екен? Қараңдаршы балалар, бұл хат жәй ашық хатқа ұқсамайды, ашып көрейін. Ішінде хат бар екен және хаттан бөлек бір дөңгелек зат бар сияқты.

– Ол не болды екен балалар?

– Диск

Балалар, қызық болатын сияқты. Мен оқығанша асығып тұрмын. Мүмкін сонда хатты кім жазғаның білерміз.

-Ой, балалар бұл біздің топқа арнайы жіберілген екен. Кәнекей, мұқият отырып тыңдаңдар мен сіздерге хатты оқып берейін.

«-Сәлеметсіздерме? Құрметті «Бәйшешек» тобының балалары. Сендерге хат жазып отырған мен Табиғат-Анамын. Сендер мен туралы көп біледі деп ойлаймын. Сол себебтен, сендерге арнайы табиғаттың әдемлігін, сұлулығын бейне жазба арқылы жіберіп отырмын. Бейне жазбамды көріп тамашалаңдар. Балалар, бүгінгі оқу қызметіне жақсы жауап берсеңдер, менің сендерге арналған сыйлығым бар.»

Ал енді, дискте не барын бірге отырып тамашалайық. Балалар көрдіңдер ма, біздің кең байтақ қазақ жеріміздің сұлулығың, жылғалардаң ағып жатқан суларды, биік-биік тауларымызды, жазира даламызды, жайнап тұрған гүлдерді. Олай болса балалар, осы көрген бейне жазбамызды шаттық шеңбер арқылы жаттығулар жасап, сергіп алайық.
9) Тренинг ойын – «Табиғатпен сырласу». Сергіту сәті.Балалар, теледидар арқылы көрген туған жеріміздің әсем табиғатың, жылғалардаң ағып жатқан суларды, жазира даламызды, биік-биік тауларды жайнап тұрған гүлдерді көз алдымызға елестетеміз. Сулар мөп – мөлдір ағып жатыр, қош иісті гүлдер жайнап өсіп тұр. Табиғатты тамашалап келе жатсақ, алдымыздан таза мөп – мөлдір Бұлақ кездеседі.

Сол бұлақтан су ішеміз. Ол үшін:

1.Алға иілу 2. Аламыз. 3. Ішеміз 4. Рахат – ай.

2.Алма ағашы кездеседі. Сол ағаштан алманы алып жейміз.
1.Оң аяқ алға,сол аяқ өкшесі көтеріледі.2.Алу.3.Қырт етіп тістеу.4.Тәттісін- ай.
3. Раушан гүліне кездесеміз. Жұпар иісін иіскейміз.
1. Алға иілу. 2. Аламыз. 3. Иіскейміз. 4. Қажет емес ауаны сыртқа шығарасыз.

Бұлақ, алма, гүл туралы Алтынай қызымыз не айтады екен.

Алтынай:
Бұлақ – денсаулық,
Алма – рухани байлық,
Гүл – бақыт құсын сыйлайды.
Балалар мен сіздерге осылардың барлығын шын жүрегімен сыйлаймын. Осылардың барлығын біз қайдан аламыз.
Балалар: Табиғаттан.
-Дұрыс айтасыңдар.
Сондықтан біздер, әрдайым табиғатты қорғап, аялап, қастерлеп, көмектесіп жүруіміз керек.

10)Балалар, қазір сіздермен бірге «Аңшы мен бала» ертегісінен қысқаша көрініс көруге шақырамын.                                                                                                                         Аңшы мылтығын тазалап отырады. Қасына бір бала келіп мылтығына қарап, тамашалап тұрады. Сол кезде аңшы балаға:
– Аң аулауға шығамысың?- дейді
– Шығамын.
– Атқаныңды жығамысың?
– Жығамын.
– Мә, ендеше мылтығым, бар атып қайт құстарды тоғайдың. (Музыка ойнайды, бала мылтығын кезеніп, кезеніп құстарды атпай қайтып келеді.)
– Құсың қайда қарағым – ау?
– Атпадым.
– Таппадың ба, тоғайдан құс?
– Таппадым.
– Көп еді ғой, көлде құс?
– Көп екен.
– Енді неге атпадың?
– Құстарды мен атуға қимадым, туған жердің табиғатын сыйладым.
– Ой бәрекелді, жарайсын балам.
Балалар, ертегіні қорытыңдындылай келе, баланың істеген ісі жақсы ма, жаман ба? Қалай ойлайсыздар?
-Жақсы.
-Жарайсыңдар. Олай болса балалар,осы тақырыпқа байланысты сіздермен бірге ойын ойнаймыз.

11) Ойын: «Жақсылық-жамандық» деп аталады.
Ойынның шарты: Берген сұрақтарға жақсы-жаман деп тез-тез жауап беруіміз керек.

-Ағаш отырғызу…(жақсы)

-Құстарға жем шашу…(жақсы)

-Құстың ұясын бұзу…(жаман)

-Құстарға ұя салу.. (жақсы)

-Суды ластау… (жаман)

-Гүлдерді баптау… (жақсы)

-Ағаштарды кесу… (жаман)

Дұрыс айтыңдар. Өте жақсы балалар.
12) Балалар сіздер білесіңдер ма? Біздің табиғаттымыз, өздігінен пайда болған керемет дүние. Олай болса балалар, осы табиғат туралы, қоршаған орта туралы тақпағымызды айтып берейік.
Дурдана:                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                    Кешкілік пе, күндіз бе?
Өсіп тұрған гүлді үзбе.
Үзіп алсам мен бір гүл.
Не қалады сиқынан,
Қызыл – жасыл жердің бұл.                                                                                                                                                                                                                                                                                                                    

Көркем:
Табиғатты қорғау үшін бәріміз,
Күресейік, бір – бір ағаш егейік.
Текке отырмай, жасымыз бен кәріміз,
Таза ауа үшін терімізді төгейік.                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                 

Сания:
Сүйейік табиғатты аялайық,
Біз одан жақсылықты аямайық.
Анадай табиғаттың аясында,
Жадырап жас балаша дем алайық!                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                          Ильяс:
Бүршік жарып ағаштар,
Құстар ұя салады.
Сылдыраған бұлақтар,
Ағып бара жатады.

 

Фарангиз:
Бұтақтарды сындырмай,
Тазалықты сақтайық.
Гүл өсіріп, су құйып,
Табиғатты қорғайық.

 

Зухриддин:

Мен жерімді сүйемін,
Жеріме дән себемін.
Ауа таза болсын деп,
Жылда ағаш егемін.

Лимара:

Табиғат біздің анамыз,
Жер–Ана біздің панамыз.
Таза болса табиғат
Біз де аман боламыз.

Мубийна:

Гүлім, гүлім, өсе бер,
Әдемі боп, асыл боп.
Күндей жайнап кете бер,
Қызыл, сары, жасыл боп.

14) Табиғат туралы тыйым сөздерді білеміз, еске түсірейік:
Гүлді үзбе.
Көкті жұлма,
Суды төкпе.
Суға түкірме.
Ұяны бұзба.
Құмырсқаның илеуін бұзба.

14) Табиғат туралы қандай мақалдар білеміз:
«Табиғат – тіршілік аясы»,

«Табиғат – тал бесік»,
«Табиғат бізді қоршаған орта»
«Таза болса табиғат – аман болар адамзат»,
«Табиғатсыз адамдардың күні жоқ, оны айтуға табиғаттың тілі жоқ»

– Дұрыс айтасыңдар.

Әрине балалар, табиғатсыз адамдардың күні жоқ, оны айтуға табиғаттың тілі жоқ. Ал енді балалар, осы айтқанымызды орыс тілінде қайталайық.

Билингвальді компонент: Табиғат- природа, күз-осень, құстар- птицы, жануарлар-животные, су-вода, ағаш-дерево.

15) Ал енді балалар, сіздермен бірге, жайлаудың сыртқы көрінісін тамашалап қайтайық.

-Суретте не көріп тұрмыз?

-Тауларды, күнді, түйе, сиыр, жылқы, бұлтты, гүлдерді, киіз үйді, балаларды.

-Бір сөзбен айтқанда балалар, бұл суретті жайлау дейміз.

Олай болса балалар, суретке мұқият қарап алыңдар. Себебі, бүгінгі жасайтын жұмысымыздың тақырыбыда жайлауға байланысты.Ал енді суретте көрген жайлаудың әдемлігің, табиғаттың барлық сырын, мына жасыл түсті киіз бетіне түсіреміз. (Фетр ) Бірақ балалар, көргендеріміздің барлығын еске түсіріп, өз орындарына орналастыруды ұмытпаңдар. Ал енді жұмысымызды бастайық. Қане балалар, жұмысымызды аяқтаймыз. Міне балалар жасаған жұмысымызда дайын болды, келген қонақтарға көріну үшін тақтаға іліп қоямыз. Иә, өте әдемі, сұлу, керемет, тамаша жайлау пайда болды. Олай болса балалар, осы жасаған жұмысымызды бүгінгі тақырыпқа байланысты «Табиғат-Адамзатқа аманат!» деп қойсақ болады ма? Балалар, бүгінгі жасаған жұмысымыз өздеріне ұнады ма? Несімен ұнады? Табиғатқа қалай көмектесе аламыз?
16) Ойын: «Табиғатқа қалай көмектесе аламын?»
 Амина:  Ауа таза болу үшін не істеу керек? Ағаш, гүл егу
Абдулазим: Су мөлдір болу үшін не істеу керек? Ластамау
Вадим: Ағаштарға қалай көмектесе аламыз? Су құю, қопсыту
Хикматтула: Құстарға қалай көмектесеміз? Ұя жасап, наның ұнтағын беруіміз керек.
Рефлекциялық – түзетушілік:

17) Қорытындылау.Балалар, оқу қызметіне барлықтарың өте тамаша, жақсы қатысып отырдыңдар. Үлкен рахмет, сіздерге! Олай болса балалар, Табиғат–Анамызға өз ризашылығымызды білдірейік, жарайма!

Күн –         сәуле шашқаның үшін рахмет!
Аспан –     таза ауаң үшін рахмет!
Бұлт –       жаңбыр сепкенің үшін рахмет!
Ағаш –     көлеңкең үшін рахмет!
Табиғат – сұлулығың үшін рахмет!
Бүгінгі «Табиғат-Адамзатқа аманат!» атты тақырыбымызды қортыңдылап кетейік. Балалар, біз бүгін табиғаттың не екенін білдік. Оны аялаудың, қадірлеудің қамқорлыққа алудың қажеттігін түсіндік. Табиғат пен адамның тығыз байланыста болатының де білдік. Табиғат -Анамыздың берген тапсырмасына көптеген сұрақтарға жауап бердік, білмегенімізді үйрендік. Бір сөзбен айтқанда, «Табиғат-Адамзатқа аманат» екен. Осымен табиғаттың әдемлігіне, сұлулығына байланысты оқу қызметімізді аяқтаймыз. Келіп көргендеріңіз үшін көп-көп рахмет! Ал балалар, Табиғат – Анамыздың жіберген сыйлығын қабыл алыңыздар.

Күтілетін нәтиже:
Білімділік: Табиғат пен адамның үйлесімділігі туралы білімдерін кеңейту;
Дамытушылық: Табиғатқа деген қамқор қарым – қатынас дағдыларын дамыту;
Тәрбиелілік: Тазалыққа, ұжымдыққа баулу, ізгілікке тәрбиелеу.

 

 

 

 Болатбаева Зергул Муратбековна,
МКҚК «Күншуақ» бөбекжайы,
Сайрам ауданы,
Ақсукент ауылы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды. Required fields are marked *

*